Жарнама
Саясат

ЖЕР ИЕСІНІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Бүгінде жер пайдаланудың қазіргі заманғы жүйесін жасау, жерге меншік құқығын бекіту және осы құқықты нақты қамтамасыз ету – жер нарығын дамытудың басты бағыты саналады.

Ағымдағы жыл басында облыс бойынша аумағы 1152,8 мың га болатын 2517 шаруа қожалығы, аумағы 643,4 мың га жерге орналасқан 36 акционерлік қоғам мен шаруашылық серіктестік, аумағы 340,8 мың га жеті ауылшаруашылық кооперативі және аумағы 45,8 мың га болатын 19 мемлекеттік заңды тұлға тіркелген. Мұның бәрі жер реформасын жүзеге асыруда жер қатынастарына түпкілікті өзгерістер енгенін, жерге барлық шаруашылық түрлерінің қызмет істеуіне қолайлы жағдай туғанын көрсетіп отыр.

Қазақстан Республикасының Жер кодексіне енгізілген өзгерістер жерге жекеменшіктің қолдану аясын кеңейтті. Шаруа қожалықтарын жүргізу мен тауарлық ауыл шаруашылығы өндірістік жерлеріне деген қызығушылық пайда болды.  Атап айтқанда, жыл ішінде 61 жерге орналастыру жобасына сараптама жүргізіліп, басқарма бұйрығымен бекітіліп, Атырау облысы әкімдігінің қаулыларымен жер телімдері берілді.

Облыс бойынша қала және аудандарда жұмыс  топтары құрылып, бірталай іс атқарылды. Жұмыс топтарының құрамына жергілікті атқарушы органның жер қатынастары, ауыл шаруашылығы бөлімдері, селолық округ әкімдері енгізілген.

Елбасы өз сөзінде ерекше тоқталған аграрлық секторды өркендету, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, жер ресурстарын тиімді пайдалану және бәсекелестікті қорғау сынды ажыратылмас тұтас бір блок екендігін айқындап берді.

Осыған орай, Атырау облыстық жер қатынастары басқармасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу жұмыстарын ұйымдастыруда барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмыс топтарын құрып және жұмыс кестесін жасап, Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында бірқатар шаруаларды қолға алды.

Бастапқы жерді түгендеу жұмыстары 2011 жылы қала және аудандық әкімдіктер күшімен жүргізілді. Ал, 2012 жылдан бері бұл жұмыстар республикалық бюджет есебінен арнайы мамандандырылған кәсіпорындар күшімен кезең-кезеңімен жүргізілді. Атап айтқанда: 2012 жылы – Махамбет, Қызылқоға, Индер аудандарында, 2013 жылы – Жылыой, Мақат аудандарында жүргізілсе, 2014 жылы Атырау қаласы мен Құрманғазы, Исатай аудандарында жалғасты. Бұл жұмыстар бойынша жалпы көлемі 2 млн. гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлері қамтылды.

Осы жылдар аралығында жасалған түгендеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес, облыс бойынша 682,6 мың га жер учаскелерінің игерілмей отырғандығы анықталды. Бұл ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жер көлемінің 29,6 пайызын құрайды. Осы пайдаланылмай отырылған жер көлемінен 523,31 мың га жер учаскесі немесе 76,7 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылды. 103,045 мың гектар жер учаскелерінің меншік иелері берілген ескертулерден кейін өздеріне қарасты жер көлемін игере бастады. Осы жылдар аралығында ауыл шаруашылығы мақсатында 424,3 мың га жер учаскелер айналымға тартылған болса, олардаң 91,8 мың гектары осы мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер есебінен айналымға қосылып отыр.

Ал, жалпы егістік көлемі облыс бойынша 2012 жылы 5396,2 гектар болса, соңғы үш жылда облыс әкімдігі тарапынан ұйымдастырылған жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткіш 28,4 пайызға өсіп, 6928,5 гектарға жетіп отыр.

Ауыл шаруашылығы саласында жермен жұмыс жасап жатқан мамандарға айтарымыз, осы мақсаттағы жерді ұтымды пайдалану тәртібін анықтауда ҚР Үкіметінің арнайы қаулысымен «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану қағидалары» бекітілген болатын. Алдағы уақытта аталған қағидаларға жаңа ұсыныстар мен толықтырулар енгізу жоспарлануда.

Биылғы жылы жерге аукциондар мен конкурстар өткізу, елді мекендердің электронды карталарын жасақтау, жасақталған бас жоспарларға сәйкес шекараларын белгілеу жұмыстары қолға алынуда.

Әлібек НӘУТИЕВ,

облыстық жер қатынастары басқармасының

басшысы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button