Жылыой тұрғындарының депутатқа айтар талап-тілегі көп

zhylyoj 1 Саясат

Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Әділ Жұбанов Атырау облысына жұмыс сапары кезінде Жылыой аудандарының тұрғындарымен кездескен болатын.

         Жылыой – еліміздегі ең ірі мұнай өндіретін аудан болғанымен, проблемасы бір басына жеткілікті өңір. Басты мәселенің бірі – Қосшағыл ауылындағы №2 мектептің жағдайы.

Депутат ең алдымен мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына сәйкес күрделі жөндеу жұмыстары тоқтап тұрған мектептің жай-күйімен танысты. Мектеп оқушыларды қабылдауға дайын болмаса, оқушылардың басқа елді-мекенге қатынап оқуына барлық жағдай жасалуы қажеттігін тиісті сала басшыларына тапсырды.  Әзірге ауыл халқы елді-мекенде басқа мектеп болмағандықтан, балаларын бастауыш мектепте оқытуға мәжбүр.

zhylyoj 2

Сапар барысында Құлсары қаласындағы кәріз су тазарту имаратының ағымдағы жағдайына да зерделеу жасалды. Бүгінгі таңда нысанның жағдайы сын көтермейді, әбден тозығы жетіп, істен шығудың аз-ақ алдында тұр. Себебі, Құлсары қаласының аумағы жылдан-жылға ұлғайып, яғни жаңадан ықшам аудандар қосылуда. Жаңадан кәріз су тазарту имаратын салу қажеттілігі туындап отыр. Кәріз су тазарту имаратынан тазартудан өткен техникалық суларды көгалдандыру, абаттандыру, құрылыс жұмыстарына пайдалану – ауыз суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

zhylyoj 3

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов Құлсары қаласы «Атырау» ықшам ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 5 қатарлы 100 пәтерлік үш үйдің құрылысымен арнайы барып танысты. Жалпы құны 8 млрд 354 млн теңгені құрайтын, құрылысы 2019 жылы басталған нысанды құрылыстағы кемшіліктер салдарынан мемлекетке қабылдау жұмыстары жүргізілмей отыр.

Мердігер компания 5 қабатқа су жеткізу үшін 50 текше метрлік 4 резервуар салу жұмыстарын дұрыс жүргізбеген. Мердігерлердің жауапсыздығы, қалыптасып отырған жағдайда жергілікті атқарушы органдардың дәрменсіздігі салдарынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтар өз кезектерін жылдап күтуге мәжбүр. Мәселенің жай-жапсарына қаныққан Әділ Жұбанов жергілікті әкімдікке құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтап, тұрғын үйлерді жыл аяғына дейін пайдалануға беру мақсатында қажетті жұмыстарды шұғыл арада жүргізуді тапсырды.

zhylyoj 4

Жылыой ауданына сапары барысында Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов Құлсары қаласынан он шақырым жердегі мұнай қалдықтарының орынымен танысып, қоршаған ортаға тигізіп отырған зиянды әсерін көзбен көріп қайтты. Көп жылдан бері экологиялық талапты өрескел бұзып, уақытында залалсыздандыру жұмысы жүргізілмей қалып қойған мұнай қалдықтарын залалсыздандырып, рекультивация жұмыстарын жүргізу және санитарлық талапқа сай қалпына келтіру мәселесі – Жылыой ауданы халқын толғандырып жүрген басты мәселенің бірі.

Жалпы, Жылыой ауданының қазіргі кейпі көңілді құлазытады. Республикадағы, қала берді облыстағы ең ірі мұнайлы мекен болып отырған ауданның даму темпі, архитектуралық келбеті, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының төмендігі, апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің, басқа де шешімін табуды қажет ететін проблемалық мәселелердің көптігі – аудан тұрғындарының да, жергілікті мәслихат депутаттарының да наразылығын тудырып келеді. Теңіз қалашығының іргесінде тұрса да, ауданда жұмыссыздар саны артып отыр. Халықтың лайықты деңгейде өмір сүруіне ауданда қажетті жағдайлар жасалмаған. Қазіргі таңда «Атырау-Құлсары» бағытындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолын ІІІ категориядан І категорияға ауыстырып, жолды кеңейтіп автобан ету мәселесі де өте өзекті болып отыр.

Н.Насыр

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз