Қытымыр қысқа дайынбыз ба?
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары жазда жаңбыр жауса да, қыста қар жауса да қала көшелеріндегі кілкіген судан аяқ алып жүру мүмкін емес. Бұл жағдай автокөлік қозғалысына да айтарлықтай кесірін тигізіп тұр. Оны құзырлы органдар «пәлен жыл болмаған жауын-шашын мөлшері түсті» деп бүркемелегісі келеді. Алайда, қашан да өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Өйткені, сонау 2000-жылдары да жаңбыр мен қар жауды, тіпті ол кезде қазіргіден көп мөлшерде жауатын. Бірақ күні-түні тынымсыз жұмыс істейтін коммуналдық сала құрылымдары көшені тазалап тұрушы еді. Ал, қазір ше?..
Оның үстіне еріген судың жер астымен ағып кетуіне арналған дренаж жүйесінің болмауы да қаладағы проблеманы ушықтырып отыр. Осындай қиындықтармен күн сайын бетпе-бет келіп жүрген мекемелердің бірі – «Спецавтобаза» ЖШС.
Серіктестіктің қысқа дайындығын пысықтауға арналған жиында мекеме басшысы Алмас Ізтілеуов қаланы қардан тазалау жұмыстарына жұмылдырылатын техникалардың жай-күйіне тоқталды. Соңғы екі жылдан бері қалың қар мен мол жаңбырдың жаууына байланысты серіктестік биыл ертерек қамданып жатқан көрінеді. Исатай Тайманов көшесінде орналасқан мекеменің ауласында қаз-қатар тізілген ауыр техникалар тұр.
Мекеме басшысы 46 техника көшелерді қардан тазалап, оны қала сыртына шығаруға сақадай сай деп сендірді. Бұл техникалардың қатарында қылауышты, қайырмалы және шағын тракторлер, қылауышты және қайырмалы (аралас), күректі, сондай-ақ өзі аударғыш КамАЗ көліктері, автотиегіш, шағын жүк тиегіш көлік, автогрейдер, қар тазалау техникалары мен құм, тұз себетін көліктер де бар. Ал, қалың қар жауған кезде жұмысқа жұмылдырылатын 300-ге жуық жұмысшы әрқашан сапта.
– Мекеме қоймасында 300 текше метрдей тұз аралас топырақ сақтаулы. Оны күн суытып, жол тайғақ болғанда, көлік жолына себеміз. «Индер тұз» ЖШС-нен тағы да 400 тонна тұзға тапсырыс беріп қойдық. Себебі, тұз ылғал тисе тез қатып қалады, сол себепті оны ерте алдырмаймыз, тек қараша айында ғана алып жүрміз. Мұның бәрі – жылда атқарылатын жоспарлы жұмыстар. Оған қоса қаладағы ірі компаниялармен де алдын ала келісім жасалған, дер кезінде олар ауыр техникаларымен жыл сайын көмекке келеді. Біздің мекеменің негізгі функциясы – қаланы қоқыстан арылту. Күн сайын облыс орталығында осы мақсатта 90-ға жуық техника жұмыс істеп тұр. Жыл сайын 3-4 техникадан сатып алып, гаражды жаңартып отырамыз. Қар жинауға арналған 300-ге жуық қол күрегі, мұзжарғыш құралдар да сақталған, — деп мекеме басшысы серіктестіктің қазіргі ахуалынан хабардар етті.
Жанар-жағармай қоры да жеткілікті, себебі мекеме аумағында дербес жанар-жағармай станциясы бар. Сол арқылы 18-22 сағаттар аралығында ертеңгі жұмысқа шығатын барлық көлікке жанар-жағармай құйылып, дайындалады.
Мекеме басшысы жазда жауынның, қыс пен көктемде еріген қардың суын төгетін орынның қаладан алыстығы жұмыстың кешеуілдеуіне әсер ететінін айтып ақталды. Сол себепті қаражат та артық жұмсалады екен.
Арнаулы көлік базасында барлығы 800-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың көпшілігі – жол жұмысшылары, қалғаны көлік жүргізушілері, тұтынушылармен жұмыс істейтін маман, механик секілді қызметкерлер.
Қала аумағы көркейту және санитарлық тазалық бойынша сол жағалауда 6, самар бетте 4 – барлығы 10 учаскеге бөлінген. Мекеме жұмысшылары қыс мезгілінде қаладан жиналған қарды арнайы белгіленген үш орынға төгіп жүр.
Жуырда Атырау қаласы әкімінің салалық орынбасары Тілек Махуов қалалық полиция басқармасы техникалық тобының қызметкерлерімен бірге мекеменің қысқа дайындығын пысықтап, сын-ескертпелерін айтты. Қалалық полиция басқармасының аға мемлекеттік инспекторы, полиция капитаны Нұрсұлтан Құрақбаевтың айтуынша, коммуналдық мекеменің техникалары түгел тексеріліп, анықталған кемшіліктерді қарашаның ортасына дейін жою басшылыққа ескертілген.
Ал, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан 1000 жаңа қоқыс жәшігіне тапсырыс берілген. Күні бүгін оның 560-ы қала көшелеріндегі қоқыс тастайтын аумақтарға қойылып жатыр.
Әрине, қалада жүзеге асып жатқан ауқымды жұмыстар барын ешкім де жоққа шығармайды. Дегенмен, қазіргі орталық көшелерді көрген қала қонағы жергілікті коммуналдық құрылымдардың жұмысына «екі» деген баға қоятыны айтпаса да түсінікті.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ