Саяжайлықтардың мәселесі шешіледі

screenshot 14 2 Шаһар шырайы

АТЫРАУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ САЯЖАЙ ТҰРҒЫНДАРЫН ТОЛҒАНДЫРҒАН МӘСЕЛЕ КӨП. БҮГІНДЕ ҚАЛАДАҒЫ 40-ТАН АСТАМ САЯЖАЙ АЛАБЫНДА 20 МЫҢНАН АСТАМ ХАЛЫҚ ТҰРАДЫ.

КЕЙБІР САЯЖАЙ ТҰРҒЫНДАРЫ ӨЗДЕРІ ТҰРАТЫН АУМАҚТЫҢ МӘРТЕБЕСІНІҢ ӨЗГЕРІП, ЗАҢДЫ ТҮРДЕ ТҰРҒЫН ҮЙ АЛАБЫ РЕТІНДЕ ҚАЙТАДАН РӘСІМДЕЛУІН БІРНЕШЕ ЖЫЛДАН БЕРІ МӘСЕЛЕ ЕТІП КӨТЕРІП КЕЛЕДІ. БҰҒАН СЕБЕП ТЕ ЖОҚ ЕМЕС. КЕЗІНДЕ ЖАРЫҚ, ГАЗ, СУ ТАРТУҒА РҰҚСАТ БЕРІЛГЕН САЯЖАЙ АЛАПТАРЫНЫҢ ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҒДАЙЫ МӘЗ ЕМЕС. ЕРТЕРЕКТЕ ТАРТЫЛҒАН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРМАҒАН. АЛ, БҰЛ АУА РАЙЫНЫҢ ҚОЛАЙСЫЗ, ӘСІРЕСЕ ҚАТТЫ ЖЕЛ СОҚҚАН КЕЗІНДЕ ЭЛЕКТР ЖҮЙЕЛЕРІНЕ КЕРІ ӘСЕР ЕТІП, АПАТТЫ ЖАҒДАЙЛАРҒА ДУШАР ЕТЕДІ. ӘСІРЕСЕ ҚЫС МЕЗГІЛІНДЕ ЖАРЫҚТЫҢ СӨНІП ҚАЛУЫ ДА ЖИІЛЕЙДІ.

«ЖОБА БҰРЫНҒЫ ЖОБАДАН ӨЗГЕРЕК»

Атырау қаласының əкімі Мейірім Қалауи Геолог шағынауданына қарасты саяжай қоғамдастығы өкілдерімен кездесуде аталған мəселелермен таныс екенін, келешекте егжей-тегжейлі жоспарлау барысында тұрғындар көтерген мəселелер қамтылатынын айтты.

– Бұл жерлерде қанша халық тұруы керек, қанша тұрғын үй салынуы керек, балабақша мен мектебі қалай болуы керек, жолдары қалай төселуі керек, осы секілді мəселелер қаралды. Оны есептеу үшін былтыр бюджеттен қаражат бөліп, қала құрылысын жобалау жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені анықтадық. Одан бөлек, жолдарды жобалаушы мекеме де анықталды. Біздің мақсатымыз – егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын бекітіп, екінші жартыжылдықта жұмыстарды бастау. «Беймахис» саяжайына жолдарды тегістеуді былтыр бастағанымызбен əзірге тоқтап тұр. Биыл жаз айында аяқталмақ. Əуелі жол салып, сосын инфрақұрылым жүргізуді бастаймыз. Əйтпесе, балшық кезінде жолдың жоқтығы қандай қолайсыздық туғызатынын көріп жүрміз. Əрине, барлығына уақыт, жүйелі жұмыс керек. Осы тұрғыда тұрғындар тарапынан да қолдау болғанын қалаймыз. Нақты жобалау жоспары кезінде кейбір көшелердің тар екенін көріп отырмыз. Сондықтан, көшедегі кейбір үйлердің белгілі бір көлемі мемлекет қажеттілігіне алынады. Оның орындалу тəртібі бар. Тұрғындарға өтемақысы төленеді. Тиісінше, көшедегі тұрғын үйлердің жер аумағы қысқарады. Тұрғындардың келіспейтін тұстары болса, оны да ескереміз. Шешім қабылдағаннан кейін тұрғындар келіспей жатса, жиналыс хаттамасын негізге алатын боламыз, – деді Мейірім Жоламанұлы.

Шаһар басшысы саяжайды егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына енгізу арқылы мемлекет есебінен қолдау көрсетілетінін айтты. Өйткені, тұрғындар бірнеше рет шағым айтып келгенімен, оларды жүзеге асыруға қолбайлау болатын заңдылықтар бар екен.

screenshot 13 2

АСФАЛЬТТЫҢ ЕНІ – 6 МЕТР

Жиында с өз алған қала құрылысын жобалау жұмыстарына жауапты «АТС Град» ЖШС-нің өкілі Қасиет Бақытбекұлы Геолог шағынауданындағы саяжайдың жоспарлау жобасымен таныстырды. Оның айтуынша, саяжай көшелері өте тар, ені 10 метрге жетер-жетпес.

– Бұл аумақта 698 тұрғын үй бар. Оның су, электр энергиясы жүйелері тұтынушылардың қажеттілігін өтей алмай отыр. Ең алдымен көше жолдарының жобасы жасалды. Қаланың бас жоспары бойынша шағынаудан ішінен негізгі басты жол өтеді. Сондықтан жолға екі түрлі нұсқа жасадық. Бірінші нұсқа бойынша батыс бөлікке бұрдық, екінші нұсқа бойынша орталық жолға түзету енгіздік. Басты жолдан бөлек, ішкі жолдардың да тарлық ететіні бар. Ереже бойынша асфальт жолдың ені 6 метр болады. Өйткені, өрт сөндіру кезінде көлікке кедергі келтірмей өтетін тұйық жолдар болмауы керек. Тұйық жолдар болғанның өзінде 15 метр бұрылыс радиусы болуы талап етіледі. Су жүйесі жолдан 2 метр, электр жүйесі 1 метр алшақ аумақта орналасу керек. Мұның бəрін есептейтін болсақ, кем дегенде жолдың ені 15 метр болуы шарт. Сондай-ақ, жоғары кернеулі электр желілері үйлердің үстімен өтіп жатыр. Ол жерлердің дəліздерін ашу керек, – деді мердігер компания өкілі.

Сонымен қатар, жоба бойынша Геолог шағынауданынан 280 орындық балабақша салу да жоспарланып отыр екен. Өйткені, мұнда балабақша тапшы. Сондай-ақ, дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен ботаникалық бақ салу да межеленген. Ол үшін жер телімі алынып, жобалау жұмыстары басталады. Жиында «Құрылыс», «Беймахис» қоғамдастықтарының өкілдері өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, жобаға енетін мəселелерге қатысты пікірлерін айтты. Ал, шағынаудан тұрғындары мектеп, мəдениет үйі, жедел жəрдем стансасы секілді əлеуметтік нысандардың тапшылық ететінін айтып, интернет желісінің де күрделі мəселеге айналғанын жасырған жоқ.

Жиын соңында қала əкімі Мейірім Қалауи тұрғындарды толғандырған өзге де сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, саяжай тұрғындарының белсенділігін жоғары бағалап, жеке тұрғын үй алабы ретінде рəсімделгендіктен саяжай қоғамының жұмыстарын тоқтатпай, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз