ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ ЖАҢА ТОЛҚЫНЫ
Осыған орай, Елбасы Н.Назарбаев Үкімет пен Ұлттық банкке мемлекет қатысы бар барлық компанияларға талдау жүргізіп, олардың ішіндегі жеке секторға берілетін кәсіпорындардың тізімін анықтауды жүктеген болатын. Қазіргі таңда 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бойынша кешенді жоспарын Үкімет бекітті. Сөйтіп, мемлекет меншігіндегі мүлік пен активтер, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар нысандары жалпыға ортақ сатылымға түсіп жатыр. Ал одан ұлттық экономика не ұтады? Жекешелендірудегі мақсат – бизнестің дамуына дем беру, экономикадағы мемлекет үлесін дамыған елдер деңгейіне дейін азайту арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыру. Сонымен қатар, жекешелендіру барысында ішкі рыноктан бюджетке қаржы тартылып қана қоймай, ел экономикасына жағымсыз әсер ететін факторларды жұмсарту мақсатында мемлекеттік шығындарды азайту да көзделеді. Ендеше, жекешелендірудің жаңа толқыны мемлекеттік үлесті азайта отырып, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға дем бермек.
Сонымен, 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына келсек, мұнда ең алдымен коммерциялық кіріс түсуге бейімделген мемлекеттік компанияларды жекешелендіру көзделеді. Екінші шара, стратегиялық маңызы жоқ бейінді активтерді жеке секторға өткізумен қатар, холдингтер мен ұлттық компаниялардағы бейінді емес активтер мен нысандарды сатуды аяқтау қарастырылмақ. Содан соң мемлекет иелігін тиімді құрылым етіп қайта жасақтау мақсатында қалған мемактивтерді қайта құру жүзеге асырылатыны көзделеді. Сөйтіп, мемлекет иелігінде тек экономика саласында стратегиялық маңызы бар нысандар мен әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар ғана қалады.
Тоқтала кететін жайт, бұған дейін еліміздегі жекешелендіру жоспарына сәйкес, Квазимемлекеттік сектор субъектілері мен жылжымайтын мемлекеттік мүліктер нысандарын оңтайландыру мәселелері жөніндегі комиссия құрылған болатын. Аталмыш комиссия 2013 жылы жеке секторға мемлекеттік үлестегі 161 ұйымның өтуін мақұлдаса, нәтижесінде былтыр жекешелендіруден түскен қаржы көлемі 760,6 млн. теңгені құраған.
Бұған дейін белгілі болғандай, ұлттық холдингтер мен компаниялардан жеке секторға 162 нысан, оның ішінде биыл сатылымға 75 нысан шығарылады. Республикалық деңгейдегі 34 нысан жеке секторға беріледі, оның 19-ы биыл жүзеге асырылады. Коммуналдық меншіктен 466 нысан жекешелендірілсе, биылғы тізімде 109-ы тұр. Сонымен қатар, өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға қарасты 75 нысан жыл соңына дейін жекеге сатылса, қалған 99-ы алдағы жылдар еншісіне қалдырылмақ.
Сонымен бірге, Үкіметтің 2014 жылғы 12 мамырдағы қаулысымен жекешелендіру бағдарламасы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ-ның тізіміндегі 106 компанияның түрлі үлесі сатылады. Соның ішінде 5 компанияны ІРО мен SPO-ға шығару көзделген. Биылғы жазда «Қазақстан темір жолы» АҚ құрамындағы 4 компания, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ құрамындағы 2 және «Қазақстан инжиниринг» АҚ құрамындағы 4 компания сатылымға шығарылады. Тұтастай алғанда, 2014-2015 жылдар аралығында бәсекелестік нарығына Қордың жалпы құны 50,8 миллиард теңгені құрайтын 16 бейіндік емес активі және 19 нысаны шығарылмақ.
Бұл нысандардың қатарында «Думан» қонақ үй кешені, «Сарыағаш» санаторийі, «Ақ бұлақ» сауықтыру кешені, «ҚТЖ»-ның сауықтыру-оңалту орталығы және Қордың шетелдегі, атап айтқанда, Грузия, Түркия және Қырғызстандағы активтері бар. Бұл шаралар Үкіметтің ұлттық компаниялардың бейінді емес активтердің көп бөлігін жекеменшікке өткізуді құптап отырғандығын байқатады. Сөйтіп, Қазақстандағы жекешелендіру, қайта жасақтау және мемлекеттік кәсіпорындарды жою арқылы республикалық мүліктік ұйымдар 28 пайызға қысқарса, әлеуметтік саладағы ұйымдарды есепке алмағанда, ұйымдардағы мемлекеттің қатысуы 38 пайызға, ұлттық холдингтердегі мемлекеттік компаниялардың саны 36 пайызға қысқарады деп күтілуде.
Тоқтала кететін жайт, жекешелендіру барысында ең алдымен квазимемлекеттіктегі мемлекеттік компаниялар өздерінің бейіндік емес активтерінен «құтылатын» болады. Сондықтан да, жекешелендірудің жаңа толқынын жүзеге асыру мақсатында «Самұрық-Қазына» Қорында жекешелендіру жөніндегі басқарушы комитет құрылған болатын. Комитет басшысы Елена Бахмутованың айтуынша, сатылымға шығарылатын активтер ең алдымен тәуелсіз сарапшылардың заңдық сараптамасынан өткізіледі. Екіншіден, қор активтерді тәуелсіз бағалаушылар белгілеген әділетті бағамен ғана сатады. Активтерге тек «сату үшін» делінген сылтаумен жөнсіз баға қойылмайды. Кейбір активтерге сұраныс болмаса, қор мен оның еншілес компаниялары аталған мүлікке қатысты тиісті шешім қабылдайтын болады.
«Осылайша, біз жекешелендірудің жаңа толқынында алғашқы жекешелендіруде кеткен қателіктерді болдырмауға тырысамыз. Себебі бұл жолғы жекешелендіру бюджетті толтыру мақсатында ғана емес, нысандардың тиімділігін жеке бизнесті дамыту арқылы жүзеге асыру мақсатын көздеп отыр», — дейді Елена Бахмутова.
Оның айтуынша, жекешелендіру бағдарламасының ережесінде барлық мүдделі тараптардың құқығы мен міндеттерін анықтау, активтерді сату алдындағы үдерістер мен сату тәсілдерін нақтылау, сонымен бірге аукциондар мен тендерлерді өткізу шаралары белгіленген. Сондай-ақ, құжатта стратегиялық активтер мен нысандарды сатуға шектеу қойылған.
Тарихи деректерге сүйенсек, елімізде 1991-2000 жылдары мемлекеттік мүлік комитеті мен оның облыстық бөлімшелері 34,5 мыңнан астам мемлекеттік меншік нысандарын жекеге өткізген. Соның ішінде, 1991-1992 жылдары 6,2 мың нысанды купондарға және Ресей рубльдеріне жекешелендіріпті. Кейін, 28 мыңға тарта нысан 1993-2000 жылдары ұлттық валюта енгізілгеннен кейін жекешелендірілген екен. 1993-2000 жылдары республикада жекешелендіруден 215,4 млрд. теңге түскен екен, соның ішінде акционерлік қоғамдар акцияларын сатудан түсім 90 пайызды құраған.
Қанат МӘМБЕТҚАЗЫҰЛЫ.