Жарнама
Шаһар шырайыСарапTime

АТЫРАУЛЫҚТАР ЖАҢА АВТОБУС БАҒЫТТАРЫНА НЕГЕ ҚАРСЫ?

ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДІҢ ЖОЛ ЖҮРУ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ. ЕНДІ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРГЕ ҚАТЫНАЙТЫН АВТОБУСТАР БҰРЫНҒЫДАЙ ҚАЛА ІШІН АРАЛАМАЙДЫ. БҰЛ – МАРШРУТТАРДЫҢ АРАҚАШЫҚТЫҒЫ ҚЫСҚАРЫП, ҚАТЫНАС ЖИІЛІГІН ЖАҚСАРТУҒА СЕПТІГІН ТИГІЗБЕК. АЛАЙДА, КЕЙБІР ТҰРҒЫНДАР БҰЛ ӨЗГЕРІСТІҢ «АРТЫҚ ҚЫЛАМЫН ДЕП ТЫРТЫҚ ҚЫЛДЫНЫҢ» КЕБІН КИГЕНІН АЙТЫП ШАҒЫМДАНЫП ОТЫР. БҰҒАН ДЕЙІН «МАРШРУТТЫ САҒАТТАП КҮТЕМІЗ, ШАҺАРДЫҢ ІШІН САҒАТТАП АРАЛАП ЖҮРЕМІЗ» ДЕП АРЫЗДАНҒАН ЖОЛАУШЫЛАР ПІКІРІ ТАҒЫ ДА ЕКІГЕ АЙЫРЫЛДЫ.

Жаңа бағыт қолайсыз

Иə, қолданысқа енген жаңа бағыт көпшілікке қолайсыздық туғызып отырғанға ұқсайды. Əсіресе, қала сыртындағы елді мекендерден қатынайтын тұрғындар қазір үйінен жұмысына немесе басқа да бағыттарға бұрынғыдай бір автобуспен емес, бірнеше маршрутпен жетуге мəжбүр екендіктерін айтып реніштерін білдірді. Бірақ, «Смарт Атырау» КМК директоры Арслан Ароновтың пікірінше, жаңа бағыттар қаладағы қоғамдық көлік қозғалысы проблемасын шешу үшін жүзеге асырылып отыр.

– Бізде елді мекендерден облыс орталығына қатынайтын маршруттар мен қалаішілік автобустар араласып кеткен. Нақтырақ айтсақ, жолаушыларды сырттан тасымалдайтын қоғамдық көліктер қала ішінде жүріп соның қызметін атқарады. Ереже бойынша ауылдық округтерден келетін маршруттар жолаушыны тек облыс орталығына жеткізуі тиіс. Гончаров жол институтының əдісіне сəйкес, қалада осындай төрт орын белгіленіп отыр. Яғни, Авангард, «Дина» базары, Балықшы, «Аламан» базары қалаға қарасты ауылдық округтерден қатынайтын қоғамдық автобустардың соңғы аялдамасы болып табылады. Ал, №22, 4 маршруттар тұрғындар қолайлылығы үшін тоқтайтын соңғы «нүктесі» – əуежай аялдамасы, — деп түсіндірді «Смарт Атырау» КМК директоры Арслан Аронов.

Мәселенің шешімі қандай?

Өңірде қоғамдық тасымал мəселесі бұған дейін де өзекті болатын. Тұрғындар аялдамада автобустарды ұзақ күтетінін, көліктің техникалық ақауының салдарынан жол бойында тұрып қалатынын жиі сынға алатын. Шындығында, өзгеріс осынау түйткілді мəселелердің түйінін тарқатуға бағытталған. Мысалы, елді мекеннен шығатын автобус қалаға кіргеннен кейін де бірнеше аялдамаға тоқтап, ішкі жолдарды аралап өтеді. Демек, кідіретін жерлер көбейіп, арақашықтық ұзарғандықтан жол жүру интервалы да көбейеді. Есесіне, жолаушыларға автобусты соңғы аялдамада сағаттап күтуіне тура келеді. Екіншіден, көліктер де тез ескіреді. Сала мамандарының айтуынша, осыдан үш-төрт жыл бұрын сатып алынған жаңа көліктердің қазірдің өзінде тозығы жетіп отыр. Оның үстіне, неғұрлым қозғалыс көп болған сайын жолдың үстіңгі қабаты да жұқарып, шұрық-тесігі көбейетінін қосып қойыңыз. Үшіншіден, жолдың тарлығы мен «темір тұлпардың» көптігі кептеліске əсер етері сөзсіз. Ал, жаңа бағыт бойынша қала сыртынан қатынайтын көліктер жолаушысын тек белгіленген аялдамаға жеткізумен шектелгеннен кейін интервал да қысқарады. Яғни, бұрынғыдай шаһар ішін 40-50 минут бойы шарламай, 10-15 минутта жетеді. Жол жүру уақыты азайғандықтан, бір автобусқа үлгере алмаған жолаушы келесісіне тез мінеді.

– Мəселен, жұртшылық №57 маршруттың өзгергенін қаламайды. Ол Дамбыдан сонау «Дина» базарына дейін барады. Осы аралықта ол қаншама аялдамаға тоқтайды? Рас, бұл кейбір жолаушыға ыңғайлы болуы мүмкін. Бірақ, тасымалдаушылар үшін ешқандай тиімді емес. Осыншама уақытта бұл маршрутты басқа да жолаушылар пайдаланар еді. Негізі, тұрғындардың өздері «қоғамдық көліктерге жолаушылар сыймайды. Автобустар санын көбейтіңіздер» деген ұсыныс-тілектерін жеткізді. Гончаров əдісіне сенсек, бұл бағыт ең алдымен халыққа қолайлы болу үшін жасалды, — дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жəне автокөлік жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрбек Мантаев.

Автобус – такси емес

Мамандардың айтуынша, №57 маршруттың бір бағытының өзі 30 шақырымды құрайды екен. Кері қайту жолын қосқанда 60 шақырымнан асады. Ал, күн сайын осы жолмен 5-6 рет жүргенде бір тəулікте 300 километрге жетеді. Ол автобустардың тез бұзылуына себеп болатыны белгілі. Елді мекендерге қатынайтын 20-30 шақты автобус бар, оның барлығы қала ішіндегі қоғамдық көліктерге қосылады да, жолдың сыйымдылығына кері əсерін тигізеді. Облыс орталығында жүрген қалаішілік көліктердің жолаушылары азаяды. Шын мəнінде, қоғамдық көліктің басты міндеті – жолаушыны үйінің қасына немесе баратын жерінің алдына дейін жеткізу емес. Автобус – такси қызметін атқармауы тиіс, — дейді Арслан Аронов.

– Нұрсая шағынауданынан шығатын 30 «А» маршруты бұрынғыдай Тұрғындар қалашығы, «Стройконтора» аялдамасына келмейді, бірден Балықшыға барады. Жұмысым «стройконтора» жақта болғандықтан, екі маршрутпен қатынауға тура келеді. Қазіргідей қымбатшылық кезінде екі автобуспен келудің өзі қалтаға соғып тұр, — дейді газет оқырманы Лейла Қуанбаева.

Осы мəселені «Нұрсая» шағынауданының тұрғындары қала əкімі Мейірім Қалауимен кездесуі кезінде де көтерген еді. Шаһар басшысымен жүздесуден соң халықтың шағым-пікірлері ескеріліп, 30 «А» маршруты қайтадан бұрынғы бағыт бойынша жүретін болды.

Айбөпе САБЫРОВА

Фото: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button