Жарнама
Шаһар шырайы

Жарықсыз қалған жарты көше

Қаланың келбетін қалыптастырып, жақсарта түсетін бірден-бір дүние – көшелерді түнгі жарықтандыру шамдары. Кез келген елді мекеннің шырайын келтіріп, ажарын айшықтап тұратын көше жарығының көлік тізгіндеген жүргізушіге де, жаяу жүргіншіге пайдасы мол. Облыс орталығында бұрынғымен салыстырғанда бұған қатысты жұмыс әжептәуір жақсы болса да, тұрғындар тарапынан ренішті пікірлер азаяр емес.

Бүгінде Атырау қаласындағы көшелерді жарықтандыру жұмысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы негізінде жасалады. Жасақталған келісім-шарттың мерзіміне байланысты жүзеге асып жатқан жұмыстың қазір VI кезеңі аяқталғанын қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінен сұрап білдік. Бюджеттен қаржы бөлуге берілген сұраныс мақұлданса биыл жетінші кезеңнің жұмысы басталып, қаладағы басқа да көшелерді қамту көзделіпті.

Рас, бүгінде бірнеше елді мекенде жарықтандыру жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен, тұрғындар кейбір көшелерге көше жарығын жүргізу кідіріп қалғанына наразы. Бұған жауап берген қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Олжас Хасанов мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша келісім-шарттың мерзіміне сәйкес жұмыстар жоспарланғанын айтты. «Әзірге жұмыс мерзімінен кешіккен жоқ, бола қалса сын-ескертпелер дер кезінде қалпына келтіріледі»,-деді ол.

Жергілікті атқарушы органдардың алдына қойылған мәселенің әлі күнге дейін шешімі табылмауы қала тұрғындарының орынды наразылығын туғызып отыр. Соның кесірінен жолданған арыз-шағым саны көбеймесе, азаяр емес. Мысалы, Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Талғайраң ауылындағы Тәжі Сәуіров көшесінің №2 үйінде тұратын Асхат Нұрғазин бірнеше жылдан бері көше жарығына қатысты сұрағына тұшымды жауап ала алмай отырғанын айтып шағымданды. Оның айтуынша, көше жарығы көшенің бір бөлігіне жүргізілмеген.

– Көшенің біз тұратын бұл бөлігі үнемі назардан тыс қалып қояды. Мысалы, 2006-2007 жылдары ауыз су құбыры жүргізілген кезде де қалдырып кетті. Тұрғындар болып жиналып, өз есебімізден су құбырын жүргізуге мәжбүр болдық. 2017-2018 жылдары асфальт төсегенде де осы көшенің бір бөлігін жасаған жоқ. Сосын ауылдық округ әкімдігі мен «Атырауинжстрой» компаниясының кеңсесіне шағымданып барғаннан кейін ғана асфальт төселді. Енді көшені жарықтандыру мәселесінде тағы солай!.. — деп ашынды Асхат.

Талғайраңдағы Т.Сәуіров көшесінің бір бөлігіне бірнеше жыл бұрын көше жарығы жүргізілген. Сол кезде тағы да назардан тыс қалған жарты көшедегі мектеп оқушылары үшін таңертең және кешкі мезгілде көшеде жүру қауіпті. Ауыл шетіндегі үйлердің тұрғындары балалары үйге жеткенше мазасы кетеді, өйткені қаңғыбас иттер бала түгілі ересектерге де қауіп төндіріп тұр. Сондықтан күн қысқарғанда ата-аналар балаларын көшенің жарығы бар бөлігіне дейін жетектеп апаруға мәжбүр. Оның үстіне бейуақытта бейтаныс адамдардың көшеде жүруі де қауіпті үдете түскен.

Бұған қатысты қалалық әкімдікке хабарласқан тұрғындар жауапты органның жауабына қанағаттанбайды. Жай-жапсарын сұрап хабарласқан бізге округ әкімі Шапхат Қалиев жарық жүргізілмеген көшелер VII кезеңде толық жарықтандырылатынын айтып сендірді.

– Ауылдық округ бойынша жарық шамы орнатылуы тиіс көшенің ұзындығы – 36 шақырым. Оның ішінде Талғайраңдағы аталған көшелер де бар. Бүгінде округ бойынша көшелерді жарықтандыру 90 пайызға орындалды, биыл толық аяқталуы тиіс. Қазір «Талғайраң-2» ауылында көше жарығы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстың мердігері – «Батыс транзит» ЖШС, — деді Шапхат Қарашұлы.

Округ әкімінің сөзін қалалық бөлімнің мамандары да қуаттады. Егер қаржы бөлініп, жұмыс жалғасса, тек Қайыршақты ауылдық округі емес, қала ішіндегі басты көшелер мен оған бағынышты ауылдардың негізгі көшелері самаладай жарқырап тұратын көрінеді.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button