АТЫРАУДАҒЫ СУБҰРҚАҚТАР ҚАШАН ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ?

screenshot 20220607 150608 Шаһар шырайы

Атыраудағы субұрқақтар жөндеу жұмыстарынан соң, кезең-кезеңімен іске қосылады.

Бұл туралы қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің Транспорт, энергетика және байланыс секторының меңгерушісі Нұрбек Монтаев мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміне қарасты субұрқақтар қала бойынша 6 жерде орналасқан. Олар орталық айналма жол маңында, Жастар саябағында,  облыстық әкімдіктен Байбарыс көпіріне дейінгі жағажайда, Бейбарыс, Махамбет-Исатай және Тутұғыр алаңдарында орналасқан. Барлығы 30 субұрқақ бар.

  • – Солардың ішінде қазіргі уақытта Бейбарыс, Тутұғыр, Махамбет-Исатай алаңындағы жаяуларға арналған субұрқақтар жұмыс істеп тұр. Қалғандарының соңғы уақыттағы нөсер жауынның әсерінен жер асты шахтасы суға толып, кейбір қосалқы бөлшектері істен шыққан.  Қазіргі таңда «Самғау» ЖШС ашық конкурспен тендерді ұтып, 6-маусымнан бастап жөндеу жұмыстарына кірісті. Олар жер асты суларын шығарып, кептіру жұмыстарын жүргізуде. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң субұрқақтар кезең-кезеңімен іске қосылады, деді Н.Монтаев.

Сектор меңгерушісінің айтуынша, субұрқақтар толықтай маусым айының аяғына дейін іске қосылады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз