Жарнама
Шаһар шырайы

Қаланың келешегін айқындайтын құжат

Кез келген ғимарат немесе имарат бой көтеру үшін әуелі жер телімі таңдалады. Геодезистер, топографтар мен жерге орналастырушылар телімнің құрамын анықтап, координатын шығарған соң реперін орнатуға кіріседі. Одан кейінгі жұмыс жобалаушыларға тиесілі. Алдымен салынатын ғимараттың мақсаты мен көлемін, биіктігі мен қажетті материалдарын олар тапсырыс берушімен келісе отырып, нақтылайды. Сосын жобалаушы-конструкторлар жердің құрамына қарай ғимараттың биіктігі мен салу тәсілін ескере отырып есептеп, оның іргетасын құю түрін анықтайды. Жобалаушы-сәулетшілер содан кейін ғана ғимараттың түрлі нобайын шығара алады. Осы әлемдік талап негізінде жобаланған ғимараттардың құжаттары белгіленген тәртіпте сараптамадан өтіп, тапсырыс берушіге берілген соң құзырлы органдардың құрылысты бастауға берген рұқсатымен нақты жұмыс басталады.

192d8284 6f92 426b 8e25 a455f753c5e5

Демек құрылысшы деген ұғымға жоғарыда аталған мамандардан өзге құрылыс компаниясының басшысынан бастап, инженер, прораб, шебер, бригадир, бетон құюшы, тас қалаушы, сылақшы-сыршы, ағаш шебері, еден төсеуші, төбе жабушылар, электрик пен сантехник, механизатор-кран жүргізушісі, басқа да осы саладағы бір қауым мамандық иесі кіретіні сөзсіз. Меніңше, бұлар – кәдімгі туыстық қарым-қатынастағы ағайындар тәрізді тонның ішкі бауындай сабақтасып жатқан, әрқайсысын жеке-дара алып қарауға болмайтын кәсіптің иелері.

Бас жоспар қашан бекітілді?

Атырау қаласының бүгінгідей ажарлы келбетін қалыптастыруда оның Бас жоспарының жасақталуы аса жоғары мәнге ие. Кеңес дәуірінде бұрынғы Гурьев қаласының Бас жоспары 1974 жылы бекітілген екен. Ол кезде кешенді құрылыс салу Кеңес Одағы көлемінде бекітілген бес-жеті жылдық экономикалық даму жоспары түрінде жүргізілген. Бірде-бір құрылыс материалы да, техника да одақтық министрліктің келісімінсіз бөлінбейтін. Жекеменшік деген ұғым жоқ, бәрі мемлекеттік меншікте.

Ал, Бас жоспардың негізінде бюджет есебінен Атырауда негізінен «Авангард», «Вокзал маңы» шағынаудандары, Махамбет көшесі бойындағы көп қабатты тұрғын үйлер, мектеп-балабақшалар, әкімшілік ғимараттар мен Сәтбаев даңғылындағы Экспериментальный (қазіргі «Сарыарқа») тұрғын үй кешендері салынды. Ол кездегі бір ерекшелік, салған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды өз меншігіне алып пайдалануға ірі кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарына рұқсат бар еді. Қаладағы «АМӨЗ», «Ембімұнайгаз», химия зауыты, «№99 құрылыс басқармасы», Теміржол, «Қазгеология», басқа да өндіріс орындарына қарасты нысандар осылайша пайда болды.

Бұдан кейін Атырау қаласының Бас жоспары арада тұп-тура ширек ғасыр өткенде бекітілген. Облыс әкімі болып тағайындалған Иманғали Тасмағамбетов бірден Бас жоспарды әзірлеуге баса мән беріп, 2002 жылы республика Үкіметінің қаулысымен бекітілді. Талапқа сәйкес Бас жоспар қаланың түрлі әлеуметтік-экономикалық жағдайларын ескере отырып, кемінде 20-30 жылдық мерзімге есептеп әзірленеді.

Шынында да, Атырау қаласының дамуына серпін берген 2002 жылы бекітілген Бас жоспар болатын. Көшелер түзеліп, ескі үйлер мен ғимараттар күреле бастады, көп қабатты үйлердің қасбеті жөнделді. «Теңізшевройл», «Алматыгорстрой», «Алматыинжстрой», «Модернстрой» сияқты компаниялар мен инвесторлар тартылып, тұрып қалған құрылыстар жанданды, жаңаша үлгідегі көп қабатты үйлер салына бастады. Облыстық аурухананың жаңа ғимараты, ТШО-ның әкімшілік үйі, «американдық» қалашық, «Атырау-Ақпарат» ғимараты, орталық мешіт, басқа да келбетті нысандардың құрылысы сол кезден бастап салынды. Исатай-Махамбет алаңы абаттандырылып, пайдалануға берілді. Жайық өзеніне жаяу жүргіншілер көпірі салынып, орталық көпір күрделі жөндеуден өтті. Кәсібін енді қолға алған жеке кәсіпкерлер де өз ғимаратын көркейтуге көңіл бөле бастады. Ет комбинаты ғимаратының орнынан жаңа шағынаудан бой көтеріп, «Толқын», «Каспий», Лесхоз, «Сарықамыс», «Атырау», «Жерұйық» сияқты шағын қабатты тұрғын аудандар пайда болды.

Халық қарсы болса да…

Екі мыңыншы жылдардың басында Атырау қаласының қарқынды дамуы Бас жоспарда қарастырылмаған жерлерді игеру, көлік қозғалысы кептелісі мен коммуналдық инженерлік жүйелерді жетілдіру, кәсіпкерлердің өз күшімен әлеуметтік нысандарды салуға жер телімдерін беру мәселелерін шешу қажеттілігін туындатты. Сол кездегі қала және облыс басшылығының батыл шешімі мәселені түбегейлі өзгертті. 2006 жылы қаланың жаңа Бас жоспары әзірленіп, облыстық мәслихаттың келісімімен құрылыс саласында мегажобалар жүзеге асты.

008d52ed 0103 4550 b387 0f2490dd5c25

Жаңа Бас жоспарға сәйкес, бұған дейін салынуы көзделген көлік кептелісін реттеуге бағытталған Балықшы-Жұмыскер, Сатыбалдиев-Әлиев, «1-ші учаске»-«Атырау» шағынауданы және Тұрғын үй қалашығы арқылы өтетін көпірлердің жоба-сметалық құжаттары дайындалып, құрылысы басталды. Сәтбаев-Құрманғазы көшелері қиылысындағы кептелісті эстакада тәріздес автокөлік көпірін салу арқылы шешті. Қазіргі Бейбарыс даңғылындағы көпірін салу үшін Сатыбалдиев және Әлиев көшелерінің бойындағы жекеменшік үйлер мен ғимараттарды иелеріне пәтер беру немесе өтемақы төлеу тәсілімен күретіп, көшені кеңейтті.

Ал, баспана тапшылығын жою мақсатында сол жылдары жаңадан Алмагүл, Нұрсая шағынаудандары салына бастаса, жекеменшік тұрғын үй алу кезегінде тұрған азаматтардың сұранысын қанағаттандыру үшін Самал, Өркен, Көкарна, Балауса, Жұлдыз тұрғын үй массивтерінің құрылыс жобалары дайындалып, жер телімдері беріле бастады.

Басқа да жаңа бастамалар болғанмен, жаңадан дайындалған қаланың Бас жоспарына кейбір орталық ведомстволар келісім бермегендіктен, оны бекіту жөніндегі Үкімет қаулысы кейінге қалдырылды. Оған негізінен «Тұрғын үй қалашығы» ауданы тұрғындарының тұрғын үй кешені арқылы Жайық өзенінің үстінен көпір салуға наразылығы әсер етті. Өйткені, 1945 жылы салынған тұрғын үй кешені сол кезде толықтай дерлік республикалық деңгейде қорғалатын архитектуралық нысандар тізімінде болатын. Оның үстіне, Үкімет Бас жоспарды бекітпейінше, қалада кешенді құрылыс салу қолданыстағы заңнамаға қайшы еді. Соған қарамастан, аталған инфрақұрылым нысаны жедел салынғаны жұртшылыққа мәлім.

Алайда, қалыптасқан жағдайларды ескере отырып, қаланың жаңа Бас жоспарын дайындау қажеттігі туындады. Сөйтіп, қайтадан әзірленген Атырау қаласының Бас жоспары республика Үкіметінің 2016 жылғы 29 қарашадағы қаулысымен бекітілді. Онда қаланың дамуы бірнеше жобалық кезеңдермен жүзеге асады деп көзделген. Атап айтқанда:

— құрылыстың І кезеңі – 2020 жылға дейін;

— есептік мерзімі – 2030 жылға дейін;

— болжамдық (тұжырымдық) мерзімі – 2045 жылға дейін.

Бас жоспарды әзірлеу кезіндегі Атырау қаласының аумағы – 16566 гектар, жаңа Бас жоспарда қала аумағы – 45871 гектар болып белгіленді. Осыған сәйкес қала құрамына Балықшы, Жұмыскер, Геолог, Қайыршақты, Ақсай және Махамбет ауданының Алмалы ауылдық округтерінің елді мекендерін қосу қарастырылды. Соның бәрі жүзеге асқанда, есепті мерзімнің соңына қарай Атырау қаласындағы халық саны 350 мың адамға жетеді деп межеленген болатын.

Алайда, күнделікті өмір алдын ала болжамға бағынбайтынын көрсетті. Қазір қаладағы құрылыс қарқыны еселене түспесе, бәсеңдеген жоқ. Нұрсаяда жаңа тұрғын үй массивтері көбейіп, бірнеше ондаған мың халық қоныстанған Береке шағынауданы пайда болды. Қаладағы көп қабатты үйлер мен ғимараттардан бөлек оған қарасты елді мекендерде заман талабына сай әлеуметтік-мәдени және басқа да нысандар салынып жатыр. Жайық өзенінің жағалауы абаттандырылып, қала сәулеті пішінді ескерткіштермен толықтырылды.

Бас жоспарға сәйкес қаланың ескі бөлігіндегі жекеменшік үйлер мен ғимараттар кезең-кезеңмен күреліп жатыр. Көшелер де жоспарлы түрде қайта жөндеуден өтуде. Қала дамуында жоғары мәнге ие нысан – Еуропа мен Азияны жалғайтын солтүстік айналма жол мен көпір құрылысы да басталып кетті. Бұл да Бас жоспарда қаралған.

Бас жоспарды игеруде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері де белсенділік танытып отыр. Қуаныштысы сол, олар салған балабақша, қонақ үй, мейрамхана, сауда орындары, монша, көлікке техикалық қызмет көрсету, өзге де нысандар халықтың күнделікті сұранысына сай жұмыс істеп тұр. Өнеркәсіп-шаруашылық мақсатында нысандар салуға да жер телімдері өндірістік аймақтардан берілуде.

Ескеретін жайттар көп

Қазір ауылдық округтердегі Жайық өзені жағалауынан бау-бақша, саяжай үшін берілген жер учаскелері толық игерілген. Енді оларды қаланың құрамына қосып, жекеменшік тұрғын үй мәртебесін беру мәселесі туындап отыр. 2024 жылы көктемдегі су тасқыны оларға жер телімдерін бергенде Жайық өзенінің қорғау белдеуі мен қорғаныш аймағының сақталмағандығын айқын көрсетті.

Сарыөзек жағалауындағы бау-бақша мен шаруа қожалықтарының да орналасу ретін қайта қараған артық болмас еді. Төтенше жағдай кезінде «Соколок» каналы – қаланы солтүстіктен қорғайтын бірден-бір тосқауыл орны, оны да гидрологиялық құбылыстарды ескере отырып жобалау құжатын дайындап талапқа сәйкестендірген жөн.

Бас жоспарға сай қала халқының саны 2030 жылға қарай 350 мың адамға жетеді деп болжанғанмен, бүгінде тұрғын саны одан асып кетті, қазіргі есеп бойынша Атырау қаласында 400 мыңнан астам адам тұрады. Ал, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, егер қала халқының саны 400 мыңнан асса, екі әкімшілік-аумақтық құрылымға бөліне алады.

Осы жағдайларды ескере отырып, қаланың Бас жоспары бүгінде қайта әзірленіп жатқанынан хабардармыз. Бұл – қаланың келешегін айқындайтын ең маңызды құжат. Сала ардагері ретінде жаңа Бас жоспарда қаралатын құрылыс-сәулет жоспарлау құрылымын қалыптастыру, көше-жол желілері мен инфрақұрылымдық дамыту, экологиялық ахуалды жақсарту тәрізді бағыттардағы шешімдерді тәжірибелі мамандардың қатысуымен талқылауды ұсынамыз. Қашан да «ақылдасып пішкен тон келте болмайды» ғой.

Сләмғали СМАҒҰЛОВ,

Қазақстанның Құрметті сәулетшісі 

және құрылысшысы,

«Құрмет» орденінің иегері

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button