Атырауда «100 аула» жобасы басталды!
Атырау қаласында «100 аула» жобасын іске асыру басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, пәтер иелері кооперативтері мен тұрғындардың ұсынысына сәйкес 100 ауланы абаттандыру көзделген. Қазір мұнайлы шаһардағы 70 ауланы абаттандыру бойынша мердігер мекеме анықталып, жұмыс басталды.
«Жасақталған жобаға сәйкес тұрғын үйлер аулаларында бірнеше жұмыс атқарылады. Оның ішінде автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдарын қалпына келтіру, кеңейту, автотұрақтар орнын салу, әсемдік қоршаулар мен түнгі жарық шамдар, балалар ойнауға арналған,.спорттық-жаттығу, кіші аяқ доп алаңдарын орнату, ағаштарды егу мен әртүрлі пішінде көркемдеу, қоқыс алаңшалары мен жәшіктерін орнату ескілді жұмыстары атқарылады. Биыл тұрғындардың сұранысына орай 6 жоба бойынша конкурс жарияланды. Конкурстың қорытындысымен «Атырау Көлік» және «Риголит» ЖШС мердігер ретінде танылды. Аталған серіктестіктер абаттандыру жұмысына кірісті», -деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қазір А.Құнанбаев көшесіндегі 30, 30А мекенжайындағы, Авангард-3, Авангард-4 шағын аудандарындағы тұрғын үй аулаларында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал, Балықшы, Вокзал маңы, Нұрсая, Мұнайшы, Авангард, Лесхоз, Водников, Тұрғын үй қалашығы шағын аудандары мен Азаттық, Қ.Сәтпаев, Б.Құлманов, Ө.Атамбаев және басқа көшелердегі аулаларда ойын алаңдары орнатылады.
Биыл қолға алынған «100 аула» жобасы келесі жылы да жалғасын табады. Қазір тағы «100 аула» жобасы жасақталады. Қазір келесі жылы жалғасатын жобамен абаттандырылатын аулалар тізімі жасақталуда. Осыған байланысты ұсынысты қалалық тұрғын үй инспекциясы бөліміне 87017902921 нөмірі және Атырау қаласы әкімдігінің фейсбук (Атырау қаласы әкімдігі) және инстаграм(atyrau_qalasy_akimdigi) әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы білдіруге болады», -деп мәлім етті әкімдіктің баспасөз қызметінен.