“Таза Қазақстан”: Атырауда санитарлық тазалық жұмыстары күшейтілді
Атырау қаласының санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында тазалық жұмыстары қарқын алды. Осыған орай қала әкімінің төрағалығымен санитарлық тазалыққа арналған аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға санитарлық аймақтарға жауапты бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, “АрнаулыАвтоБаза” ЖШС өкілдері және жергілікті полиция қызметкерлері қатысты.
Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мәжілісте әр аймақтың мамандары атқарылған жұмыстардың нәтижелерін фотослайд арқылы таныстырды. Сонымен қатар, тазалық талаптарын бұзған тұрғындарға толтырылған хаттамалар жайлы есеп берілді. Қала әкімі Шәкір Кейкин учаскелік полиция қызметкерлерінің белсенділігін арттыру керектігін атап өтіп, барлық мекемені бірлесіп, үйлесімді әрекет етуге шақырды.
-“Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында қолға алынған бұл шара тек қала тазалығын сақтаумен шектелмей, қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған. Қала тұрғындары тазалықты сақтап, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға тиіс. Тазалық – бір күндік емес, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі. Әр тұрғын қаланың көркеюіне үлес қосуы керек, — деді Ш.Кейкин.
Атырау қаласының көшелері мен қоғамдық орындарын таза ұстау үшін жұмыла кіріскен бұл бастама қала тұрғындарының қолдауын күтеді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ