ЖЫРҒА АЙНАЛҒАН ЖЕР ДАУЫ
Телім түгендеу түйткілдері
Жалпы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың айтуынша, жақында еліміздің Бас прокуроры Президентке қызметтік хат жолдап, республиканың кейбір өңірінде игерілмей жатқан жерге қатысты алынып жатқан шаралардың жеткіліксіз екендігін баяндапты. Солардың қатарында мұнайлы мекен де аталады. Тіпті, жер телімдерін бөлуде өрескел заң бұзушылықтарға жол беріліпті.
Енді Елбасы осы өзекті мәселе жөнінде әр аймақ басшыларының есебін тыңдамақ. Демек, облыс әкімдерінен жеке жауапкершілік сұралмақ. Яғни, бұл бағыттағы шаралар науқандық сипат алмай, жүйелі жүргізіледі. Мемлекет басшысы биылғы 11 қазанда Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде осы мәселеге тағы да тоқталып, жұмысты жандандыруды тапсыруы да сондықтан.
Әрине, мұндағы мақсат – халықтың иелігіндегі жерін тартып алу емес, оны тиімді пайдалануға қол жеткізу. Мәселен, даңғайыр даламызға егін егіп, мал бақса ше? Біздің облыстың жағдайында өзен жағасына орналасқан Индер, Махамбет және Құрманғазы аудандарында диханшылықты дамытуға болады. Қызылқоға мен Исатай аудандарында төрт түлікті түгел өргізуге мүмкіндік бар. Өндірістік өңір саналғанымен, Жылыой мен Мақат аудандарында да ауыл шаруашылығын шалқытуға жағдай жоқ емес. Атырау қаласының сыртындағы шаруа қожалықтары да өз ісін одан әрі өрістеткісі келеді.
Алайда, өңірдің кең-байтақ жерінің дені игерілмей жатыр. Сонау жекешелендіру жетегінде әркімге пайға берілген телімдер текке тозуда. Қазір қай ауданды аралап көрсеңіз де жан-жағын қоршап тастаған ұлан-ғайыр жерге кезігесіз. Кімдікі солар? Иелері қалай пайдаланып отыр? Тіпті кейбіреулер рұқсат етілген өлшемнен де артық жерді иеленіп, жамбасына басып жатыр. Түгендеуге барған мамандарды да кіргізбей, дау-дамай туғызған.
Енді бұлай болмайды. Мақсатты пайдаланбайды екенсің, онда мемлекетке қайтар! Мұны өз еркімен істемегендерге сот шешіміне бағынуға тура келеді. Рас, Махамбет ауданында бірқатар шаруа қожалықтары артық жерлерінен өздері бас тартып, кейін қайтарған. Оған қаладан барған кәсіпкерлер бастап егін егіп, алғашқы өнімдерін алған.
Ал, ауыл шаруашылығында артық жерлер қалай пайда болды? Мамандардың пікірінше, сонау жекешелендіру жылдары шаруагерлерге пайға таратылған жерлер сол адамдардың қолындағы бүгінгі мал санына сәйкес келмейді. Мәселен, әр сиыр мен жылқының бағымы үшін жер көлемі қанша болмағы қолданыстағы нормативтік актілерде көрсетілген. Ол қазіргі жағдайға үйлеспейді. Яғни, он мүйізді ірі қараға шақталған жерде біреуі ғана жайылып жүр. Басқа төрт түлікке қатысты да осындай ахуал қалыптасқан.
Міне, осындай жайттарға шолу жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев жиналғандарды орын алған олқылықтарды жоюға бағытталған құнды пікірлерімен бөлісіп, ашық әңгімеге шақырды.
ИЕСІЗ ЖЕР
БОЛУШЫ МА ЕДІ?
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Тұрарбек Сұлтанбековпен алдында әңгімелескенімізде, бүгінде о баста ауыл шаруашылығын дамытуға берілген 1288 гектарлық 17 жер учаскесінің иесі анықталмай отырғандығын айтқан. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй құрылысы үшін азаматтарға ұсынылған 3,5 гектарлық 37 телімнің де иесі кім екендігі белгісіз. Мұндай ақпаратты естігенде күлерімізді де, жыларымызды да білмегенбіз. Расында да, иесіз жер болушы ма еді? Ресми тіркелмеген оның құжаты кімнің қалтасында жүр екен?
Жалпы, қазір белгілі болып отырғанындай, жер телімдерін түгендеу шаралары басталған 2011 жылы құрылған жұмысшы тобы бастапқыда белсенділік танытқанымен, бүгінгі әрекеті тым мардымсыз. Бұл қала мен аудандардың бәріне де тән. Олар өздерінде мақсатты пайдаланылмай отырған жер телімдері жөнінде акті жасап, тиісті құжаттарын аумақтық жер инспекциясына тапсыруы тиіс еді. Міне, осы іс ақсап жатыр. Мәселен, Тұрарбек Сұлтанбековтің айтуынша, Атырау қаласы маңындағы «Алғабас, «Інжу-Маржан мекемелері ауыл шаруашылығына арналған едәуір көлемдегі учаскелерді қолданысқа енгізбей отыр. Демек, оларды кері қайтару шарасы алынуы керек емес пе? Мәселен, облыс орталығы төңірегінде анықталған 2 000 гектар жер учаскесінің 21 гектары ғана айналымға тартылған.
Бүгінде жер учаскелерін жалға беру жөніндегі шарттар жаңа нұсқаға сәйкес қайта жасақталуда. Содан соң қажетті құжаттар әділет органдарында тіркелуі тиіс. Исатай, Құрманғазы, Махамбет аудандары осы жұмысты да аяқтамаған.
Өткен жылы мемлекеттік тапсырыс негізінде Индер, Махамбет және Қызылқоға аудандарындағы ауыл шаруашылығы алқаптары түгенделіп, нәтижесінде 59300 гектарлық 291 жер учаскесі мақсатты пайдаланылмай отырғандығы белгілі болды. Мұндай шара биыл Жылыой мен Мақат аудандарында жүзеге асырылып, текке жатқан 18200 гектарлық 14 жер учаскесі анықталыпты. Рас, мұндай жерлердің бірқатары мемлекет меншігіне қайтарылып та жатыр. Бірақ, облыс бойынша 49 197 га жер учаскесі мақсатты пайдаланылмай жатқандығын ескерсек, қыруар байлықтан қағылып отырмыз.
Алдымен
адам тағдырын ойласақ…
Жеке тұрғын үй үшін берілетін телімдерге қатысты ахуал да алаңдатарлық. Былтыр өңірде азаматтарға сонау 2005-2010 жылдары берілген телімдер тексерілді. Соның нәтижесінде 805 жер учаскесінің игерілмей жатқандығы анықталды.
Жоғарыда айтылғанындай, бұдан екі жыл бұрын басталған түгендеу нәтижесінде жеке тұрғын үй салу үшін берілген 78,5 гектарлық 805 телім текке тұрыпты. Бүгінде солардың 20 гектарлық 207-сі ғана қайтарылған. Аумақтық жер инспекциясының басшысы Ғибрат Сүлейменовтің айтуынша, бұл бағытта Махамбет ауданындағы ахуал ауыр. Мұнда ұзақ уақыттан бері қолданысқа енгізілмеген жер телімдері жетерлік.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Тұрарбек Сұлтанбеков келтіріп отырған деректерге қарағанда, жақында Қайыршақты селолық округі бойынша ғана прокуратура органдары 70 уақытша берілген жер телімдерінің пайдалану мерзімі өтіп кеткендігін анықтаған.
Мұндай жағдай қалай қалыптасып отыр? Алдымен, қазіргі қолданыстағы заңдылықтар бойынша 18 жасқа толған Қазақстанның әрбір азаматына он сотық жер тиесілі. Мұндай мөлшер сонау жылдары Парламенттің бірқатар депутатының «бізде жер көп емес пе, несін қызғанамыз, әркімге қажетіне қарай берелік» деген жомарттығынан кейін белгіленіп кетті. Қазақтың әр отбасында кем дегенде бес адам бар десек, оларға кезегі келгенде жарты гектар жер беріледі екен. Соның бәрін бір отбасы мүшелері алақанымен басып отыра ма? Артығын сатуға шығарады. Міне, жер саудасы осылай пайда болды.
Одан әрі, кезінде инженерлік құрылымдармен қамтамасыз етілмеген жерлер де таратылды. Үкімет тапсырмасы солай болатын. Жеке баспана салушыларды қолдау қажет еді. Бірақ, ауыз суы мен электр энергиясы тартылмаған, жолы мен байланыс желісі жүргізілмеген жерге кім үй салады? Ертеңгі күні жарықсыз отырмақ па? Әйтсе де, жер телімдері сұрағандарға беріле берді.
Сонымен қатар, үгіт жұмыстарының нашарлығынан жер телімін алғандардың дені оның өлшеулі мерзімге берілгендігін тіпті де білмейді. Қазір де шектеулі екі жылы өтіп, үшіншісіне аяқ басса да «жер менікі, қашан пайдалансам да еркім» деп арқаны кеңге салып отырғандар бар.
Ақырында, расын айту керек, мүмкіндігі шектеулі жандар да аз емес. Бүгінгі алмағайып заманда жұмыстан босап, табыссыз қалғандар тұрғын үйлерін қалай салсын? Тіпті күнкөрістің өзі қиындамай ма? Басқосуда осы жайға баса назар аудару қажеттігі айтылды.
Әрине, заңды сақтау қажет. Бірақ, қайткенде де өз баспанасын салып алуға ұмтылып жүргендерді ұра берген де жараспайды. Жергілікті ахуалды жақсы білетін кейбір аудан басшыларының мұндай адамдарға түсіністікпен қарап, кешірімдік танытуы да содан болса керек. Елбасы да бұл бағытта асырасілтеушілікке жол берілмеуін тапсырып отыр. Өйткені, қай мәселені шешкенде де алдымен адам тағдыры есепке алынғаны абзал.
Әйтсе де, бұл түйткілді де тарқатуға болады екен. Ол үшін жергілікті әкімдер тиісті қаулы шығаруы тиіс. Сайып келгенде, бүгінде тұрғызылып жатқан үйлердің бәрінің дерлік жобалау-сметалық құжаттары жоқ. Тек жай сызбамен ғана салынуда. Мәселен, орташа деңгейдегі бір үйді тұрғызу үшін қанша уақыт қажет? Бұл туралы құрылыс нормативінде не айтылған? Рас, басқосуға қатысқан облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Мақсот Шәріповтің айтуынша, мұндай жағдайда әр мәселені дербес талқылап, жеке шешім шығарылғаны жөн. Қайткенде де, кез келген заң ел азаматының мүддесіне жұмыс жасауы керек.
ҚАТЕ ҚҰЖАТТАР ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?
Әйтсе де, жасыратыны жоқ, жер саудасын кәсіпке айналдырған кәнігілер де жетерлік. Мерзімдік баспасөз бен телеарналарда осындай хабарландырулар толып тұр. Олардың бағалары да анау-мынау адамның қалтасы көтерерлік емес. Міне, Президент тапсырмасы соларды сабасына түсіруге бағытталған.
Бұл басқосуда тағы білгеніміз – қолында тұрақты актісі бар адамдардың да екі жылдық мерзімге бағынуы. Яғни, осы уақытта тұрғын үйін салып алуға міндетті.
Міне, осындай кісілер шектеулі уақыты жақындағанда телімдерін өзгелерге сатып жібереді екен. Қулықпен туысқандарына өткізіп жіберетіндер де бар. Бірақ, кезегі келгенше шыдамай, жиған-тергенін төлеп, сатып алған азаматтар ше? Ертең заң талаптарынан солар зардап шекпей ме?
Осы орайда облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Мақсот Шәріповтің осындай бірқатар адамдардың құқықтары қорғалғандығы жөнінде айтуы көпшіліктің көңілінен шықты. Бұларды «адал сатып алушылар» деп тануға болады екен.
Келелі кеңесте біраз талас тудырған мәселе – сот орындарына тапсырылған талап арыздардың кері қайтарылуы. Бұл жөнінде түсінік берген Атырау қалалық сотының судьясы Анжелика Ізтілеуова түскен құжаттардың сапасыздығын айтты. Сотқа келетіндер де заңгерлер. Талапкер ретінде аумақтық жер инспекциясы танылады. Мұнда да өз ісін білетін мамандар отыр. Бірақ, судьяның айтуынша, әр талап арызда дерлік қателіктер өріп жүреді. Деректерді нақтылауға көп уақыт кетеді. Қанша түзеп, айтылғанымен, сол кемшіліктер келесіде қайталанады. Тек Атырау қаласынан жолданған кейбір құжаттар бойынша жылдан аса уақыттан бері ешқандай шешім алынбай жатқандығының себебі де осы.
Бұл ретте аумақтық жер инспекциясының басшысы Ғибрат Сүлейменов қателіктердің бастапқы құрылымдарда, яғни құзырлы орындарда кететіндігін айтады. Қалалық және аудандық жер қатынастары бөлімдерінің басшылары өздерінде жеткілікті мамандар жоқтығын алға тартады. Міне, осындай тұйық шеңбер қалыптасқан.
ТҮЙІН
Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қандай? Елбасының түйінді тапсырмасы, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар алдына нақты міндеттер жүктеуі бүгінге дейін орын алып келген олқылықтарды жоюға бағытталған. Оның мақсаты – жең ұшынан жалғасушылықты жойып, азаматтардың зайырлы мемлекетте қалыпты өмір сүруін қамтамасыз ету.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.