Жарнама
Саясат

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСКЕ – БАТЫЛ ҚАДАМ

«Ұлт жоспары» деп аталатын реформалар жиынтығы оның жүзеге асу жолына әр қазақстандық азаматтың тікелей қатысуын міндеттейді. Біздің-ше, реформаның басты құндылығы да осында. Тағы бір атап өтерлік жайт, стратегиялық жоспар мемлекеттік аппарат қызметінің ашықтығына және еліміздің экономикасының қарқынды дамуына зор ықпал етеді.

«100 нақты қадам» – кәсіби мемлекеттік аппаратты құру,  заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім, біртектілік пен бірлік, есеп беретін мемлекет қалыптастыру салаларындағы бес негізгі реформалардан құралады. Мемлекеттік аппарат қалыптастыруға 15 нақты қадам арнаған Елбасы осылайша, мемлекеттік қызметшілер құқығын құрметтеп және олардың заңды мүдделеріне қызмет ететіндей тиімді модельді қалыптастыруға жол ашып берді. Аталмыш бағдарламада меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге асыру үшін бірдей мүмкіндіктер берілетін әділ қазақстандық қоғам құру мәселесі де көтеріледі.

Соның ішінде әділетті қазақстандық қоғам құруда мемлекеттік қызметті жаңғырту, мансаптық өсудің ашықтығы, орталықтандырылған іріктеу жүйесі және міндетті сынақ мерзімі сияқты көрсеткіштер тетіктерін жедел түрде іске қосу маңызды. Мұндай қадам мемлекеттік қызметке іскер және құлшынысы мол кандидаттарды іріктеуге мүмкіндік туғызады. Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, әсіресе, аумақтық деңгейде мемлекеттік қызметке өз ісін білетін кәсіби мемлекеттік қызметшілер ауадай қажет.

Қызметшілерге еңбекақыны нәтиже бойынша төлеу жүйесіне көшу, мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту және де оларға лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде қызметтік пәтерлерді міндетті түрде беру мәселелері де орынды көтерілген деп ойлаймын. Сайып келгенде, мұндай жаңалықтар кәсіби мемлекеттік қызметшілер корпусының қалыптасуына жол ашады. Шетелдік менеджерлерді, жекеменшік сектордың жекелеген мамандарын, халықаралық ұйымдардың қызметкерлерін мемлекеттік қызметке тарту мәселесі де кезек күттірмеуі тиіс. Бұл қадам шетелдік тәжірибені тиімді игеруге және мемлекеттік қызметтің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етер еді.

Сөз соңында сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мақсатында жаңа заңнамаларды жасақтаудың көзделіп отырғандығын атап айтқым келеді. Соның ішінде «Мемлекеттік қызметтің жаңа Этикалық кодексін» жасау қолға алынбақшы.  Болашақта этика мәселелері жөнінде уәкілетті өкіл лауазымы енгізілетін болады. Тәртіптік істерді қарау тәжірибесі көрсеткеніндей, мемлекеттік қызметшілердің қарапайым да ұсақ кемшіліктерге жол беруі, түптеп келгенде олардың сыбайлас жемқорлық жасауына әкеліп соқтырып отыр. Міне, «тамшы тама-тама көл болады» деген мақал осыған орай айтылса керек. Сол себепті, жоғарыда айтылған лауазымды ресми түрде енгізу мемлекеттік қызметте этиканың сақталуына үлкен әсерін тигізеді деп сенеміз.

 

Мұхит ИЗБАНОВ,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік Кеңес төрағасы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button