Жарнама
Шаһар шырайыҚоғам

Цифрлық қызметтің тиімділігі неде?

Жылжымайтын мүлікті тіркеу, электронды үй кітапшалары және тағы да басқа мемлекеттік қызметтердің барлығы дерлік «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілді. Енді кейбір қажетті құжаттарды бірнеше мекемеге бармай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады. Тіпті, сандық жүйеге толықтай көшу үшін алдымен цифрлық қолтаңба керек. Аймақта бұл бағытта нендей шаралар қабылдануда? Фронт-кеңселерден қандай қызмет түрін ала аламыз? Көкейдегі көп сауалға жауап таппақ мақсатта «Атырау» газеті «қауырт желі» өткізген болатын. Оқырмандар сұрақтарына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Атырау облысы бойынша филиалының директоры Мұса ХАЙРУЛЛИЕВ жауап берді.

????????????????????????????????????

Сұрақ:

– Бұрын көк түсті үй кітапшалары бар еді. Қазір ол жарамсыз болып қалды. Енді оның орнын электронды кітапшалар алмастырады деп естігенмін. Сонда пәтерге адам тіркелгенін қайдан біле аламыз? Тағы бір сауалым, жеке бас куәлігіне қатысты. Оны мерзімінен бұрын ауыстырға бола ма?

Ахмет  МАХМЕТКЕРЕЕВ.

Жауап:

– Айтуыңыз орынды. Бүгінде үй кітапшалары электронды форматқа ауыстырылуда. Ал, пәтерге қосымша тұрғын тіркеу үшін кез келген халыққа қызмет көрсету орталығына баруыңызға болады. Тіпті, үйге кімдер тіркелгені жөнінде электронды түрде ақпарат ала аласыз.

Әрине, қалаған уақытыңызда қолдану мерзімі өтпесе де жеке бас куәлігін алмастыра беруге болады. Ол үшін банк комиссиясымен қоса 400 теңгеге жуық төлемақысын төлеп, құжатты ауыстыруға өтініш тапсырасыз.

Сұрақ:

– Махамбет ауданының тұрғынымын. Қалаға тіркелу үшін не істеу керек?

Шынар ШОҚАН.

Жауап:

– Ол үшін алдымен қалаға келіп, тіркелетін үйдің иесімен бірге құжаттарын әкеліп, орталыққа жолығасыз. Бұл қызмет түрі – тегін. Бірақ, үй иесінің келісімі міндетті түрде қажет. Сондай-ақ, ауылдан тіркеуден шығудың қажеті жоқ. Құжаттарыңызды көрсеткеніңіздің өзі жеткілікті.

Жалпы, тіркеудің екі түрі бар: тұрақты немесе уақытша. Яғни, өз өтінішіңіз бойынша тұрақты тіркеуге тұруға болады. Сонымен қатар, бұл қызметті электронды портал арқылы жүзеге асыра аласыз. Оған үй иесінің, тіркелетін тұрғынның электрондық-сандық қолтаңбасы болуы шарт. Электронды үкімет арқылы екі жақ қол қойып, тіркеледі. Қазір бұрынғы жүйе секілді алдымен біреуінен шыққандығы жөнінде анықтама әкелу жоқ. Барлығы автоматты түрде. Тек тіркеуден шыққан жағдайда 10 күннің ішінде қайтып «отыру» керек. Әйтпесе, айыппұл төлейсіз.

Сұрақ:

– Биыл «анықтамасыз қызмет» сервисі іске қосылды деп естіп едім. Жаңа пилоттық жобаға сәйкес SMS-хабарлама арқылы қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда үшінші тұлғаларға ақпараттық анықтамалар ұсынуға мүмкіндік бар екен. Бұл сервисті қалай қолдана аламын?

Әйгерім ЖӘНІБЕКҚЫЗЫ.

Жауап:

– Иә, ақпан айында «анықтамасыз қызмет» – «Paper free» сервисі іске қосылды. Оны қолдану үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу қажет. «Анықтамасыз қызмет» механизміне сәйкес электрондық үкімет порталында авторизациядан өтуі тиіс.

Сосын «Үшінші тұлғалардың анықтама алу сервисі» бөлімін таңдап, қай азамат туралы мәлімет алғысы келеді, соның жеке сәйкестендіру нөмірін жазуы тиіс. Егер азамат мобильді азаматтар базасында тіркелген болса, мүдделі тұлға анықтама түрін таңдап, өзінің электрондық-цифрлық қолтаңбасымен қол қояды. Сол сәтте портал автоматты түрде азаматқа SMS-хабарлама жолдап, үшінші тұлғаға мәлімет беру немесе бермеу жөнінде шешім қабылдауды сұрайды. Азамат екі сағаттың ішінде жауап беруі тиіс.

Сұрақ:

– Қазір сауданы қолма-қол ақшасыз жүргізіп, төлемдерді онлайн түрде төлеуге болады. Ал, касса алдында кезекте тұрмас үшін  мемлекеттік қызметке қалай төлем жасай аламын?

Аяулым СЕРІК.

Жауап:

– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «SmartPay» провайдерімен бірге пилоттық тәртіпте fastpay.kz онлайн-сервисін іске қосты. Енді қолма-қол ақшасыз есептесуді қалайтын азаматтар кең таралған 37 мемлекеттік қызметтің ақысын тек қана банк карталары арқылы ғана емес, «WebMoney», «Qiwi» және «WalletOne»  электрондық әмияндары арқылы да төлей алады.

Сондай-ақ fastpay.kz онлайн-сервисінің көмегімен көлік, жер және мүлік салығын, әкімшілік айыппұлдар мен жол ережесіне қатысты айыппұлдарды төлеуге болады. Алдағы уақытта бұл тізім толыға түседі.

Жаңа сервис – мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттырып, халыққа қызмет көрсету саласын цифровизациялауға жасалған кезекті қадам. Енді осы сервис іске қосылғандықтан, қызмет алушылар кассаға кезекке тұрмай-ақ, интернет желісі қосылған смартфон немесе басқа да гаджетпен  www.fastpay.kz сайтына кіріп, тиесілі мемлекеттік қызметке шұғыл түрде төлем жасай алады. Төлем жасалған соң азаматтың электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті мен электрондық поштасына электрондық чек бекітілген хабарлама келіп түседі.

Сұрақ:

– Биылдан бастап бала туған ата-аналарға мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен көрсету жобасын жүзеге асыра бастағанын білеміз. Бұл қаншалықты тиімділігін көрсетіп үлгерді?

Рая ИМАНҒАЛИЕВА.

Жауап:

– Бұл жоба іске қосылғаннан бері SMS-хабарлама арқылы он мыңға жуық әйелге SMS-хабарлама арқылы құттықтау келіп, сәбиді тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтерді проактивті принциппен алу ұсынысы жасалды. Осы орайда, электрондық үкімет порталы барлық мәліметтерді түрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен жинап, ал, өзге деректерді SMS-хабарлама арқылы ата-анадан сұрайды.

Сондай-ақ, телефон арқылы шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды рәсімдеуге және балабақшаға кезекке қоюға болады. Ал, халыққа қызмет көрсету орталығына  баланың куәлігін алып кету үшін ғана келіп немесе үйге жеткізу қызметін пайдалануға болады.

Айта кетейік, алдағы уақытта әлеуметтік қамсыздандыру және зейнетақы саласына қатысты қызметтер де проактивті принциппен ұсынылатын болады. Тек мемлекеттік қызметтерге осы тәсілмен қол жеткізу үшін азаматтар жеке сәйкестендіру нөмірін порталдағы жеке кабинетінде көрсетілген телефон нөміріне бекітуі тиіс.

Сұрақ:

– Менің қояйын деген сауалым, электрондық-сандық қолтаңбаға қатысты. Біз оны алғаннан кейін үйдегі компьютерге арнайы бағдарламаны қондырған едік. Бірақ, қажетті анықтаманы алайын десек ұзақ уақыт күтуге тура келеді. Оның есесіне, сол құжатты халыққа қызмет көрсету орталығынан бір-ақ минутта алуға болады. Сонда электрондық-цифрлық қолтаңба не үшін керек деген сауал туындайды? Екінші сұрағым оны қолдану мерзіміне байланысты. Естуімше, бұрын электрондық-цифрлық қолтаңбаны пайдалану мерзімі бір жыл болса, енді ол үш  жылға дейін ұзартылыпты. Оны қалай жалғастыра аламын?

Мұрат ХАМИТҰЛЫ.

Жауап:

– Байқағанымдай, электронды үкімет порталының белсенді қолданушысы екенсіз. Жалпы, қандай компьютер немесе бағдарлама қолданып отырғанын көрмегеннен кейін нақты себебін айту қиын. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында электрондық-сандық қолтаңба беру жүйесінде толықтай ақпараттық қауіпсіздік мәселесі қаралған. Сондықтан мұны да дұрыс түсіну керек. Демек, сіздің де қолтаңбаңызды өзге біреу пайдаланып кетпес үшін бірнеше бағдарламалар арқылы тексерістен өткізіледі. Бұл бағдарламаларды бір қондырып алсаңыз жеткілікті.

Ал, электрондық-сандық қолтаңбаны қолдану мерзімі бір жылдан үш жылға созылғаны рас. Пайдалану уақыты әлі болса, үйде отырып, жеке кабинет арқылы «ұзартамын» деген тетікшені басыңыз. Сонда жаңа мерзіммен пайдалана аласыз. Немесе порталды ашып қойып, 1414 нөміріне телефон шалу арқылы барлық сауалыңызға жауап аласыз. Қосымша сұрақтар туындаса, қалалық №3 халыққа қызмет көрсету орталығына келуіңізге болады. Сол жерде қарап тексеріп береміз, көмектесеміз.

Сұрақ:

– Жеке кәсіпкермін. Бизнес иелеріне арналған «бір өтініш» қағидасы іске қосылғанын естігенмін. Бұл сервис арқылы қандай көмек ала аламын?

Зере  ӘДІЛ.

Жауап:

– Иә, бизнесті www.egov.kz арқылы жылдам әрі оңай ашуға мүмкіндік туды. Электрондық үкімет порталында кәсіпкерлердің игілігі үшін «Банктік шот ашуды және қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезінде жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыруды ескере отырып, заңды тұлғаны тіркеу» композиттік қызметі іске қосылды. Енді жеке ісін ашқысы келетін азаматтар үш қызметті бірден ала алады. Яғни, заңды тұлғаны тіркеу, банктік шот ашу және сақтандыру туралы келісім-шарт жасау. Бұл – мемлекеттік қызмет көрсету барысында «бір өтініш» қағидатын қолданудың үлгісі.

Осы уақытқа дейін азамат заңды тұлғаны тіркегеннен кейін банктік шот ашып, қосымша құн салығы бойынша есепке қою үшін салық органына, содан соң сақтандыру компаниясына баруы тиіс еді. Ал, осы бірнеше қызметті біріктірген композиттік қызмет Қазақстанда бизнес ашу үрдісін айтарлықтай жеңілдетті. Екі күннің ішінде (өтініш берген күнді есептемегенде) заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуге алынғаны туралы куәлікті, банктік шот нөмірін және қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтау туралы қол қойылған келісім-шартты алуға болады.

Заңды тұлғаны электрондық тәсілмен тіркеу кезінде әзірше төрт коммерциялық банктен шот ашып, үш сақтандыру компаниясымен шарт жасасуға болады. Жуырда бұл тізім тағы тоғыз банк және төрт сақтандыру компаниясымен толығады.

Бұл композиттік қызметті қолдану үшін құрылтайшылардың электрондық-цифрлық қолтаңбасы болып, порталда тіркеуден өтуі тиіс.

Сұрақ:

– eGov.kz мобильдік қосымшасын қалай жүктеймін?

Айкөркем ХАЙРУЛЛИНА.

Жауап:

– Мобильдік үкіметке тіркелу үшін eGov.kz немесе халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлеріне жүгіну керек. Оның басты тиімділігі – электрондық-цифрлық қолтаңбасыз қажетті анықтамалардың кез келгенін біржолғы SMS-хабарлама арқылы жедел алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ұялы телефонның қосалқы eGov бағдарламасы арқылы әлемнің кез келген жерінен 50-ден астам қызмет түріне қол жеткізуге болады. Атап айтқанда, мекен-жай анықтамасын, жылжымайтын мүліктің бар-жоқтығы, соттылығы туралы анықтама, айыппұл, салық төлемдерін жүргізуге болады. Жыл басынан бері 94493 адам мобильдік үкіметке тіркелген.

Сұрақ:

– Электронды үкімет қызметін қалай пайдаланамын? Кеңес Үкіметі кезінде туу туралы куәлікте тегіміз бен есіміміз, әкеміздің аты орыс тілінде жазылып кеткен. Өткен жылы соны өзгерткім келгенде кейбір мамандар бұл процестің ұзақ уақыт алатынын, тіпті бір жылға созылатынын айтқан еді. Осының анық-қанығын білгім келеді.

Арман БОЛАТОВ.

Жауап:

– www.egov.kz порталына кіріп, өзіңізге қажетті қызметті таңдайсыз. Әр тетіктерін басып, әрі қарай өте бересіз. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сай 741 мемлекеттік қызмет тіркелсе, оның 604-і корпорация арқылы көрсетіледі. Ал, 462 қызмет электронды үкімет порталы арқылы, 305 қызмет халыққа қызмет көрсету орталығының ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі арқылы көрсетіледі.

Жалпы, электронды үкімет пайдаланудың үш-төрт тәсілі бар. Соның ішінде ең қауіпсізі – электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы. Сонымен қатар, анықтамалар алуға үшінші азаматтарға SMS-хабарламаның көмегімен, «мобильдік үкімет» қосымшасымен, телеграм каналымен, бір реттік парольмен қолдануға болады. Айталық, мемлекеттік қызмет түрін алғыңыз келеді, бірақ, электрондық-сандық қолтаңбаңыз болмаған жағдайда «бір реттік пароль» жүйесін таңдап, ұялы телефон нөмірін енгізесіз. Кейін SMS-хабарламамен келген мәліметті тересіз. Сол арқылы қажетті қызметті  ала аласыз.

Ал, қазір аты-жөніңізді ауыстыру үшін көп уақыттың керегі жоқ. Тек құжаттарды мерзімінде тапсырсаңыз болғаны. Жалпы, есіміңізде бір әріпті жаңартудың өзі аты, тегі, әкесінің атын өзгерту болып табылады. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш бересіз. Туған қалаңызда тұрып, құжатты сол жерден алсаңыз тіптен жақсы. Өтініш бойынша мұрағаттағы мәліметтерді өзгертіп, жаңадан туу туралы куәлік береді. Сол құжат бойынша жеке куәлік аласыз. Әрине, басқа облыстан болса, кішкене күтуге тура келеді. Негізі, қазірде кейбір құжаттарды алу мерзімі қысқарып, алу тәртібі бірталай жеңілдетілді.

Сұрақ:

– Электрондық үкімет порталында тұрғылықты жері бойынша онлайн тіркелу рәсімі өзгерді. Ол қалай жасалады?

Бисұлтан АСЛАНҰЛЫ.

Жауап: 

– Рас, бұрын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияның фронт-офисіне келіп, жеке куәлік чипына тіркеу туралы деректер жазбасын енгізу үшін көші-қон қызметкеріне жүгіну қажет еді. Ал, биылғы наурыз айынан бастап портал арқылы тұрғылықты жері бойынша тіркелу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Енді жылжымайтын мүлік иесі және тіркелетін азамат egov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін, тіркелетін азамат өтініш беріп, меншік иесі өзінің электрондық-цифрлық қолтаңбасымен растауы тиіс.

Өтініш берілгеннен кейін  деректер шамамен 10 минуттай өңделеді, содан кейін тіркелген мекен-жай бойынша  анықтама  алуға  тапсырыс беруге болады. Бұл қызметке электрондық-цифрлық қолтаңбасы бар кез келген азамат Қазақстанның барлық аймағында қол жеткізе алады.

Сұрақ:

– Туу туралы куәлікке телеграм-бот арқылы қалай тапсырыс беруге болады?

Наргиз НҰРБОЛАТ.

Жауап:  

– «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы іске қосқан бот арқылы бұған дейін 13 мемлекеттік қызмет пен сервис, соның ішінде 7 кең таралған анықтама, әлеуметтік мәртебені тексеру мен базалық зейнетақы төлемінің көлемі туралы ақпарат алу, емханаға тіркелу, дәрігерге жазылу және дәрігерді үйге шақырту, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығында кезекті брондау қызметтері қолжетімді болған.

Енді бот арқылы өзіңізге жақын жерде орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығы туралы біліп, бала тууға байланысты проактивті қызметтерді алу мүмкіндігі туды. Басқаша айтқанда,  туу туралы куәлікке тапсырыс беру, бала туу бойынша жәрдемақыларды рәсімдеу және сәбиді балабақшаға кезекке қою тіпті жеңілдей түсті.

Мемлекеттік қызметтерді телеграм-бот арқылы алу үшін «Мобильді азаматтар базасына» тіркелу қажет, яғни eGov.kz порталындағы жеке кабинетте телефон нөміріңізді ЖСН-ге бекітіп, өз гаджетіңіздегі Telegram мессенджерінде ботты іске қосу керек. Сосын алдын-ала белгіленген командаларды жолдап, SMS-кодпен растау арқылы анықтамалар мен сервистер туралы ақпаратты сұрата аласыз. Сондай-ақ барлық ақпаратты қолданушының электрондық поштасына жолдау мүмкіндігі де қарастырылған. eGov.kz порталының биыл іске қосылған телеграм-боты арқылы қазақстандықтар шамамен 14 мыңдай мемлекеттік қызмет алды.

Сұрақ:

– Кезегім бойынша Махамбет ауданынан жер алып, оны сыйға тартқан едім. Енді қаладағы жер алуға кезегім келгенімен, мамандар учаскенің екінші мәрте берілмейтінін айтты. Бұл заңды ма?

Демеуғали.

Жауап: 

– Дұрысында, бұл сауал жер қатынастары бөліміне қойылуы тиіс. Бірақ, заң аясында жауап берсем, сіз бұған дейін ауданнан жер елімін алып, оны пайдаландыңыз. Кейін оны сыйға тарттыңыз. Еліміздегі қолданыстағы заңдылық  бойынша бір жер учаскесін тегін аласыз, қосымша тағы жер алғыңыз келсе оған ақылы түрде ғана қол жеткізесіз. Сондықтан қалалық жер қатынастары бөліміне  баруыңыз қажет.

Сұрақ:

– Жер кезегін қайдан білуге болады? Бір кездері оны халыққа қызмет көрсету орталығынан қарайтынбыз. Қазір барлығы өзгеріп кетіпті. Сосын, жалпы бұл жүйеде бірізділік пен жұртшылыққа жаңа қызметтерді кеңірек насихаттау керек сияқты. Мысалы, балаларым немерелерімді балабақшаға тіркегеннен кейін кезегін біле алмай, біраз сергелдеңге түсті. Олар балабақшаға жолдама алу, кезегін білу, тіркеу секілді қызметтерді алатын сайттың өзгеріп кеткенін естімеген екен.

Айман  БАҚЫТ.

Жауап: 

– Жер кезегін қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінен біле аласыз. Ал, балабақшаға тіркеу, кезегін білу, жолдама алудың сайты қыркүйектен бастап өзгерді. Алайда, бұрын қалалық білім бөліміне тіркелген немесе халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тіркелгендер тізімі сол күйінде жаңа сайтқа қайта енгізілді. Сондықтан, тізімнен шығып қалу мүмкін емес. Оның үстіне, бүгінгі таңда енді жер кезегіне тұру, оны біліп отыру секілді қызметтерді геопортал арқылы іске асыру жоспарланып отыр.

Жазып алған: Айбөпе САБЫРОВА.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button