ӘЗІРБАЙЖАНМЕН ӘРІПТЕСТІК АРТАДЫ
— Әзірбайжан мен Қазақстан мемлекеттері арасында саяси, экономикалық байланыс қана емес, соңғы жылдары кәсіпкерлік саласы бойынша да тығыз байланыс орнады. Соның бір нақты айғағы ретінде күні бүгін аймағымызда Әзірбайжан капиталының үлескерлік қатысымен сегіз мекеме тіркелген. Алайда, бұл әлі де жеткіліксіз. Біз бүгін инвестициялық жобаларымызды ұсынып, сол бағытта әріптестік қарым-қатынаста жұмыс жасайтын боламыз, — деген ол екі ел арасындағы іскерлік жобаларды дамытуға облысымызда мүмкіндіктің мол екенін айтты.
Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы елшісі Рашад Маммадов Атырау облысының кәсіпкерлерінің ұсынар инвестициялық жобалары болса, капиталдық үлескерлікпен бірлесе жұмыс жүргізуге дайын екендерін мәлімдеді.
Жиын барысында алдағы жылдары екі елдің тауар айналымын арттыру бағытында бірлесе жұмыс жасауға әзір екендерін айтқан әзірбайжандықтардың сөзінен кейін, облысымыздағы кәсіпкерлер де өздерінің инвестициялық жобалары жайында ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, «Казкомсервис» ЖШС-нің өкілі тұрғын үй құрылысы комбинатын салуға құлшыныс білдірсе, «Арай» ШҚ жетекшісі Жұмахмет Хұбайдуллин агрокешен шаруашылығын ашуға қолдау қажеттігін сөз етті.
Атыраулық кәсіпкерлердің сөзін тыңдаған елші Рашад Маммадов ұсыныс-тілектерді сараптап, бірлесе жұмыс істеу мүмкіндіктерін қарастыратынын жеткізді.
Әзірбайжандық делегация Атырауға келген сапарында кәсіпкерлермен кездесіп қана қоймай, екі ел арасындағы әріптестік нышаны ретінде қаладағы Махамбет көшесі бойынан «Emvawood» деп аталатын жиһаз дүкенінің ашылуына қатысты. «Emvawood» компаниясының батыс аймақтық өкілі Самир Падалов компанияның Қазақстанда әзірбайжандық жиһаз фабрикасын ашуды да жоспарлап отырғандарын атап өтті. «Компаниямыз тек экологиялық табиғи таза өнім өндіреді. Үйге қажетті жиһаздардың барлық түрлері бар. Дизайны да заман талабына сай, сапасы да жоғары. Біз өзіміздің 25-ші дүкенімізді Атыраудан ашып отырмыз» — деді ол.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА.