Жарнама
Шаһар шырайы

ЖАҢА ФИТНЕС-КЛУБ – ЖАҚСЫЛЫҚ БАСТАУЫ

Төрт қабатты, заман талабына лайықталып бой көтерген сауықтыру нысанын салу үшін «Стройсервис» ЖШС-не небары жыл жарым уақыт қажет болған.

Аталмыш фитнес-клубтың маркетологы Диана Жасымбетованың айтуынша, мұнда соңғы разрядқа сай барлық жағдай жасалған және 14 жастан бастап балалар мен ересектердің жаттығуына толық мүмкіндік бар.

Жұмыс күндері клуб сағат 7.00-ден бастап ашылып, түнгі 00.00 уақытқа дейін жұмыс жасайды. Ал, демалыс күндері сағат 9.00-ден бастап қызмет көрсетеді.

Фитнес-клубтың ашылуына қатысқан қала әкімі Нұрлыбек Ожаев шаһар тұрғындарын құттықтап, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын айтып өтті. Сонымен қатар, құрметті қонақтар қатарында қаланың бұрынғы басшылары Жалғас Тікенбаев, Нұрпейіс Мақашев, Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиев және тағы басқалар болды.

Лента қиылған соң қонақтар жаңа нысанды аралап, танысты. Фитнес-клуб директоры Ольга Ларина экскурсия жүргізіп, әр қабаттың ерекшелігіне тоқталды. Бассейн, сауна, жаттығу алаңдары, кафе, тренажер залы және тағы басқалары қала басшылары көңілінен шықты.

Бұдан басқа, Қала күніне орай №1 балалар және спорт мектебінде еркін күрестен жарыс өтсе, №3 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде былғары қолғап шеберлері екі күн бойы сынға түсті.

Сонымен қатар, байдарка мен каноэда ескек есуден қалалық турнир ұйымдастырылды. Жасөспірімдер арасындағы жарыс бағдарламасында 200, 500, 1000, 2000 метр қашықтықтар қамтылды.

Ал, жеңіл атлетика додасы облыс әкімдігі ғимараты маңынан басталып Жайық жағалауы бойымен жалғасты. Жарысқа жасы 18-ден жоғары  ерлер мен әйелдер қатысты.

Исатай-Махамбет орталық алаңында да стритбол, қазақша күрес, армрестлинг жарыстары қызықты өтіп, мықтыларды анықтаса, логикалық ойлау қабілеті терең атыраулықтар шахмат ойынынан бақтарын сынады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ. 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button