ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ТҮРЛЕРІ КӨБЕЙМЕК

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға енді электр плиталарын, аудиодомофон және лифт қызметін пайдаланғаны үшін жеңілдіктер көрсетілетін болды. Бұл туралы қалалық мәслихат сессиясында Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиева мәлімдеді.

«Бұған дейін әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға жылу жүйесі, суды ысыту, салқын сумен қамту, лас ағын суларды әкету, табиғи газ, абоненттік төлем, тұрғын үй шығындары мен қоқыс шығару қызметтеріне ғана жеңілдіктер қарастырылған болатын» деп атап өткен ол үстіміздегі жылдың алғашқы он айында 287 отбасына 6 млн. 684,1 мың теңге көлеміндегі тұрғын үй көмегінің көрсетілгенін айтты.
Белгілі болғанындай, тұрғын үй көмегі негізінен зейнеткерлерге, мүгедектерге, жұмыссыздарға, 16 жасқа дейінгі мүгедектер мен бала күтімімен отырғандарға көрсетілуде екен.
Сондай-ақ, бір айға бір отбасына электр жүйесін пайдалану үшін мынадай норма бекітіліп отыр: электр плиталарын пайдаланбайтындар үшін бір адамға бұрын сағатына 90 кВт белгіленген болса, бұл көрсеткіш 110 кВт-қа өзгертілді. Ал, плита пайдаланатындар үшін бір адамға сағатына 130 кВт, екіден бес адамға дейін 450 кВт, бес адамнан жоғары болса норма 700 кВт-дан аспауы тиіс.
Сессия барысында, сондай-ақ, қалада төтенше ахуал орын алған жағдайда шұғыл әрекет ететін бес түрлі комиссия құрылды. Сессия жұмысына арнайы қатысқан қала әкімі Серік Айдарбеков қаралған мәселелердің барлығының әлеумет үшін маңызы зор екендігін атап өтті.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз