Жарнама
Шаһар шырайыҚоғам

Ақындар рухына тағзым (ФОТО)

Облыстың айнасына айналған «Атырау» газетінің шыға бастағанына биыл 95 жыл толуына орай мұнайлы өңірде ауқымды шаралар қолға алынды. 

Айтулы күнге байланысты Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, ҚР Ұлттық-мемлекеттік Кітап палатасы директорының орынбасары Маралтай Райымбекұлы, «Қазақ Әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, танымал журналист, ақпарат саласының үздігі Қуат Әуесбайұлы, «Егемен Қазақстан» РГ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қамен және Атыраудағы сала ардагерлері ҚР Мемлекеттік Әнұранының авторы Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оның рухына тағзым етті.

????????????????????????????????????

Шараның ашылуында «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов талай жыр дүлділдері мен қылқалам иелері дүние келген қасиетті Атырау топырағына ат басын тіреген мәртебелі меймандарға «қош келдіңізін» айтып, сөз сөйлейді.

–  Біз басылымның осынау тойына орайластырылған шараны ҚР Мемлекеттік Әнұранының авторы, көрнекті ақын, шалқар дарын иесі Жұмекен Нәжімеденовтің рухына тағзым етіп, оның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастауды жөн көрдік. Жұмекен Нәжімеденов – тұлғалы талант. Ол туралы күллі Алаш жұрті біледі. Қашан да қазақ поэзиясы жөнінде сөз қозғала қалса, Жұмекеннен айналып өту мүмкін емес. Оның қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі зор, ол ерекше құбылыс болып келді, поэзияда ерекше өрнек салды. Ақын қазақ лирикасын тақырыптық жағынан байытып, оның мазмұнын тереңдетті. Пішінін жетілдіріп, жанрлық жаңа белестерге биіктетті. Бүгінгі күнде тұлғамыздың рухына тағзым ету – бізге парыз.  Оның тұңғыш шығармалары біздің газетте жарық көрді, — деді Исатай Құндызбайұлы.   

????????????????????????????????????

Бұдан соң зиялы қауым өкілдері Мемлекет және қоғам қайраткері, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың ескерткішіне аялдады.

Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасының орынбасары, Президент сыйлығының лауреаты Мереке Құлкенов:

– Фариза қазақ үшін үлкен тұлға. Ол мектепте мұғалім болып, кейін «Атырауда» қызмет етті. Басылымның қазанында қайнап, журналист болып қалыптасты. Одан кейін Шерхан Мұртаза, Зейнолла Қабдоловтар оның қабілетін байқап, білді. Оған дейін «Лениншіл жаста» тілші болып қызмет етті. Оның осы тұста ақындығы да ерекше танылды. Талай журналистерге ұстаз болды. Ол әсіресе балалар журналистикасын қалыптастыруға біраз еңбек сіңірді. Ол балар газет-журналдарының редакторларының редакторы. Сондықтан, газеттің торқалы тойында Фаризаның жан-жақтылығын айрықша айту – бізге парыз, — деді Мереке Құлкенов.

????????????????????????????????????

Шара барысында сала ардагері Төлеген Берішбай және «ТШО» ЖШС-нің үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Мәрия Қаражігітова да өз естеліктерімен бөлісті.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button