«ГҮЛДЕЙ ЖАЙНА, ӘСЕМ ҚАЛА!»
Мәдени шараны Атырау қалалық білім бөлімінің әдіскері Жұмазия Жолмұханова ашып, әлем халықтарында күз айларында гүлдер мерекесін тойлау дәстүрі бар екенін, төрт ғасырға жуық тарихы бар қаламыз да осынау гүлдер сияқты жайнап, жайқалып келе жатқанын айтты. Мұнан әрі сөз алған «Жас натуралистер» стансасының директоры Мартагүл Қанатова әрбір оқу жылын осы бір тамаша мерекемен бастауды игі дәстүрге айналдырғандары жөнінде кеңінен әңгімелеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шараға қала бойынша жиырмадан астам мектеп пен станса үйірмелері қатысты. Жалпы сайыс төрт номинация бойынша өтті. Әділқазылар алқасы Т.Амандосов атындағы орта мектеп, №15 Абай атындағы орта мектеп, Еркінқала орта мектебі оқушыларының белсенділіктерін баса атады.
«Атырау қаласына – 375 жыл» композициясы бойынша бірінші орынды Т.Амандосов атындағы орта мектеп оқушысы Айгүл Шелтенова, «Гүлденген оазис» аталымы бойынша бірінші орынды Т.Амандосов атындағы орта мектеп оқушысы Жанерке Олжабаева иеленді.
«Гүлденген сән әлемінде» костюмдер шеруі бойынша бірінші орынды №8 Ө.Атамбаев атындағы орта мектеп оқушысы Жасмин Светлосанова алса, екінші орынды Еркінқала орта мектебінің оқушысы Айдана Бағытжан мен №34 лингвистикалық мектеп-гимназия оқушысы Дамира Құбаевалар бөлісті. Ал, үшінші орынмен №2 орта мектеп оқушысы Диана Катасонова, М.Ломоносов атындағы орта мектеп оқушысы Азиза Марасова, А.Құнанбаев атындағы орта мектептің «Гүл өсірушілер» үйірмесінің мүшесі Аружан Жайықбаева марапатталды.
«Ауламызға сән берген» номинациясы бойынша бірінші орынды Амангелді орта мектебінің оқушысы Аружан Қажмұратова, екінші орынды «Фитодизайн» үйірмесінің мүшесі Мөлдір Иманалиева мен «Жас натуралистер» үйірмесінің мүшесі Илона Джабарова иеленсе, үшінші орынды Ы.Алтынсарин атындағы (Құрсай ауылы) мектебінің оқушысы Жансұлу Қапасова, №34 лингвистикалық мектеп оқушысы Альфия Ғазиз, «Дәрілік өсімдіктер» үйірмесінің мүшесі Сая Вляминова бөлісті. Сонымен қатар, тағы бір топ оқушы белсенділіктері үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
Лиза СЕЙТІМОВА.