КӨГАЛДАНДЫРУ – КӨПТІҢ ІСІ

аймақ басшысы баршаны осыған шақырды
Өткен сенбіде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған мемлекеттік қызметкерлер түгелімен көгалдандыру шарасына қатысты. Әлі күшіне еніп үлгермеген көктемнің ептеп салқындығына қарамастан таза костюмдерін жұмыс киімдеріне ауыстырған шенеуніктер кабинеттерінен көшеге шығып, қолдарына күрек ұстады.

Әріптестерін көгалдандыруға жұмылдырған аймақ басшысы өзінің бұл істе біраз тәжірибесі де барлығын көрсетіп, ақылын да айтып қояды. Мәселен, жаңа отырғызылған көшеттің бүр жарған жағы күн көзіне бағытталуы керек екен. Шұңқыр қазғанда да оның төңірегіндегі шалғынды таптамаған абзал.
Осындай қысқа кеңесінен кейін облыс әкімінің өзі, оның орынбасарлары Ғұмар Дүйсембаев пен Сәлімжан Нақпаев тал егуге кірісті. Әрине, бұл – атаулы ағаш болмағанымен, облыс басшылығының өңірді көгалдандыруға қосқан үлесі, өзгелерге көрсетіп отырған өнегесі. Мұны тілдескенімізде Бақтықожа Салахатдинұлының өзі де айтты.
– Облыс орталығының сәні мен салтанатын жарастыруға жеткілікті қаражат қарастырып отырмыз, – деді ол, – мәселен, өткен жылы көгалдандыру және көріктендіру шараларына 9 млн. теңге бөлінсе, биыл оны он бір миллионға жеткіздік. Бірнеше мәрте сенбіліктер ұйымдастырылды. Әйтсе де, мұны тек науқандық жұмысқа емес, күнделікті дағдыға айналдыру керек. Оған осындағы әр кәсіпорын мен мекеме қызметкерлері, әр тұрғын атсалысқандары абзал. Әркім өзінің кеңсесі мен үйінің төңірегіне тал егіп, оны баптай білсе, ортақ іске қосқан үлесі емес пе? Өңірдің экологиялық ахуалы да сонда ғана сауығады. Сондықтан, игі бастаманы өзіміз қолға алып, басқаларға үлгі көрсетуіміз керек.
Одан әрі облыс әкімі алдымыздағы күзде Атырауда он бірінші аймақаралық экономикалық форум ұйымдастырылатындығын атап өтті. Осы маңызды шараға Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің басшылары қатыспақшы. Бүгінде қаланы абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Таяу уақытта зәулім Неке сарайы пайдалануға берілмекші. Бұл кешенді ғимаратта үйлену салтанатынан өзге де көпшілік шараларын ұйымдастыруға болады.
Ал, бұл күні облыстық әкімдіктің төңірегіне 400-ге тарта үйеңкі отырғызылды. Қала бойынша бес мыңға жуық жас көшет егілді.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз