ЖЫЛ АЯҒЫНДА ЖҰМЫС КӨП
Атырау облыстық қаржы басқармасының басшысы Бағытжан Жылқыбаев баяндағанындай, қазіргі күні облыс бюджетінің шығыстары бойынша қалдық 13 млрд. 540 млн.теңгені құрап отыр, оның ішінде 3 млрд. 889 млн.теңгесін трансферттер мен кредиттер қалдығы құрайды. Бюджетті нақтылау бойынша қысқартылған қаржылардың анықтамалықтары мен келісім-шарттарды бұзу жөніндегі қосымша келісімдер Тәуелсіздік күні мерекесі кезінде де жұмыс істеген қазынашылық органдарына ұсынылған.
Бағытжан Мазғалиұлы өткен айлар бойынша қандай басқармаларда игерілмеген қаражат қалып отырғанын жасырмады. Атап айтсақ, энергетика басқармасында электрлендіру бойынша 248 млн.теңгедей, білім беру басқармасында «Жол картасы» аясындағы күрделі жөндеу бойынша 53 млн.теңге, ауыл шаруашылығы басқармасында ветеринар қызметтерін жабдықтауға бөлінген 62 млн.теңге, құрылыс басқармасында Индер КОС бойынша 178 млн.теңге, ауылдық-дәрігерлік амбулаториялар құрылысы бойынша 62 млн.теңге қаржының сұрауы бар.
Бұдан кейін барлық аудан әкімдерінің есебін мұқият тыңдаған облыс әкімінің бірінші орынбасары олардың жұмысына сын айтып, қайткенде де жыл аяғына дейін бөлінген қаржыны игеруде жүз пайыздық межеден көріну керектігін естеріне салды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе коммуналдық берешектердің төленуі жөнінде болды. Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ақылбек Байшаханов облыс бойынша жылу беру маусымының тұрақты өтіп жатқанын жеткізді. Атырау қаласы бойынша «АтырауЖылуЭлектрОрталығы» АҚ, «АтырауСуАрнасы» КМК, «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС, Балықшы ықшамауданындағы «Куспанова К.С» жеке кәсіпкерлігінің жоспарланған жылу қазандықтарына, жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жылыой ауданы бойынша анықталған мәселелерге қатысты арнайы іс-шара жоспары жасақталып, жұмыстар жүргізілуде.
Мәселені талқылау барысында Ғұмар Ислямұлы алдағы қыстың суық күндері мен жаңа жылдық демалыс күндері судың, жылу мен жарықтың мүлтіксіз берілуі мен оқыс жағдайларды болдырмау керектігін еске салып, тәулік бойғы кезекшілік жайын пысықтап өтті.
Сондай-ақ, облыстық әкім-шілік жіті назарда ұстап отырған азық-түлік бағасын тұрақтандыру қоры бойынша атқарылып отырған жұмыстар да назарға ұсынылды. Ол бойынша баяндаған ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев көлікпен және оператормен толықтай қамтылғандығын және аудандарға азық-түлік жеткізуде ешқандай проблеманың жоқтығын жеткізді. Соған қарамастан, көкөніс бағасының нарықта жоғары күйінде тұрғаны таңғалдырады. Оның үстінде, жекелеген аудандарға жуа, картоп, қырыққабат сияқты көкөністерге тапсырыс бергенмен уақтылы келмегені айтылды. Белгілі болғандай, сұралған өнімді апарғанмен қабылдау жағына келгенде түсінбестік туындап қалады. Кейде тұрақтандыру қорының өнімін әкімдіктің қызметкерінің қабылдап алуына тура келеді. Шындығында, мемлекеттік қызметшінің оған құқығы жоқ, бұл жерде заңды тұлғаның болуы міндетті.
Соңғы айларда жұмыртқа бағасының бірнеше теңгеге өсіп кеткені белгілі. Есеп бойынша, Атырау облысына жыл сайын тұтыну үшін 100 млн.жұмыртқа керек екен. Қазіргі таңда облыста осынша көлемдегі сұранысты қамтитын бірде-бір өндіріс ошағы жоқ. Осы орайда мынадай дерек те ортаға салынды. Жылдың басында бір кәсіпкермен жұмыртқа жеткізу жөнінде 2 млн. теңгеге келісім-шарт жасалып, бұл қаражаттың тең жартысы алдын ала төленіп қойған. Бірақ, тасып әкелінетін жақтағы жұмыртқа бағасының қымбаттауы себепті шығынның көбейгенін алға тартқан кәсіпкер тапсырыстың қалған бөлігін орындай алмаған. Қазірде оның ісі сотқа беріліпті.
Бұл арада бір емес, бірнеше кәсіпкермен келісім-шарт жасасқан қай тарап үшін де тиімді болар еді,-деп ескерткен облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев биылғы жылы атқарылуы тиіс іс-шараларды жыл соңына дейін жүзеге асыру жөнінде тапсырмалар беріп, жиналысты қорытындылады.
Құралай ҚУАТОВА.