Жарнама
Саясат

ЖІГІТТІҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ

 

Мақсаткерлік

 — Мәке, мақсаткерлік деген үлкен ұғым бар. Кейде біз оны арманшылдықпен де алмастырып жүрміз.

— Мәселен, менің түсінігімде, арман – адамзаттың қияға қол созатын қиялы. Адамды алға бастайтын асыл ұғым. Ол тіпті де таусылмайды. Кісі жанары жұмылғанда ғана армандауын доғарады. Ғасыр жасаған адамды ақырғы сапарына шығарып салып тұрып, «е, не арманы бар, ұл-қызының, немере-шөбересінің алдында кетіп барады» дейміз. Ал, біз оның арманын білеміз бе? Мүмкін ол одан кейінгі ұрпағының да маңдайынан сыйпағысы келген шығар. Рас, адам ғұмыры өлшеулі. Алланың берген жасын қанағат тұтуға тура келеді. Міне, әркім асыл арманына қиялында қол созып жатып өмірден өтеді.

Өкінішке орай, адамның арманы орындала да бермейді. Кейде сол қиялдағы қол жеткізбес ғажайып дүние күйінде қалады. Мәселен, қыруар жұрты қабағына қараған орыс патшасы Павел ІІ әртіс болуды армандапты. Бірақ, тақ мұрагері ретінде ел басқаруға тура келген. Мүмкін одан тамаша әртіс шығар ма еді? Мұндай мысалдар аз ба? Қазір де «шіркін-ай, жас кезімде ақын немесе әнші болуды армандаушы едім» деп күрсініп отыратындар бар емес пе? Міне, адам арманының осылай сағынышқа айналып кететіні де бар.

Ал, мақсат – белгілі меже. Оған таудай талаппен, тастай табандылықпен қол жеткізуге болады. Мен Алматыдағы Қазақ политехникалық институтын тәмамдадым. Диплом алған соң өндіріске келдім. Аға жұмысшылардан мұнайшылықтың қыр-сырын үйрендім. Осы абзал жандардың жүктеген міндетті ісіне деген асқан жауапкершілігінен үлгі алдым. Солардың жоғары білімдері де жоқ еді. Бірақ, өмірден көргені де, көңілге түйгені де мол-ды. Бізге таудай тұлға болып көрінетін олар сол кезде 40-50 жастағы жігіт ағалары екен ғой.

Мұның бәрін неге айтып отырмын? Сол кезде жұмысшыларға ешқандай өндірістік жағдай туғызылмаған-ды. «Қара алтын» селін тасытушылар да, геолог-барлаушылар да ертеден кешке дейін жоспарлы тапсырмаларын орындауды ғана білетін. Күндізгі ауқатына үйінен ала шыққан аз-мұз асын пайдаланатын. Жуынатын жылы суы да жоқ. Қаудырлаған кенеп киімдерімен күндіз-түні мұнай өндіретін, жер қыртысын бұрғылайтын.  Тұрмысын түзеу жөнінде басшыларға талап та қоймайтын.

Міне, соның бәрін көргендіктен, қолыма билік тисе, алдымен жұмысшылардың жағдайын жеңілдетуді мақсат тұттым. Сондықтан, «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігі бас директорының орынбасары, Құлсары мұнай-газ өндіру басқармасы мен «Ембімұнайгаз» мекемесін басқарған кезімде жанымды бағып кеңседе отырғаным жоқ. Жұмысшылардың ортасында жүрдім. Неге? Өйткені, солардың қиындығын бөліскім келді.

Бүгінде мұнайшылардың тұрмысы түзелді. Өндіріс басындағы қазіргі жатақханалар – анау-мынау мейманханадан кем емес. Ыстық-салқын суы жүріп тұр, теледидар көрсетеді. Газет-журналдары уақытында келеді. Вахтадан бос уақытында спортпен шұғылданады. Қысқасы, барлық жағдайы бар. Әрине, мұның бәрін тек өз еңбегім дей алмаймын. Бірақ, сәл де болса септігім тигені сөзсіз. Ендеше, менің де бір мақсатымның орындалғаны ғой.

Құлсарыдағы Мұнайшылар паркі есіңде ме? Бала кезімізде, жастық шағымызда бос уақытымызды сонда өткізетін едік қой. Соның қалай құрып кеткені де жадыңда шығар. Әлдеқайдан көгалдандыру ісімен шұғылданам деп біреу келді. Сан жылдар бойы жайқалып тұрған тал-теректерді тамырымен отады. Орнына жаңасын егіп те үлгермеді, жұмысын тастап, келген жағына тайып тұрды.

Сенесің бе, ішім удай ашыды. Сол келімсек қолыма түссе, түтіп жер ме едім. Өмірімнің бір естелігіне балта шапқандай болды. Бір сәтті күні жаңа бақ орнатқым келді. Сол мақсатымды Құлсары мұнай өндіру басқармасының тізгінін қолыма алғанда жүзеге асырдым. Кеңсенің алдындағы бос алаңға ағаш егілді. Үлкендердің демалыс орны, балалардың ойын алаңы пайда болды. Жұртшылық жадырап қалды.

Бірақ, бұл да аз еді. Өйткені, саябақ көлемі тым шағын-ды. Одан үлкен жер телімі табылмады. Сондықтан, аудан әкімі ретінде ТШО компаниясымен бірлесіп, өткен жылы бірінші ықшам аудан маңында жас көшеттер егілді. Қазір олар күтімге алынған. Амандық болса, аз ғана уақытта қаулап өскелі тұр. Демек, тағы бір мақсатым жүзеге аспақ.

Көп мақтанып кеткенім жоқ па? Білесің бе, кейде мақтану да керек. Мақтаныш – біткен іске көңіліңнің толуы. Мақсатыңа жеткеніңе масаттану. Бұл – мақтанқұмарлық емес. Осы екі түсініктің де аражігін ажыратуға болады. Оны келесі сұхбатымызға қалдырайық.

Адалдық

— Жұбайың жеке ісін бастамақ болғанда қарсы болыпсың ғой.

— Қарсы болғаным жоқ. Заман ағымына орай әркімнің бизнеспен шұғылдануға құқы бар. Оған елімізде барлық жағдай туғызылған.

Рас, жеке көмек көрсетуден бас тарттым. Әйелім тіпті үйдегі үлкендерге де шағымданды. Бірақ, бәрібір басшылық қызметімді, лауазымды таныстарымды алға тартуға тыйым салдым. Менің мінезімді білетін басқалары да заңдылықты аттап өтпеді.

Өзің ойлашы, егер билігімді теріс пайдаланып, қомақты нысанды текке жекешелендіруіне мүмкіндік істесем, онда жұрттың бетіне қалай қараймын. Жалпы, өз басым елімізде жекешелендірудің бастапқы шаралары жүйесіз жүрді деп санаймын. Бұрын бізде мұндай тәжірибе жоқ еді ғой. Соның салдарынан берекетсіздік орын алды. Турасын айтқанда, талайлардың маңдай терімен құралған мемлекет мүлкі талан-таражға түсті. Мәдениет нысандарын су тегінге жекешелендіріп, кейін бірнеше есе қымбат бағасына қайта сатқандар арамызда әлі жүр. Бүгінде солар биік мінберлерден адалдық туралы айтады, жемқорлықпен күреске үндейді. Е, мейлі. Ал, өз басым қолымды арам асқа малғаным жоқ. Ешкім де «Ізбасов қызметін пайдаланып, ананы алды, мынаны иеленді» деп айта алмайды. Өйткені, мұндай нәрсе менде жоқ. Әке-шешем адалдыққа тәрбиеледі. Сол ақ жолдан әлі тайғаным жоқ. Адалдық – адамның ары.

Жалпы, адалдық ұғымы көлденең нәрсеге қол созбаумен ғана шектеле ме? Досқа адалдық бар емес пе? Әкем марқұмның жолдас-жоралары көп болды. Бәрін де тең көретін, бірін де ренжітпейтін.

Құдайға шүкір, менің де достарым баршылық. Олар – күннің көзі шықса, пайда болып, бұлт басса, көрінбей кететін көлеңке емес, нағыз достар. Қуанышты да бөлісеміз, қайғыға да ортақтасамыз. Әсіресе, әкем өмірден өтіп, өксігімді баса алмай жүргенімде сол достарым табиғат аясына алып шықты. Көңілімді көтерді, қайғымды тарқатты. Қалай ұмытармын оны? Бірақ, солардың ешқайсысы «ұл-қызымды қызметке орналастыр, дәрежемді көтер» деп орынсыз өтініш жасамады. Ал, қабілетін көрсетіп, қарымын танытқандарды қатарыма тартсам, ол – қажет кадрларды іріктегенім.

Мен үйдегі зайыбыма адалмын. Оның көңілін қалдырмауға, қалауын табуға тырысамын. Әйеліммен  институтты бітірген соң үйленіп, бейнелеп айтқанда, ауылға қос дипломмен оралдым. Бірі – білімім туралы құжат, екіншісі – осы сүйген жарым Тамара. Міне, содан бері қырық жылдан аса уақыт өтті, бірге келеміз. Әкемнен бата алды. Өзі де әлдеқашан ене атанса да, шешеме әлі күнге келін ретінде қызмет етеді. Ұл-қыздарымның анасы, немерелерімнің әжесі. Мен де ризамын оған.

Ақырында, атқарып жүрген жұмысыма адалмын. Мемлекеттік қызмет өкілі ретінде осы лауазымды сеніп  тапсырған Елбасы мен облыс әкімінің сенімін ақтауға тырысамын. «Қолда өскен атанның бота аты қалмайды» дегендей, мұнда мені бәрі таниды. Әкемнің көзін көрген, онымен тұстас жандар бар. Сәл мүлт кетсем, солар сынайды. Жалпы, Елбасының әр аймақты басқаруды сол өңірдің адамына тапсыруы – өте көрегендік. Біріншіден, елін біледі. Екіншіден, сол елдегі адамдардың алдында өзін күнде есеп беріп жүргендей сезінеді.

Қарапайымдылық

— Өзіңді қарапайым санайсың ба?

— Бұл сауалдың жауабын өзіңе кері жолдауыма да болар еді. Өйткені, талай лауазымды қызмет атқарғанымда кабинетіме кіре алмай кеткен кезің болды ма? Немесе «Ізбасов ешкімді қабылдамайды» дегенді естідің бе? Менде ондай тәкаппарлық болмаған. Қазір де жоқ, келешекте де кездеспес. Рас, кейде шұғыл істің шырмауынан шыға алмай қаламыз. Сондықтан, кейбіреулерді кідіртіп қойсам, сол сәтте мүмкіндігімнің болмағаны. Қазақ «ұлық болсаң, кішік бол» дейді. Мен осы ұғымды ұстанып келемін.

Өз басым қарапайымдылық қағидасын да таразыға тартамын. Ол адамның киген киімінен де, жүрген жүрісінен де, сөйлеген сөзінен де көрініс береді. Жалпы, қарапайымдылық – жоғары мәдениет үлгісі. Көпшілік ортада адамның өзін ұстай білуі де – соның бір көрінісі.

Менің әкем де біраз басшылық қызметті атқарды, өңірге белгілі адамдардың бірі болды. Бірақ ешқашан өзін өзгеден жоғары қоймады. Жайлауды аралап жүріп, шопандармен дастархандас болғанын талай көрдім. Әсіресе, қалжыңы жарасатын құрдастарының алдында кеудесін кермейтін.

Жалпы, халықта «паңдық» деген ұғым бар. Жөнімен пайдалана білсе, ол да – тамаша қасиет. Кейбір жанға жарасады. Әр кез таза жүру, тағамды таңдап ішу, аз сөйлеп, көп тыңдау, орынсыз жерге бармау, кез келгенге басын имеу, өзінің орнын білу – паң жандарға ғана тән. Мұны кеудесін көріктей керетін кейбір жандардың тәкаппарлығымен шатастырмау қажет. Сондықтан, кейде қазаққа паңдық та жарасатын секілді.

Мен өзіме берілген өкілеттік шеңберінде бағынышты қызметкерлеріме  ұрса да, тапсырма бере де, жазаға тарта да аламын. Оған лауазымдық дәрежем мүмкіндік береді. Бірақ, орынсыз дауыс көтерсем, лайықсыз нәрсені талап етсем, мұным қарапайымдылығыма қайшы болар еді. «Ізбасов буынсыз жерге пышақ ұрды» деген бір адам табылса, жауап беруге дайынмын. Өзімді ақтай аламын. Қазақ «семіздікті қой ғана көтереді» дейді. Байлық – қолдың кірі. Билік те мәңгілік емес. Қазір мен отырған кабинетте талай марғасқалар жұмыс жасаған. Бірі өмірден өтті, екіншісі ақсақалдық асуында. Солардың ізімен жүре тұра, өзім де соны соқпақ салсам, жарасымды емес пе? Жоғарыда айттым ғой, мұнай мекемелерін басқарған кезімде де кеңседен гөрі жұмысшылардың арасында жүргенді қалайтынмын. Алла сабыр беріп, сол қарапайымдылығымды сақтаса екен.

Сабырлылық

— Сабыр демекші, «жер қозғалмаса, қозғалмайды» дейтін адамдар болады. Өзіңіз солардың  бірісіз. Сабырлылық кішкене кезіңде қалыптасқан қасиет пе, әлде кейінгі лауазыңдарыңа байланысты пайда болды ма?

— Менің ойымша, адам мінезі бала кезінен қалыптасады. Соңынан қызметіне қатысты көрініс беретін мінез – алдамшы нәрсе. Ол үстіңе үйлесімсіз киім кигендей білініп тұрады. Жұрттың кейбіреулер туралы «бастық болып еді, мінезі өзгеріп шыға келді» дейтіні де сондықтан. Мен кішкене кезімнен әкеме көп ердім. Бұл кейінгі өміріме баға жетпес тәжірибе болды. Ел таныдым, жер көрдім.          

Сондай сапарлардың бірі жадымда мәңгі жатталыпты. Әлі мектепке де бармаған кезім. Жайлауды жағалап, отарларды аралап, түс ауа бір шопанның үйіне тоқтадық. Қарным әбден ашқан-ды. Дастарханға өзгелерден бұрын қол создым. Буы бұрқыраған қуырдақты алдымен ауызыма салдым. Әкем сәл қабағын шытқанымен, сол жерде үндемеді. Тек жолға шыққан соң:

— Мақсымжан, адамға ұстамдылық жарасады. Қай істе де сабырлы болу керек, — деді.

Осы оқиға маған ұмытылмастай сабақ болды. Ұстамдылық өмірлік ұстанымыма айналды. Өзің білесің, мектепте сендер үзіліс кезінде алысып ойнап жүргенде, мен бір бұрышта үнсіз тұрушы едім ғой. Әрине, мен де бала болып асық аттым, ләңгі тептім. Бірақ соның өзінде де өзімді ұстауға тырыстым, сабырлылық сақтадым.

Қасиетті Құранда да «Асығыстық – шайтанның ісі» делінген. Әсіресе, басшы ретінде шешім қабылдағанда ұстамдылық аса қажет. Мен алдыма келген адамды соңына дейін тыңдап үйренгенмін. Қазір де солай. Ал, үлкендерден бұрын рұқсатсыз сөз бастау – әдетімде мүлдем жоқ нәрсе. Менің ойымша, сабырлылық – ерге жарасар мінез. 

Ыждағаттылық

Бүгінгі істі кейінге қалдырмайтын ыждағаттылығың да бар. Бағынышты адамдарыңа тиянақты тапсырма беріп жатқаныңды да талай көргем.

— Жалпы, ыждағаттылық – берілген мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып қалу. Жоғарыда мұнайшылар бағы туралы айттым ғой. Құлсары мұнай-газ өндіру басқармасын басқарып тұрған кезімде ұтымды сәтті мүлт жібермеу керек болды. Мекеме алдындағы шағын алаңға көз алартып, жеке меншігіне алуға тырысушылар табылды. Әлдекімдер төңірегіне тұрғын үйлерін де тұрғыза бастады. Сәл кешіксем, осы алақандай жерден де айырылып қалатын едім. Міне, ыждағаттылық таныту нәтижесі.

Немесе, Уаз бен Қоңдыбай кен орындарына қатысты жай. Тайсойған төсіндегі осы кеніштердің келешегі келбетті екендігін, қайтарымы молдығын білетінбіз. Әттең, әскери сынақ алаңы болғандықтан қолымызға тие қоймады. Әйтсе де, «Ембімұнайгаз» мекемесіне басшылық жасаған кезімде ыждағаттылық танытып, осы кеніштердің игерілуін тездетуге септігімді тигіздім. Қазір олардан тұрақты өнім алынып тұр. Тайсойған сынақ алаңының көп бөлігі  елге қайтарылды. Енді  мұнда ауыл шаруашылығы да, мұнай өнеркәсібі де дамиды. 

Мәрттік

— Өзіңізді мәрт жігіт санайсыз ба?

— Қазақ «таспен атқанды – аспен ат» дейді. Яғни, кешірімді бол дегені. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» демей ме? «Жақсылыққа жақсылық жасай алар әр кісі, жамандыққа жақсылық жасай алар нар кісі» деген де бар. Міне, бұл – мінез мәрттігі. Ол екінің біріне тән емес. Мойындауымыз керек, көбіміз кешірімді болудан гөрі кек қайтаруға құмармыз. Демек, осы орайдағы мәрттігіміз жетіспей жатыр. Жалпы, мәрттік – өміріңнің мәні, көңіліңнің сәні. Өзің тарылып жүрсең, кең дүние де тар секілді көрінеді.

Мәрттік істер ісіңнен де көрінеді. Басшылық қызмет, әкімдік лауазым мәңгілік емес. Кезі келгенде кейінгі толқынға тапсырылады. Уақыты жеткенде солар алға шығады. Бірақ, тапсырылған жұмысты аз атқардың ба, көп істедің бе – артыңда ізің қалуы тиіс. Жұртқа тигізген шапағатың жерлестеріңнің жүрегінде сақталса, одан артық нендей  бақыт  керек? Ата  даңқына, әке атына дақ түсірмеу – ұрпақ парызы. Оны өтеу де – мәрттік. Менің істеген ісіме өзгелердің баға беруін қалайтыным да сондықтан.

Менің кіндік қаным Қызылқоға ауданында тамғанымен, бүкіл саналы өмірім Кең Жылыойда өтті. Бүгінде осы екі ауданның да Құрметті азаматы атағына иемін. Талай атаққа ие болғаныммен, өмірімдегі ең үлкен марапатым да – осылар.

Ізеттілік

— Мәке, «жігіт жеті қырлы» дейді ғой халқымыз. Соның өзімізше алтауын қамтыған тәріздіміз. Жетіншісін өзің айтшы. 

— «Өзін-өзі мақтаған – абыройын таптаған» деген бар. Сондықтан, мен туралы өзгелердің айтқанын дұрыс көремін. Әйтсе де, ізеттілік – ізгіліктің ізбасары. Әлі күнге үлкеннің алын кесіп өткенім жоқ. Кішіге әлімжеттік те жасамадым. Басқалар бағасын бере жатар. Әзірге сұхбатымызды осымен тәмамдалық.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button