Жигули Дайрабаев: Азық-түлік тауарлары бағасының тұрақты өсуі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей және нақты төнген қауіп
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Павлодар облысы Екібастұз қаласының базарында болып аймақтық азық-түлік нарықтарындағы жағдаймен танысты. Сатушылармен, сатып алушылармен, өнім жеткізушілермен кездесті. Олардың ел өміріне қатысты пікірлерін тыңдады.
Сатып алушылар тарапынан бағаларға қатысты көптеген сұрақ болды. Негізінен бағаның тұрақсыздығы, оның үнемі көтерілетіні, тауардың қымбаттығы туралы айтылды. Сатушылардан отандық тауар өндірушілерден тауарларды жүйелі түрде жеткізу жоқ, сондықтан импорттық дайын өнімдермен жұмыс істеуге тура келеді деген шағым болды.
«Базардағы сатып алушылармен, сатушылармен әңгімелескен кезде өзімнің сайлауалды бағдарламамның және мен президенттікке ұсынған «Ауыл» партиясы ұстанымының дұрыстығына тағы да көз жеткіздім. Азық-түлік тауарлары бағасының тұрақты өсуі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей және нақты төнген қауіп. Азық-түлік қауіпсіздігі элементтерінің бірі – азаматтардың қол жетімді, қолайлы бағамен азық-түлік сатып алу мүмкіндігі. Бұл біздің елде жоқ. Мұның бәрі реттелуі үшін ең бастысы, күшті қолдау қажет. Қаптамаға ыңғайлы, сапалы, сұрыпталған өнім көп болуы керек. Ол үшін кооперативтер, сату кооперативтері құрылуы тиіс. Мемлекеттің аграрлық саясатын үйлестіру қажет. Ол үшін ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын құру қажет. Ауыл еңбеккерлерінің ауылда өндіретін өнімдерін дәл осы ұйымдар сатып алып, қалаға жеткізеді. Мұның бәрі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кооперациясы негізінде болуы тиіс. Бұған дейін көтерме сауда орталықтары болған. Бірақ ол әдеттегідей басталмай жатып жоқ болды. Жалпы идея өте дұрыс еді. Бірақ біздің шенеуніктер әдеттегідей бәрін керісінше жасады. Үй шатырдан емес, іргетастан бастап салынатынын қаперге де алмады. Тауар өндірушілерді тыңдамады. Жобаны жүзеге асырудағы түсініксіз идеялар мен механизмдер нәтижесінде бәрін тас-талқан қылды. Бағалар қолайлы болуы үшін ауылшаруашылық өнімдерін көбірек өндіріп, сапалы өнім шығару керек. Мемлекет шаруаларды ынталандыру үшін бәрін жасауы тиіс, сонда олар өнім көлемі мен сапасын арттырады. Ол үшін мемлекеттік қолдау жүйесін, оның ішінде әсіресе ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесін өзгерту қажет. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен сапасын арттыруды ынталандыруға бағытталуы тиіс. Субсидия түпкілікті өнімге төленуі керек. Бүгінгі субсидия кез келген адамды байытады, тек фермерлерді емес.
Егер кооперативтер туралы айтатын болсақ, қағаз жүзінде құрылған 2700 кооператив бар. Бізге түрлі бағыттағы нақты кооперативтер қажет», – деді Жигули Дайрабаев.
Екібастұздағы ерекше жағдай – еттің делдалсыз тікелей сатылымға шығарылатыны болды. Мұндағы ет басқа қалаларға қарағанда біршама арзан. Келісі 1700-1800 теңгеден саудаланады. Тарихи отаны Қазақстанға Қытайдан оралған қандас халал өнімдерін шығарады. Етті өзі мал өсіретін алыс ауылдан таситын оған Екібастұз қаласынан мал соятын орын керек. Бірақ кәсібін дамытқысы келген еңбек адамына қаладан орын берілмеген.
Бұдан кейін кандидат қалалық ақсақалдар кеңесімен кездесті. Олармен шахмат ойнай отырып, әңгімелесіп, біршама мәселені талқылады. Ақсақалдар кандидатқа зейнетақы активтерін басқаруды қалай жоспарлайтыны жайында сұрақ қойды.
«Ауыл» ХДПП Баспасөз қызметі