Жарнама
Шаһар шырайыҚоғам

Алаңсыз қарттық шақтың кепілі

Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің құрылғанына биыл 20 жыл толды. Осы уақыт аралығында ол талай рет өзгерістерге ұшырап, дамуын әлі де жалғастырып келеді. Сонымен қатар салымшылардың өз жинақтарын ұлғайта түсудегі белсенділігі де арта түсуде.

1-2-750x450-1

1990 жылдардың басында, тәуелсіз Қазақстанда нарықтық қарым-қатынас өз күшіне енген кезде, ескі – кеңестік зейнетақы жүйесі ыдырай бастады. Ұрпақтар ынтымақтастығы қағидасына негізделген бұл жүйенің өз дәуірінде нәтижелі, жемісті болғаны да рас. Әйтсе де, нарыққа көшкен шақта елде жұмыссыздықтың белең алуына және тұрғындардың қартаюына байланысты бұл жүйе тиімсіз бола бастады.

Сөйтіп, тығырықтан шығу үшін Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында зейнетақы реформасын бірінші болып жүзеге асырды. Реформа авторлары халықаралық тәжірибелерді мұқият зерттеп, құрамында жинақтаушы құрамдауышы бар аралас зейнетақы жүйесін таңдады. Осыған сәйкес 1997 жылы маусымда қабылданған ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңы 1998 жылы 1 қаңтарда күшіне енді.

Алғашында жаңа зейнетақы жүйесінің артықшылықтары айқын байқалмады, айлық табыстың зейнетақы қорына аударылатын 10% мөлшерін көп адам салық ретінде қабылдады. Олар бұл жарналардың жеке зейнетақы шоттарында жинақталатындығын, болашақ зейнетақының осы жинақтардың есебінен төленетіндігін анық түсіне алмады.

Зейнетақы қызметтері нарығында бірінші болып Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры (МЖЗҚ) пайда болды. Кейін біртіндеп жеке зейнетақы қорлары құрыла бастады және олар жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дамуына маңызды үлес қосты. Мысалы, салымшылар қорды өздері таңдап, оны ауыстыруға немесе мүлдем таңдамауға құқылы болды. Бұл жағдайда зейнетақы жарналары автоматты түрде Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорына түсетін.

Жинақтаушы зейнетақы қорлары бәсекелестік ортада салымшыларға тиімді шарттар ұсынуға тырысты. Алайда олар негізінен зейнетақы активтерін барынша табысты және тәуекелді қаржы құралдарына инвестициялады. Құнды қағаздарын жеке қорлар сатып алған компаниялардың бір бөлігі 2007-2010 жылдары Қазақстанның қаржы нарығындағы дағдарыс кезінде дефолтқа жол берді. Сонымен қатар кейбір қорлар тарапынан үлестес тұлғалармен көпе-көрінеу шығынды мәмілелер жасалғандығы анықталды. Сондай-ақ, жеке қорлар зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттарды әрқалай есепке алатын. Бұл салымшылардың бір емес бірнеше шотының болуына әкеліп соқты.

Азаматтардың жинақтарын басқару тиімді, әрі қауіпсіз болуы үшін 2013 жылы Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры базасында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды (БЖЗҚ). Жеке қорлардың активтері аталған қорға берілгеннен кейін әкімшілік және операциялық шығындар қысқарды, сондай-ақ, комиссиялық сыйақылардың мөлшері де екі есеге азайды.

Салымшылардың бірыңғай базасының құрылуының арқасында қате ашылған техникалық шоттардың саны қысқарды. Одан басқа, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жеке қорлардан мұра болып қалған мұндай шоттардың санын азайту бойынша жұмыстарды белсенді жүргізіп келеді. Енді үлестес тұлғалармен көпе-көрінеу залалды мәмілелер жасасу тәуекелі жойылды. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-тың зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен қаржы құралдары тізіміне сәйкес, еліміздің Ұлттық банкі инвестициялайды. Бұл ретте Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылуы зейнетақы жүйесінің өзгеруіне әкеп соқпағанын да атап кеткен жөн.

Қазақстанның зейнетақы жүйесі бұрынғыдай үш деңгейден тұрады: ортақ және базалық зейнетақы, сондай-ақ, жинақтаушы бөлік. Бүгінде зейнеткерлерге мемлекеттік бюджеттен базалық және ортақ зейнетақы төленеді. Бірақ бұл үнемі солай бола бермейді. 2040 жылдары 1998 жылға дейін еңбек өтілі болмаған адамдар зейнетке шыға бастайды. Демек, оларға ортақ зейнетақы төленбейді. Олар базалық зейнетақыны және өз жинақтары есебінен зейнетақы төлемдерін ғана алатын болады. Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескеріледі.

Зейнетақы жүйесінің барлық үш құрамдауыш бөлігін: егер 1998 жылға дейін еңбек өтіліңіз бар болса – ортақ зейнетақыны, базалық зейнетақыны және инвестициялық табыс қоса есептелген жеке жинақтарыңызды ескере отырып, болашақ зейнетақыңыздың болжамды мөлшерін enpf.kz сайтынан білуге болады.Бұл есептеулер адамдарға дұрыс қорытынды шығаруға көмектеседі. Өйткені, болашақта жақсы зейнетақы алу үшін өзіңіздің зейнетақы шотыңыздағы жинақтарыңыздың мол болуына қазірден бастап мүдделі болуыңыз керек.

Жұмыс берушімен еңбек қарым-қатынасын дұрыс рәсімдеп, зейнетақы жарналарының қорға тұрақты аударылып тұруын қадағалаудың маңызы өте зор. Бұдан өзге, қорға ерікті зейнетақы жарналарын аударып тұрған жөн. Бұл болашақта алатын зейнетақының мөлшерін ұлғайтуға септігін тигізеді.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз тарапынан ерікті зейнетақы жоспарларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүдделі және әрбір салымшыға кәсіби кеңесші болуға дайын. Егер зейнетақыны жоспарлауға жауапты қарап, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мамандарының білімі мен тәжірибесін пайдаланатын болсаңыз, болашақта алар зейнетақыңыздың мөлшері де қомақты бола түсері анық.

Ойып беруге:

Атырау облысына қатысты шарттардың барлық түрлері бойынша 2018 жылдың 1 қыркүйегіне қарай 373 772 жеке зейнетақы шоттары тіркелген. .

Олардың ішінде:

*  352 671 ­– міндетті зейнетақы жарналары шоттары

* 20 427 – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары шоттары

*  674 – ерікті зейнетақы жарналары  шоттары

Зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы – 522, 9 млрд. тенге

Зейнетақы жүйесі — бұл халықтың барлық топтарын қамтиды. Сондықтан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Атырау облыстық филиалы зейнетақы заңнамасының өзгеруіне байланысты бірқатар мәселелер бойынша халық арасында ақпарат беру жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру шараларын жүргізу жұмысы биыл облыстың жеті аудынында өткізілді. Кездесу барысында жергілікті тұрғындардың сауалдарына жан-жақты жауап берілді.

 

 Бақытжан Жұмат

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button