Нұрсая мен Самалда не боп жатыр?
Атырауда жарық мәселесі 2023 жылдың соңына дейін шешіледі.
Бұл туралы қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Мұханбеталиев мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
— Жарықтың әлсіздігі мен көшелерді жарықтандыру мәселесі қазір өткір тұр. Осы мәселе төңірегінде бірқатар жұмыс қолға алынды. Біз 2020-2021 жылдары «Атырау-Жарық» АҚ-мен бірлесіп, қала ішінде мониторинг жүргіздік. Зерделеу барысында қаладағы ток желілерінің ескіруі және тұрғындардың электр желісін жеке тұрғын үйлерге жұқа сымдармен тартқаны анықталды. Дегенмен, өткен жылы 50 трансформатор сатып алынып, бұл мәселе оңтайлы шешімін тапты, деді Ә. Мұханбеталиев.
Баспасөз конференциясында Нұрсая және Самал мөлтек аудандарының тұрғындарынан жарықтың жиі сөнуі туралы арыз-шағымдар көп түсетіні туралы сөз қозғалды.
-Кабельдердің ескіруі жағдайды қиындатып отыр. Осы мәселені шешу үшін «Атырау-Жарық» АҚ-ның ұсынысымен 100-ші қосалқы станциядан келетін жер асты кабелін ауыстыруға жобалық-сметалық құжаттама дайындау үшін бюджеттен қаражат бөлінді. Бұл жобада жаңа заманауи кабель (шитополителен) тарту көзделген. Оның құрылысын 2023 жылдың соңына дейін бітіру жоспарланып отыр. Жоба ойдағыдай аяқталса, жоғарда аталған екі ауданның мәселесін толықтай шешеміз, деді ол.
Биыл әкімдік тарапынан 40 трансформатор сатып алынған. Оларды келер жылы орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қала ішіндегі электр жүйесіндегі ақауларды шешу мақсатында «Атырау-Жарық» АҚ ұсынысымен электр желілерін автоматтандыратын «реклоузер» құрылғысын сатып алуға әкімдіктен қаражат бөлінген.
Ал, Атырау Жарық» АҚ-ның бірінші вице-президенті Мейірбек Губашев қалада бірнеше өте үлкен ток кернеуі бір трансформаторға жалғанғандықтан, жарық мәселесі өзекті болып отырғанын атап өтті.
—“Реклоузер” құрылғысы жарық мәселесін ретке келтіруге мүмкіндік береді. Өйткені, сол арқылы электр желісіне жалғанған барлық көшені немесе бүкіл шағын ауданның жарығын өшірілмей, ақау байқалған орын ғана сөндіріледі. Содан кейін біз тек апат болған жерді ғана жөндей аламыз, деді М.Губашев.
Биыл электр желілерін автоматтандыратын 10 құрылғыны сатып алуға тапсырыс берілген. Оларды кезең-кезеңімен орнату жоспарланып отыр.