Атыраулық бренд қалыптастырады
Өңірде өндірілетін өнімдердің үлесі артса, елдегі экономикалық жағдай да біраз тұрақталады. Атырау облысында шағын және орта бизнестің дамуы жыл санап жақсарып келеді. Бір қуантарлығы, сапаға да басымдық беріліп, жергілікті брендтер қалыптастыру алға қойыла бастады. «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының өңірлік кезеңінің биылғы көздеген басты мақсаты мен ерекшелігі де осы болды.
«БІР АУЫЛ – БІР ӨНІМ»
Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған шара «INFINITY ЭКО паркі» аумағында өтті. 60-тан астам атыраулық тауар өндірушінің басын қосқан көрме-байқауға қатысушылар арасында айтарлықтай қызмет өтілі бар тауар өндірушілермен қатар, кәсібін енді ашқандар да бар екен. Соған қарамастан, олардың өнімдері де сұранысқа ие болып үлгеріпті.
Байқаудың өңірлік туры барысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясындағы жергілікті тауар өндірушілер өнімдерінің көрмесі де ұйымдастырылды. Мұндағы басты мақсат – жергілікті өнімнің сапасын арттыру, атыраулық брендтер құру, маркетинг және нарықтағы тауардың құндылығын арттыру. Жобаға 30 кәсіпкер қатысты. Сонымен қатар, мұнда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, стартаперлер келді. Байқау-көрменің ашылуына облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысып, жергілікті кәсіп иелерінің тауарлары ірі компаниялардың өнім сапасы жағынан еш кем түспейтінін атап айтты
– Бүгінде мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске айрықша қолдау көрсету мақсатында ұлттық жоба бекітілген еді. Соңғы жылдары Атырау облысында осы бағыт қарқын алып, елдің дамуына айрықша үлес қосып жатыр. Қазір облыста тіркелген 170 мыңнан аса кәсіпкердің 400-ден астамы – тауар өндірушілер, 393-і – шағын кәсіпкер. Бүгінде осындай шаралардың кең көлемде ұйымдастырылуы өте маңызды. Тауар өндірушілердің жұмысы артқан сайын жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Шара барысында кейбір өндірушілермен кездесіп, біздің елде жоқ өндіріс барысымен танысып жатырмыз. Бұл – біз үшін үлкен абырой. Қазір кәсіпкерлердің тауар өндіруге деген ықылас-ниеті жоғары. Жаһандық даму кезеңінде әрбір өндіруші ішкі нарықпен шектелмей, өнімін экспортқа шығару мақсатын алға қою қажет. Осы жолда атыраулық брендтер көптеп қалыптасады деп сенемін, — деді Марат Бисенғалиұлы.
Байқау-көрмеге ұсынылған өнімдердің ассортименті алуан түрлі. Азық-түлік, тұрмыстық химия, тігін бұйымдары, құрылыс материалдары, кәдесый, жарнамалық өнімдер, басқа да тауар түрлері жергілікті жұрттың назарына ілікті.
АҒАШТАН ТҮЙІН ТҮЙГЕН
Жылыойлық Дүйсенбай Бохаев ағаштан түйін түйетін шебер екен, түрлі тұтыну бұйымдары мен жиһаздар жасайды. Оның көрмеге ұсынған әрбір тауары көздің жауын алады.
– Өз кәсібімді 2006 жылы Жаңа Қаратон кентінде аштым. Мамандығым инженер-механик болғандықтан, бастапқыда бұл жұмысты күнделікті қызметпен қатар алып жүрдім. Тек 2011 жылы ағаштан түйін түюге түбегейлі бел будым. Қолөнерге бала кезімнен әуестігім бар еді. Әуелі екі көмекшімен бастаған кәсібім біртіндеп алға басты. Қазір 20-дан астам адамды жұмыспен қамтып отырмын. Үй жиһаздарын жасаумен қатар, ескі дүниелерді де заманға сай жаңғыртып, қайта өңдейміз. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының филиалы арқылы несие алып, Құлсарыдан дүкен аштық. Қазір тапсырыс берушілер көп, сұраныс күннен күнге артып келеді. Қажетті материалдарды Ақтөбе, Орал, кейде Ресей, Түркия елдерінен де алдырамын. Цехта кәсіпке қажетті барлық құрылғы бар. Тапсырыстың артқаны соншалық, Батыс өңірі бойынша тұрақты тұтынушылар қалыптасты. Ақтөбе, Атырау, Орал, Ақтауға жеткізу жұмыстары тегін. Қонақжай халықпыз ғой, тойларда қонақтарға кәдесый ретінде ағаштан жасалған отандық бұйымдарды ұсыну да кеңінен үрдіс алып жатыр. Бұл бағытта қиялдан түрлі бұйымдарды жасап шығарып жатырмыз. Алдағы басты мақсат кәсіпті дамытып, тауарларды шетелге шығарғым келеді, — деді Дүйсенбай шебер.
Қазірдің өзінде кәсібін дөңгелентіп отырған ол ағаш өнерін дамыту мақсатында шәкірт тәрбиелеуге де ден қойған. Осы мақсатта оқу орталығын ашып, жұмысын жандандыруда
ЦИТРУСТЫ БӘСЕКЕ: ӨҢІРДІҢ ӨЗ ЛИМОНЫ БАР
Жері сортаң, топырағы тұзды, əрі құнарсыз болып келетін Атырауда тропикалық жемістің бірі – лимонды да өсіруге болады. Көрме сөрелерінде ерекше көзге түскен де осы жеміс. Бір қызығы, бұл өнімнің түсі апельсинге ұқсас, бірақ сыртқы пішіні лимон секілді, алыстан «менмұндалап» тұр. Мұның қыры мен сырын бізге Атырау қаласы Еркінқала ауылындағы «Раяна» жеке кəсіпкерлігінің басшысы Салтанат Жұбаева айтып берді.
– Бұл негізінен агроном анам Марияш Құрбаниязованың еңбегі. Біз əуелі қаладағы көпқабатты үйде тұрдық. Анам бөлме гүлдерін өсіргенді жаны сүйетін. Бірде кəдімгі лимонның дəнін гүлдің ыдысына егіп, оны баптады. Биіктеген сайын ыдыстарын ауыстырып отырды. Күндердің күнінде оның үлкейгені соншалық, пəтерде өсіру қиындай түсті. Анам қалай болғанда да бұл жеміс ағашын жандандыруға бел буды. Жер телімін алып, жылыжай салуды жоспарлады. «Даму» кəсіпкерлікті дамыту қорының өңірдегі филиалы арқылы несие ресімдеді. 40 сотық жер алып, жоспарларын іске асырды. Сөйтіп, пəтерде өскен тропикалық жеміс ағашы 2018 жылы жылыжайға отырғызылды. Анам бұдан өскіндер алып, бір емес, бірнеше ағашты өсірді. Жылыжайда күні-түні жанын салып еңбек етіп, жеміс ағаштарын балаша күтті, — дейді Салтанат.
Өкінішке қарай, анасы осыдан үш жыл бұрын дүние салып, оның ісін қызы Салтанат жалғастырып келеді екен. Бүгінде лимон мен апельсинді будандастырып, жаңа жеміс түрі өсіп шығыпты. Жаңа өнімді 2020 жылдан бері нарыққа ұсынып, сатып та жатыр, тұрақты тұтынушылары да бар. Бағасы халыққа қолжетімді, азық-түлік дүкендерінде де келілеп сатылады.
– Атыраудың желі мен ыстығына тропикалық жемісті өсіру, əрине, қиын. Жылыжайда өссе де, бұлар ерекше күтімді қажет етеді. Күн тікелей түспеуі қажет. Қатты салқын мен ыстықты ұнатпайды. Дымқылды жақсы көреді. Жас өскін əуелі кішкентай ыдысқа егіледі. Ыдысын ауыстыра отырып, бес жылдан кейін ғана жерге отырғызуға болады. Үш жылдан кейін жеміс береді. Өнім беруі тікелей күтімге байланысты. Цитрусты топырақты Мəскеудің агродүкендерінен алдырамыз. Оны Атыраудың құнарлы жерлерінен алынған топырақпен араластырып егеміз. Табиғи өнім болғандықтан, тыңайтқыш көп берілмейді. Бір ерекшелігі, ағаш гүлдеп тұрған кезде де жеміс бере береді. Тек құбырдан аққан суды тікелей құюға болмайды. Бөлме температурасында суды тұндырып, қажетті дəрілерін араластырып суарады. Бүгінде жылыжайда өнім беріп үлгерген үлкен 20 ағаш бар. Одан бөлек кішкентай өскіндер де көп. Тропикалық ағаш негізінен бір тонна көлемінде жеміс береді. Ал, қазір менің ағаштарымның биіктігі – 6 метр. Əзірге бір ағаш 20 келіге дейін жеміс беріп тұр, — деді кəсіп иесі.
Негізгі мамандығы есепші Салтанат Жұбаева бүгінде тропикалық жеміс ағаштарын өсіруде бесаспап маманға айналған. Дəнді қалай егуді, күтім тəртібін, көшет отырғызудан бастап алғашқы өнім алғанға дейін қандай шараларды атқару керектігін тəжірибе жүзінде жетік меңгерген ол аграрлық оқу орталығын ашып, өз білімін басқаларға үйретуді де жоспарлапты. Сондай-ақ, қазір ол лимон мен мандаринді біріктіруді қолға алған. Келешекте бұл өнімдерді патенттеп, атыраулық бренд жасағысы келеді. Қазақстанның басқа қалалары мен шетелге шығару да ойда бар.
Бүгінде оның 5 жылыжайында лимоннан басқа, өрік, нектарин, алма, шие секілді жеміс ағаштары өсіп тұр. Осылайша, байқау-көрмеде жергілікті өнімдердің ерекше алуан түрі ұсынылды. Атыраулық тұрғындар мен қонақтар оларды тамашалап қана қоймай, сатып алып та жатты. Шара барысында жеңімпаздар дәстүрлі түрде үш номинация бойынша таңдалды. Нәтижесінде, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша «JM KZ», «Borkit Safety LLP» ЖШС және «KUANYSH» жеке кәсіпкерлігі үздік деп танылды. Ал, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясымен «Абылай хан» жеке кәсіпкерлігі жеңімпаз атанды. Дәл осындай марапат «Найзабеков» ЖК мен «GIANSAR COMPANY» ЖШС-не берілді. «Халық үшін үздік тауарлар» номинациясы «Global Textile Manufacturing» ЖШС және «Достық», «Аймурзаева Г.П.» жеке кәсіпкерліктеріне бұйырды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суретті түсірген автор