Жұдырықтай жұмылған ғана қауіптің алдын алады
Атырау қаласында Жайық өзенінің тасқынына қарсы бөгет салу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Атырау қаласы әкімінің орынбасары Серік Нысанбаев мәлімдеп, барша тұрғынды волонтерлық жұмысқа атсалысуға шақырды.
–Ресейден Жайық өзеніне судың көптеп келуіне байланысты облыс және Атырау қаласының әкімдіктері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жайық жағалауларындағы бөгеттердің бұзылған тұстарын қалыпқа келтіріп, нығайту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 100 шақырым бөгет болса, соның 50 шақырымында жұмыс қарқын алды. Бұл жұмыстарға 15-ке жуық ірі құрылыс компаниясы таратылып, 200-ге жуық техника жұмылдырылды. Техника саны әлі де арттырылады. Сонымен қатар осы жұмысқа тұрғындардың да жұдырықтай жұмыла кіріскені жөн. Бөгет соғудағы ендігі жұмыстар тәулік бойы жалғасады, — деді С.Нысанбаев.
Айта кету керек, бүгінде Атырауда су тасқынынан келер қауіптің алдын алуда еріктілер тобы ұйымдастырылып жатыр.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ
Суретті түсірген Е.АЛТЫБАЕВ