Атырау қаласының әкімі «Atyraý» газетінің тілшісіне сұхбат берді
Ұлысудың көне Хазар теңізіне құяр сағасындағы алқапты ертеде Атырау атаған. Бүгінде осы атаумен ұзындығы 30 шақырымға жуық алып елді мекенге айналған бұл шаһар мұнайлы өлкенің алтын діңгегі іспетті. Себебі, өндірісі өркен жайған өлкенің кез-келген мәселесі – келелі кездесу мен қауырт шаруалардың нүктесі осы жерде шешіледі. Жайықтың жақұтына айналған ортақ мекеннің игілігін бірге көріп, күрмеулі мәселелерін бұқарамен бірге шешпек мақсатта біз «47° ендік, 51° бойлық» атты арнаулы бет ашуды жөн көрдік.
Оны осылай атауымыз да бекер емес: географиялық картаға үңілсеңіз, Атырау қаласы 47-інші ендік пен 51-інші бойлықтың қиылысында орналасқан. Енді қос құрлықтың кіндігінде жасалып жатқан қарқынды істер мен келелі міндеттер арнаулы бетте айына екі рет жарияланбақ. «Тұрғындар тілегі», «Қала көркі – келбетімен», «Көрген көзде жазық жоқ», «Көше сәні – өзімізден», «Не? Қайда? Қашан?», т.б. тұрақты айдарлар да назардан тыс қалмайды. Ендеше, Сізден хат-хабар күтеміз, қадірлі оқырман!
ЖУЫРДА ҒАНА ТАҒАЙЫНДАЛҒАН ҚАЛА ӘКІМІНІҢ АЛДЫНДА ҚАТ-ҚАБАТ ШАРУА КҮТІП ТҰР. ҚҰМЫРСҚАНЫҢ ИЛЕУІНДЕЙ ТЫНЫМСЫЗ ТІРЛІГІ ҮНЕМІ ҚАЙНАП ЖАТАТЫН ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЫҢ САН МӘСЕЛЕСІНІҢ ШҰҒЫЛ ШЕШІЛЕ ҚАЛМАСЫ ТҮСІНІКТІ. ДЕГЕНМЕН, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ЖАРЫСА ЖАЗЫЛЫП, БҰҚАРАНЫҢ НАЗАРЫНДА ТҰРҒАН ПРОБЛЕМАЛАРДЫҢ ШЕШІМІ БІРТІНДЕП ТАБЫЛА БАСТАДЫ. ҚАЛАДА ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТҚАН ҚАУЫРТ ЖҰМЫСТАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ – ШАҺАР БАСШЫСЫНЫҢ ҰДАЙЫ ХАЛЫҚПЕН ҚАРЫМ[1]ҚАТЫНАСТА БОЛЫП, ҚОРДАЛАНҒАН ПРОБЛЕМАЛАРДЫ ЕГЖЕЙ-ТЕГЖЕЙЛІ БІЛГЕНІНІҢ НӘТИЖЕСІ БОЛСА КЕРЕК. СОНДЫҚТАН, АРНАУЛЫ БЕТТІҢ АЛҒАШҚЫ САНЫНДАҒЫ БІЗДІҢ БІРНЕШЕ СҰРАҒЫМЫЗҒА АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ МЕЙІРІМ ҚАЛАУИ ӨЗІ ЖАУАП БЕРГЕН ЕДІ.
– Мейірім Жоламанұлы, облыс орталығының инвестициялық əлеуеті жоғары. Қазір шағын жəне орта кəсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында қандай шаралар қолға алынып жатыр?
– Өздеріңізге белгілі, Атырау қаласы – мұнай-газ саласын дамытуға бағытталған өңір. «Мұнайлы астана» деген бейресми атауымыз да бар. Сондықтан, негізгі жұмыс орындары мен кəсіпкерлікті дамыту көздері де осында. Биыл полипропилен зауыты толық қуатында жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Тағы бір ірі инвестициялық жоба – полиэтилен зауыты іске қосылмақ. Бұл – Қазақстанның сырттан тасымалданатын көптеген өнімдерін өзімізден шығаруға мүмкіндік беретін зауыттар. Полиэтилен мен полипропиленнен күнделікті халық тұрмысында, басқа да өндірісте пайдаланылатын заттар шығарылады. Мысалы, қолымызда ұстап отырған қарапайым қаламсап та осы шикізат көздерінен жасалады. Бұл жобалар толық қуатында жұмыс істейтін болса, одан 3 мыңнан аса бұйым шығаруға мүмкіндік туады. Жергілікті кəсіпкерлер де осы екі өнімнен бұйымдар шығаруға машықтануы керек. Қазір осыны қолға алған бизнес өкілдері де бар. Мысалы, қалада былтыр геотекстиль шығаратын жаңа зауыт ашылды. Ол – жол, үй құрылысы, тұрмыста пайдалануға болатын материал. Мұның бəрін бұрын біз сырттан тасыдық. Өзге өңірлерді айтпағанда, шетелден импорт алатынбыз. Енді ол материал өз қаламыздан шығып жатыр. Тіпті, экспорттап та үлгеріп жатырмыз. Мен тек бір ғана тауар түрін айтып отырмын. Жалпы арнайы экономикалық аймақта инвесторларға бос орын бар. Бүгінгі таңда электр энергиясын шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр. Синтетикалық заттарды өндіретін «Полимер Продакшн» компаниясы бар. Демек мұнай-газ химиясы кешенінің төңірегінде де шағын жəне орта кəсіпкерлікті дамытып, мыңдаған жұмыс орнын ашуға болады.
– Агроөнеркəсіп саласы ше?
– Əрине, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды мəселе. Мен жақында Сарыөзек каналының бойындағы шаруагерлермен кездестім. Осындай жүздесуді Соколокта да өткізбекшімін. Қазір біздің жоспарымызда екі каналдың бойынан агроаймақ құру міндеті тұр. Бұл агроаймақ бізге не береді? Кездесу барысында шаруагерге қолбайлау болған проблема – инфрақұрылым екенін білдік. Олар жазда егін егеді, бірақ жыл он екі ай бойы егін егуге мүмкіндігі жоқ. Себебі, газ жоқ, электр энергиясы жоқ. Оны мемлекет есебінен жүргізіп бере алмаймыз. Ал, агроаймақ құратын болсақ, сол жерге барлығын мемлекеттің қаржысы есебінен тарта аламыз. Сосын кəсіпкерге талап-ұсынысымызды айтамыз. Олар жылыжай мен бордақылау алаңдарын салып, қажетті өнімдерді шығарар еді. Қазір бізге бағаның мəселесі де жақсы таныс. Экспортқа тəуелді болғандықтан, баға да құбылып тұр. Тек жазда ғана өз жерімізде өсетін өнім қараша айының соңына дейін бағаны реттеуге көмектеседі. Қалған уақытта сыртқа «көз сатып отырмыз». Бүгінде картоп Пəкістаннан, қызанақ Түркіменстаннан келіп жатыр. Негізі, бұл жағдайды толық өзгертуге біздің мүмкіндігіміз жеткілікті. Жеріміз, суымыз, арзан газымыз бар. Осы тетіктерді пайдалана отырып, өз қаламызды жергілікті өнімдермен қамти аламыз. Рас, бұл жүйелі жұмысты қажет етеді. Енді жұмыс жағдайы да өзгеретін болды. Қазір көп егіншілер, малшылар «жұмысшы жоқ» дейді. Неге? Себебі, еңбек ету тəсілі бұрынғыша. Жүз жыл бұрын малды қалай бақтық, егінді қалай ектік, əлі сол əдістен арылған жоқпыз. Егер жылыжай мен бордақылау алаңында шілденің күнінде шыжыған күннің астында емес, көлеңкеде ақ халатпен жұмыс жасайтын жағдай туғызса, халық барады. Мысалы, атыраулықтар жалақысы 120-150 мың теңге болатын қарапайым жұмыстарды жасап жүр. Дəл солай егін, мал шаруашылықтарында да еңбек етеді деп ойлаймын.
– Білуімізше, облыста апатты жəне тозығы жеткен үй мен жатақхана саны 119 болса, соның 86-сы – Атырау қаласында екен. Əлеуметтік желіде «мұнайлы шаһардың атына сай емес» деп сынға ұшырайтындардың да көпшілігі осылар. Қаланың сыйқын кетіріп, оған қоса тұрғындар тұрмысына кері əсер ететін ескі үйлерден көшіру жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Ол рас. Мұны да биыл жүйелі түрде бастадық. Осы 86 үйдегі 1500 пəтерде 5 мыңнан астам тұрғын қоныс тепкен. Біз олардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көріп отырмыз. Осы қызметке келгеннен кейін бірнешеуін араладым, тұрғындармен сөйлестім. Бұл жерде бір мəселе бар, біз 1500 пəтердің барлығын бюджет есебінен көшіре алмаймыз. Оны бірден басын ашып айтайын. Біздің есептеуіміз бойынша, ол үшін 40 миллиард теңгеден астам қаражат керек екен. Ондай қомақты қаржыны түгелдей мемлекет қазынасынан шығару мүмкін емес. Тіпті, жоспарға енгеннің өзінде бірнеше жылдарға созылады. Мысалы, 2014 жылы басталған жатақханаларды көшіру тек биыл аяқталғалы отыр. Сегіз жыл – аз уақыт емес. Сонда 86 үйдегі 1500 пəтерге неше жыл кетуі мүмкін? Тек қазына қаражатына қарасақ, оған он жылдан астам уақыт кетуі ғажап емес. Тіпті, осынша уақытқа үйлер шыдамауы да мүмкін. Сондықтан, біз қазір үйлерді жеке бизнеспен бірлесіп көшіруді ойластырып жатырмыз. Жақында əріптестерім арнайы топ құрып, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына барып келеді. Онда мұндай тəжірибе қолданысқа енгізілген. Айталық, бизнес өкілдері пəтер алып беріп, ескі үйдің орнын алса, мемлекет инфрақұрылым тартып, абаттандыруын жүргізіп береді екен. Енді оның қандай заңға сүйеніп жасалғанын білсек, Атырауда да осы тəжірибені жүзеге асыруға əбден болады. Мұнымен жекеменшік құрылыс компаниялары да келісіп отыр. Себебі, қаланың ішінен үй салуға жер жоқ. Мен тұрғындармен кездесуде апатты үйлер мəселесін шешуге екі ай уақыт сұрағанмын. Осы мерзімде біз оның да соңғы нүктесін қоямыз. Кімнің қалай көшетіні, кім көшіретіні, мемлекет тарапынан қандай қолдау болатыны сол кезде нақты белгілі болады. Мүмкіндікті пайдалана отырып, жергілікті құрылыс компанияларына əрдайым есігіміз ашық екенін ескерткім келеді. Қазірдің өзінде бірнеше компаниямен алдын-ала келісім жасалды. Осындай жұмыстарды ескі қала аумағында да іске асырмақ ойымыз бар.
– Айтпақшы, «жыр» болған концерт залының жайы не болды?
– Концерттік залдың тұрғанына он жылдан асты. Қазір кəсіпкердердің бірнеше жобасы бар. Негізі, осы мəселе облыс əкімінің жіті бақылауында. Жалпы, біз оны əлеуметтік нысанға айналдырғымыз келеді. Инвестор іздеп жатырмыз, егер инвестор табылып, қаржысын шешсек, халыққа міндетті түрде хабарлаймыз.
– Шаһар басшылығына келген соң Алмалы ауылдық округіне барып, тұрғындармен кездестіңіз. Жиында айтылған халықтың ұсыныс[1]пікірі мен қордаланған проблемаларды қалай шешпек ойыңыз бар?
– Негізінен тұрғындар жол мəселесін шешуді сұрады. Ол жөнінде жоғарыда айтып өттім. Бірақ біз Алмалыда да барлық ауылдарға тəн бірнеше мəселе бар екенін біліп отырмыз. Мəселен, ауылдағы амбулаторияның ғимараты ескі, соны жаңартуымыз керек. Мəдениет үйі де ескірген, спорт кешені жоқ, түнгі жарық шамдары орнатылмаған. Өздігінен салып алған электр желілері де жаңартқан жөн. Жаңадан бері «жоспарлап отырмыз» деген сөзді жиі қайталап айтқанымды білемін. Жалпы, күн сайын мен де, əріптестерім де күнделікті мəселелерден бас көтере алмаймыз. Олай болуы заңды да. Өйткені, біз тұрғындардан түскен арыз-шағым, өтініш-тілектерді тыңдауымыз қажет. Біз қай уақытта да халықпен біргеміз. Сол кезде ұзақ мерзімді жоспарлар жасауға уақыт тапшы болады. Сондықтан, біз əріптестерімізбен бірге қаланы дамытуға бағытталған «Атырау қаласының даму жоспарын» жасадық. Биыл жасалатын жұмыстардың барлығын сол жерге топтастырдық. Сосын айына бір рет аппарат мəжілісінде сол жоспарды пысықтап, жүзеге асуын бақылап отырамыз. Яғни, ешбір мəселе ескерусіз қалмайды.
– Жуырда орталық көпірге жеңіл жөндеу жасалды. Қалада жол жөндеу жұмыстары қарқынды түрде басталғанына куəміз. Бұл жұмыстар енді қалай жалғасады? Қанша шақырым жол жөнделеді, бағыты қандай?
– Биыл жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілмек. Ол үшін жоспар құрылған, мемлекеттік сатып алу конкурстарының көпшілігі өтті. Кейбірі əлі жүргізіліп жатыр. Сіз айтқан орталық көпірдің қазір тендері өтіп жатыр, мамыр айында қорытындысы шығуы тиіс. Содан кейін ғана көпірдің қашан, қанша уақытқа жабылатынын, қандай жұмыстар жасалатынын хабарлаймыз. Əзірге конкурс бойынша ақпарат беруге ерте. Өткен жолы сайттарға, əртүрлі əлеуметтік желілерге осы туралы ақпарат шыққан болатын. Шындығында, біз мұндай мəлімет таратқан жоқпыз. Оны блогерлер, журналистер мемлекеттік сатып алу сайтынан көрген болуы керек. Біз ресми ақпаратты «Атырау қаласының əкімдігі» аккаунтында міндетті түрде жұртшылыққа жеткізіп отырамыз. Жол жөндеу жұмыстары бірнеше бағытта жүргізіледі. Біріншіден, былтыр басталған «Балықшы-Зарослый» жолын биыл аяқтаймыз. Ол кеңейтіліп, жиектас төселеді, жаяу жүргіншілер жолы салынады, жарықтандырылады, асфальті ауысады. Сондай-ақ бұрын аяқталмай қалған Еркінқала, Ракуша ауылдары мен «Балауса» шағынауданындағы көлік жолдары салынады. Мəселен, тұрғындар жиі көтеріп жүрген «Балаусада» салынбай қалған 30-дан астам көшені биыл біз толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал, «Еркінқала-2» елді мекенінің жолы биыл басталады. Бұл елді мекендегі жол құрылысының жалпы құны – 9 миллиард теңгеден астам. Сондықтан, мұндағы жұмыстар келесі жылы да жалғасады. Осы қызметке келгеннен бері қаладағы шағынаудандарда жөнделмей қалған 76 көшені анықтадық. Сондай-ақ «Бірлік», «Бірлік-2», тіпті Томарлы ауылының шеткі көшелері де осындай жағдайда екен. Оның барлығы биыл жасалады. Бір мəселе – «Атырау-Индер» тасжолының жайы атыраулықтарға жақсы таныс. Құрылысы Талғайраң ауылынан қалаға қарай басталған болатын. Меніңше, бұл дұрыс болмады. Өйткені, «Жұлдыз» шағынауданынан «Көктем» шағынауданына дейін үнемі кептеліс болады. Бұл – халық ең көп жүретін күретамыр. Сондықтан, биыл бөлінген қаражат есебінен «Көктем» шағынауданына дейінгі жол кеңейтіледі. Оның құрылысы жазда басталады. Атап айтар жайт – Алмалы ауылының жолы жасалады. Əрине, биыл аяқталмауы мүмкін. Бірақ міндетті түрде басталады. Қазір «Алмалы-1» шағынауданынан бастап кетеміз, Алмалыны шілде-тамыз айларында қолға аламыз. Сонымен қатар, шұрқ-тесік жолды бітеу жұмыстарын бастадық. Алдағы ай жарымның шамасында аяқтаймыз. 25 мың шаршы метр көлеміндегі жұмысқа 200 миллион теңгедей қаржы қаралып, анықталған мердігер компания орталық көшелерді жасап жатыр. Биыл Құрманғазы мəдениет үйі мен Тұрғындар қалашығының соңғы аялдамасына дейінгі аралық жасалады. Бүгінде бұл аралыққа қатысты нақты шешімге келдік. Сосын «Авангард-Тұрғындар қалашығы» көпірінде қайта жөндеу басталады.
– Ол қандай шешім?
– Осы жолдың астында жатқан ескі кəріз құбыры асбест материалынан жамалған. Ол өткен ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қолданылған материал, қазір мүлдем ол технология өзгерді. Сондықтан, біз «Атырау облысы Су Арнасы» кəсіпорнымен келісіп, жол жасалмастан бұрын кəріз құбырларын ауыстыратын болдық. Сондықтан, ол біраз уақыт алады. Егер жол салынғаннан кейін кəріз желісі жарылса, жолды қайтадан бұзуға тура келеді. Айта кету керек, Талғайраңның ішінде де жолдар салынады. Биыл қала ішіндегі даңғылдардың жолын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасады. Алдыңғы кезекте Азаттық даңғылы тұр. Темірханов көшесінен «Ақ Жайық» қонақ үйіне дейін, екінші бөлігі Əуезов көшесінен («Шалқыма» сауда үйі) Перетаска өзегінен өтетін көпірге дейінгі аумақ түгелдей жаңартылады. Жаңа жиектастар төселіп, жаяу жүргіншілер жолы түгел ауысады. Дəл осындай жұмыс С.Датов көшесінде де басталады. «Арын» базарынан Г.Канцев көшесінің қиылысына дейінгі жер де жасалады.
– Халық арасында «қант тапшылығы мəселесі реттелген соң нан бағасы қымбаттайды» деген желсөз гулеп кетті. Мамандар мұның себебін астық тапшылығымен байланыстырды. Біздің облыста бидай өнімдерінің қоры жеткілікті ме? Əлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында алынған шаралар қандай?
– Астықтың қоры жеткілікті. Əлеуметтік маңызы бар азық[1]түліктің 19 түріне біз күнделікті мониторинг жүргізіп отырмыз. Баға да күн сайын қадағалауда. Округ əкімдіктері кішігірім дүкендерді бақылауда ұстап отыр. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз 85-90 пайызға импортқа тəуелдіміз. Байқағанымыздай, жұмыртқаның бағасы қатты өсіп жатқан жоқ, өйткені, өзіміздің өндірушіміз бар. Сол сияқты нанның бағасы да қатты өзгеріп жатқан жоқ. Себебі, біздің ұн дайындайтын зауытымыз тұр. Нанды өздері қала дүкендеріне шығарып отыр. Жегілікті өндіруші болған соң халыққа қолжетімді, бағасы да арзан. Егер басқа өнімдерді де өзімізде өндіре бастасақ, біз ешкімге тəуелді болмаймыз. Өткен айда қант бағасы күрт өсті. Себебі, «Ресей үш күннен кейін шекарасын жабады, секерді сыртқы шығармайды» деген жалған ақпарат таралып, дүрбелең пайда болды. Бағаның шарықтап кету себебі сол. Жалпы кез-келген нəрсеге дүрбелең туып, халық шамадан тыс сатып алса, баға да өседі. Өйткені, нарықтың заңы – сол. Сондықтан, қалалық əкімдік шұғыл əрекет етіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қор бар екенін, вагондап секер келгенін айттық. Содан кейін уақытша дүрбелең басылды. Біз кез[1]келген тауардың айлық қорын біліп отырмыз. Демек алаңдауға еш негіз жоқ.
– Тығыз жұмыс кестеңізден уақыт тауып, бас-аяғы бір сағаттың ішінде осындай күрделі мəселелерге кеңірек тоқталып, сұхбат бергеніңіз үшін бек рахмет!
– Мүмкіндікті пайдалана отырып, бұқара мен билік арасындағы алтын көпір саналатын «Атырау-Ақпарат» басшылығына, ғасырлық тарихы бар аймақтың төл басылымы – «Atyraý» газетінің редакциясына алғысымды білдіргім келеді.
Әңгімелескен: Айбөпе САБЫРОВА