Жарнама
Шаһар шырайы

Ақпарат айдынының тарланы

Сенбі күні «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспасөз орталығында өзінің бар саналы да мағыналы ғұмырының жартысынан көбін журналистикаға арнаған, қиын кезеңде «Атырау» телерадиокомпаниясын басқарып, қазығын қағып, уығын көтерген, білікті басшы, шебер ұйымдастырушы, қарымды қаламгер, абзал азамат ретінде танылған Айтқали Нұрғалиевтың 70 жасқа толу мерейтойын атап өтуге арналған салтанатты шара өтті. Оған мерейгердің тұстастары, жора-жолдастары, әріптестері мен ұжымдастары келді. Жиналған көпшілік төрден орын алған салтанатты сәттің басты қаһарманы Айтқали аға мен мерейгердің жан серігі, асыл жары Роза Әшімқызын зор қошеметпен қарсы алды.

Айткали Кумаргалиулы

Жылы жүзді басқосуды ашып, жүргізуші Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Жаңабайұлы жетпістің желкенін керіп ортамызда жүрген Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері Айтқали Құмарғалиұлының өмір жолы мен шығармашылық және қоғамдық қызметі туралы баяндады.

Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп келіп, еңбек жолын облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде тілшіліктен бастап, редакцияның бөлім меңгерушісі, он жылға жуық облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызметінен кейінгі өмірін ол өзінің сүйікті мамандығы журналистикаға арнады. Айтқали Құмарғалиұлы облыстық телерадио хабарларын тарату комитетінің төрағасы ретінде 90-шы жылдары облыс телеарнасын өмірге келтіріп, материалдық-техникалық базасын жасақтауда, заманауи қондырғылармен, телеаппаратуралармен жабдықтауда өзінің ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, ұжым жұмысын республикада алдыңғы қатарға шығарды.

Облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қоғамдық жұмысын да асқан жауапкершілікпен атқарды. Облыс пен қаланың «Атырау» атануына, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге қосқан үлесінің өзі бір төбе. Айтекеңнің дайындаған сценарийі бойынша түсірілген жеті сериялы «Өзен өз арнасымен ағады» және «Тағдыр» атты телефильмдерді, «Мақаш әкім» кинофильмін көгілдір экран көрермендері жоғары бағалады. Оның «Өзге емес, өзім айтам…» атты замандастары мен әріптестері туралы жазған кітабы оқырманына жол тартты.
Кездесуде ардагер журналисті мерейлі жасымен «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ерболат Қаменов, облыс әкімі аппаратының баспасөз жетекшісі Саламат Сабыр, облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғабдібек Хабиров, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, мәдениет қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы Қуандық Батыров, ұжымдастар, облыстық ішкі саясат, тілдерді дамыту басқармалары мен журналистер ұйымы атынан құттықтауларын жолдап, сый-сияпаттарын көрсетті, қазақы дәстүрге сай мерейгердің иығына шапан жапты.

Салтанатты шарада әріптестері Қилыбай Қуанышбайұлы, Любовь Монастырская, Атырау облыстық сотының төрағасы Марғұлан Бектұрғановтың атынан Атырау қалалық сотының судьясы Ғизатолла Отаров, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов, облыстық «Қазақстан-Атырау» телеарнасы кәсіподақ ұйымының жетекшісі Слухия Қаттарқызы сөйлеп, Айтқали Құмарғалиұлының аймақта тележурналистиканың негізін қалап, қалыптастырудағы, маман кадрлар дайындап, тәрбиелеудегі қосқан айрықша еңбегіне тоқталып, адами асыл қасиеттері, өміріндегі кейбір қызықты жайттарды әңгімеледі. Мерейлі жасқа толуымен құттықтап, ақжарма көңілден шыққан ақ тілектерін ақтарды.

Айтекеңнің құрдастары мен сыныптас достары атынан сөз алған Зұлбұхар Сүйнешев, елге сыйлы азаматпен партиялық, шығармашылық және қоғамдық қызметтерде бірнеше мәрте өз тағдырын тоғыстырған абзал ағаларының бірі Парух Марданов оның азаматтық келбетін, өңірдің рухани дамуына қосқан үлесін тілектеріне арқау етті.

— Айтқали екеуіміз облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінде бірге қызмет атқардық. Кейін облыстық қазақ тілі қоғамында, облыстық телерадио компаниясында оның қарауында қоян-қолтық жұмыс жасадым. Азаматтық биік болмысына, жоғары парасат-пайымына, білгір де білікті басшылығы мен шебер ұйымдастырушылық қасиетіне талай тәнті болдым. Облыста ана тіліміздің болашағы үшін өлшеусіз үлес қосып, оның шын жанашыры атанған Айтқали ініміздің келген жасы құтты болсын. Ұрпақ қызығын көріп, Роза екеуіне әдемі қартаюды нәсіп қылсын дейміз, — деді Парух Нәжімеденұлы.

Белгілі журналист, ақпарат айдынының ақиығы Айтекеңнің 70 жылдығына орай Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншілері Шолпан Мұқашева мен Асхат Әмірғалиев әуезді әсем әндерін жолдады.
Мұнан соң мерейгер сөз алды.

— Журналистика мамандығын таңдауыма себепкер, әрі, өміріме жол сілтеген жан Иманғалиев Рахмет ағай болды. Алғашқы тырнақалды мақалаларымды мектепте оқып жүргенде жазып, қоғамдық негіздегі тілші атандым. Бойымдағы жазу қабілетімді көрсетуіме облыстық газетте Теңдік Жауырұлы үлкен қамқорлық көрсетті. Шәкірт ретінде өмір бойы қарыздармын. Менің басты ұстанымым – адалдық, шындықты айту, ұлт санасын оятуға, тіл мәртебесін көтеруге үлес қосу болды. Облыстық телерадио компаниясын екі рет сегіз жылдан он алты жыл басқардым. Өмірге қанат қаққан талай шәкірттеріммен де мақтана алатын жағдайдамын. Бүгінгі мерейтойымды атап өтуге мұрындық болған «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің ұжымына зор ризашылығымды білдіремін.
Ақпарат айдынының кәнігі тарланы, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Айтқали Нұрғалиев әлі де сапта. Ол – «Атырау-Ақпарат» ЖШС ардагерлері кеңесінің төрағасы, кейінгі толқын жас журналистердің ұстазы.

Бақытжан ЖҰМАТ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button