ЖЕРДІҢ ДЕ КИЕСІ БАР
АУЫЛДАҒЫ ТЕЛІМНІҢ АУМАҒЫ КӨП,
ҚАЙТАРЫМЫ АЗ
2011-2012 жылдары облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2 млн. гектар жер теліміне түгендеу жүргізілген. Соның ішінде, алдыңғы жылы 91,8 мың гектар аумақтағы жер телімдері шарттарды біржақты бұзу арқылы 105,1 гектар учаске иелерінің өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарылған. Иесіз тұрған учаскелер бойынша 1,3 мың гектарды қамтитын жер есепке қойылған. Ал, өткен жылдың өзінде жалпы ауданы 78,2 мың гектарды құрайтын пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттің меншігіне қайтару туралы ұйғарым шығарылған. Түгендеуден өткен 195 учаске немесе 23,3 мың гектар жерге қатысты жинақталған материалдар тиісті заңдылықтар шеңберінде шаралар қолдану үшін Атырау облысы бойынша аумақтық жер инспекциясына жолданған және 82-сінің иелеріне қатысты құжаттарының толық болмауы себепті қараудан бас тартылған.
Бұдан бөлек, былтырғы жылы «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» РМК-ның Атырау филиалы арқылы Индер, Махамбет және Қызылқоға аудандарында ауыл шаруашылығы жерлері түгенделіп, нәтижесінде аумағы 54295 гектарды құрайтын 207 жер телімінің пайдаланылмай отырғандығына көз жеткізілген. Есепті мерзімде жүргізілген түгендеу шараларының қорытындысымен мемлекет меншігіне қайтарылған 38,9 мың гектар жер экономикалық айналым қорына тартылған.
ҚР Үкіметінің «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану қағидаларын бекіту туралы» (2011 жылдың қараша айындағы №1297) қаулысымен жерді пайдалану ережелері мен жалға алу шарттарына кейбір өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. Соның негізінде, бұған дейін жасалынған келісім-шарттарды Әділет департаментінде қайта тіркеуден өткізу қолға алынған. Дегенмен, әзірге бұл бағыттағы жұмыстар қарқынының баяулығын да баяндамашы ашық айтты. Оның орындалу деңгейі Мақат ауданында-100, Қызылқоғада-99, Индерде-88 пайыз деңгейінде сақталса, ең төменгі көрсеткіштер Исатай ауданы (53 пайыз) мен Атырау қаласына (45 пайыз) тиесілі екен.
ИГЕРМЕСЕҢ, КЕРІ ҚАЙТАР!
Кемшін қалған тұстар жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жер телімдеріне де тән болып шықты. Осы тұрғыда түгендеу жүргізілген 28840 гектар жердің біраз бөлігінің немесе 805 телімнің өз мақсатында игерілмей отырғандығы анықталыпты. Жоғарыда келтіріліп кеткендей, мұнда да 70 учаскенің иесі өз жерінен ерікті түрде бас тартуы, 137-нің иелік ету келісім-шартын біржақты бұзуы себепті, барлығы 207 телім мемлекет меншігіне кері қайтаруға жатқызылған. Мұның сыртында жеке тұрғын үй құрылысына қаралған 37 жер учаскесі меншік иесі анықталмауының салдарынан иесіз тұрғандардың тізіміне кіргізілген. Сол секілді 561 учаске (55,1 гектар) бойынша жинақталған материалдар, сәйкесті шаралардың қабылдануы үшін аумақтық инспекцияға ұсынылған. Жалпы алғанда, берілген жер телімдерін мақсатты әрі көрсетілген мерзімде пайдаланбаған 280-ге тарта жеке тұлғаға инспекция тарапынан жазбаша ескерту жолданып, 276 материалдың кері қайтарылғандығы мәлім болды. Сарапшы-мамандардың араласуымен бұлардың себеп-салдары айқындалып, кемшіліктерден қорытынды шығару жөнінде қала мен аудан әкімдеріне ескертілген.
Кәсіпкерлік субъектілеріне берілген жер телімдерін түгендеу барысында да біраз кемшіліктердің беті ашылған. Нақтыласақ, тексерілген бес мыңға жуық учаскенің 111-і пайдаланылмағандықтан мемлекет меншігіне қайтарылып, 1300-дің үстіндегі учаске бойынша толтырылған құжаттар аумақтық жер инспекциясына қабылданған. Осылайша, тек Атырау қаласының өзінен аталған инспекцияға жолданған 1230 құжат деректері толық болмағандықтан жер қатынастары бөліміне кері жіберілген. Мұндай мәліметтер облыс аудандарынан да көптеп келтірілді.
Осы айтылғандарды қосымша баяндама жасаған Атырау облысы бойынша аумақтық жер инспекциясының басшысы Ғибрат Сүлейменов те толықтырды. Инспекцияға келіп түскен материалдар мен құжаттамалардың барлығына құқықтық талдау жүргізіл-гендігін, бұл жұмыстың жүйелі түрде жалғаса беретіндігін, кемшіліктердің жіберілуіне кінәлі деп танылғандардың заңдылықтар аясында әкімшілік жауапкершілікке (белгілі бір мөлшерде ақшалай айыппұл салу жолымен) шақырылатынын, басқа да жазалау шаралары қолданылатынын алға тартты. Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты Атырау қаласы, Индер және Махамбет аудандары әкімдіктері жанындағы құрылған комиссия жетекшілерінің де хабарламалары тыңдалынып, қаперге алынды.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.