Жасыл желек — жанға сая
Атырау қаласында күтімге алынған ағаштардың саны 28 433 данаға артып, тал-теректердің түрі 82-ге көбейген. Көгалдандыру жұмыстарын одан әрі арттырып, өңірді жасыл алқапқа айналдыру керек.
Бұл туралы Қазақстан халық партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Атырау қаласын абаттандыру және көгалдандыру мәселелері» тақырыбында өткен «дөңгелек үстелде» айтылды.
Басқосуда саяси ұйымның өңірлік өкілдігінің басшысы Балжан Досмұхамбетова күн тәртібіндегі мәселенің маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталды.
Жиында еліміздің мұнайлы астанасы аталған шаһарды көгалдандыру саласында жұмыс жасап жатқан құрылымдардың тәжірибесі туралы айтылды. Шешімін күткен мәселелер жан-жақты талқыланды.
Соңғы жылдары қаланы көгалдандырумен тұрақты шұғылданып келе жатқан кәсіпорындардың бірі — «Каспийдормостострой» ЖШС. Компанияның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жөніндегі жоба жетекшісі Леонид Задерныйдың айтуынша, осы шаруаны бастағалы бергі бес жылдың ішінде келісім-шарттарға сәйкес жоспарлы да жүйелі жұмыстар атқарылған. Осылайша, есепті мерзімде күтімге алынған ағаштардың саны 28 433 данаға артып, тал-теректердің түрі 82-ге көбейген. Бұдан бөлек, Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп жүргізілген жұмыстар оң нәтижесін беріп, ағаштардың өңірде өспейтін түрлерін табиғи-климаттық жағдайға бейімдеп, жерсіндіруге қолайлы жағдай жасалған.
Сонымен қатар, Атырау қаласы мен оның аумағын, іргелес орналасқан елді мекендердің маңын көгалдандырумен бірге орман жолағын қалыптастыру бағытындағы бағдарлы шаралар жалғасын тапқан. Бұл үрдіс те жоғарыда аталған «КДМС» серіктестігіне қоса, «ҚазТрансОйл» Батыс филиалы, ,,Каспийқұбырконсорциумы-Қазақстан» және «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС тәрізді компаниялардың өзіндік үлесі барын айтқанымыз ләзім. Осы ретте жүзеге асырылатын жұмыстар олардың әлеуметтік даму бағдарламаларына енгізіліп, атқарылатын жұмыстардың ауқымына қарай қаржыландырылып отырады.
«Жасыл-желек — жанға сая» десек, осылайша бұл саладағы тәжірибелерімен бөлісіп, жетістіктерімен ортақтасқан компаниялардың өкілдері кейбір туындаған проблемаларды да талқыға салды. Қордаланған мәселелердің оңтайлы шешімін тауып, түйінін тарқату жолдарын бірлесе ойластыруға, қоршаған ортаны табиғи қалпында қорғап, таза ауаны сақтауға белсенді атсалысуға шақырды. Мұны басқосуға қатысқан қоғам белсенділері де қолдады.
Дәулетқали АРУЕВ