ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАР ИНСТИТУТЫ
– Атырау облысы өңірлік алқасының жеке сот орындаушылары облыс деңгейіндегі түгелге жуық екінші дәрежедегі банктермен және бірқатар сақтандыру компанияларымен, қаржы ұйымдарымен және пәтер иелері кооперативтерімен келісімге келіп, меморандум жасап, атқарушылық іс жүргізуді жүзеге асыруда. Заңға енгізілген өзгеріс бойынша ендігі уақытта істердің әлеуметтік маңызы бар санаттары бойынша жеке сот орындаушыларының орындауындағы атқарушылық құжаттардың үлесін (алименттер, жалақы өндіріп алу және басқа да өндіріп алу) уәкілетті орган белгілейді. Бұл келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Дәлірек айтқанда, мемлекеттік сот орындаушылары өндірісіне заңды тұлғалардың пайдасына өндірілуі тиіс атқарушылық құжаттар 2016 жылдан бастап орындауға қабылдамайды.
– Ал, жеке сот орындаушылары туралы мәліметті қайдан алуға болады?
– Атырау облысы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасында жеке сот орындаушыларының тізімі жасақталып, олардың жұмыс орны мен ұялы телефондары белгіленді. Осы тұста айта кету керек, аймақтың әр ауданына жеке сот орындаушылары бөлініп, олар ендігі уақытта өздеріне тиесілі ауданмен немесе қаламен қызмет жасайды. Мәселен, Атырау қаласы мен Махамбет ауданы бойынша Мұрат Әбуғали, Майра Батырқайырова сынды жеке сот орындаушылары жұмыс жасаса, Жылыой ауданында Айнұр Нарымбаева, Құрманғазы ауданында Шынар Айыпқалиева сияқты аймақта барлығы 31 жеке сот орындаушысы қызмет ететін болады.
– Жеке сот орындаушы – қашан да өз жауапкершілігімен қызмет атқаратын дербес лауазым иесі. Оларға сот шешімін орындау сапасын түсіруге болмайды. Бұл ретте сала мамандарының құқықтары мен міндеттері қандай болмақ?
– Жеке сот орындаушысы – атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына уәкілетті орган берген лицензия негізінде, заңды тұлға құрмай атқарушылық құжаттарды орындау бойынша жеке тәжірибемен айналысатын елдің азаматы болуы тиіс.
Жеке сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды еліміздің азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен алынатын сот санкциясымен қолданады. Атқарушылық құжатты өзіне сот, басқа орган жіберген жағдайда сот орындаушысы іс жүргізуді өндіріп алушының өтінішінсіз қозғайды. Атқарушылық құжатты орындау мерзімі өндіріп алушы мен жеке сот орындаушысы арасында жазбаша нысанда көрсетілуі мүмкін.
Өзінің кәсіби міндеттерін адал орындауға, жеке адамдардың өмірінің мән-жайларына қатысты құпияны сақтауға, қызметінің нәтижесінде өзіне белгілі болған коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге жол бермеуге міндетті болып саналады.
– Жеке сот орындаушыларының еңбегі қалай бағаланады? Оларға еңбекақы төлеу қалай жүргізіледі?
– Жеке сот орындаушысы орындалған құжаттар бойынша нақты өндірілген сомадан белгілі бір пайыздық еңбекақысын алып отырады. Мәселен, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу тарифіне сәйкес, жеке сот орындаушысының қызметі үшін өндірілген соманың 25 пайызынан 3 пайызына дейінгі аралықта ақы төленеді.
60 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомадан 25 пайыз, 60-тан 300 АЕК-ке дейінгі аралықтағы өндірілген сомадан 20 пайыз, сөйтіп, өндіру сомасы ұлғайған сайын пайыздық ақы кеми түседі де, 20 000 АЕК жоғары болса, үш пайыз мөлшерінде ақы төленеді. Ақы өндірілетін сомадан бөлек борышкерден өндіріледі.
Атқарушылық іс жүргізу қозғалғанға дейін өндіріп алушы жеке сот орындаушысының нұсқауы бойынша ағымдағы шотқа атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті соманы енгізуге міндетті.
– Бұл ретте борышкер мен өндіріп алушының да өз құқықтары мен мiндеттерi болуы тиіс қой…
– Дұрыс айтасыз, атқарушылық iс жүргiзу тараптары атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жасауға, көшiрмелерiн алуға, қосымша материалдар беруге, өтiнiш бiлдiруге, атқарушылық әрекеттер жасауға қатысуға, процесс кезінде ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге құқығы бар. Атқарушылық iс жүргiзу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерi мен пiкiрлерiн айтуға, iс жүргiзуге қатысушы басқа адамдардың дәлелдерi мен өтiнiштерiне қарсылық бiлдiруге, бас тартатынын мәлiмдеуге, атқарушылық iс жүргiзу мәселелерi бойынша сот орындаушысының әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) немесе шешiмдерiне шағым жасауға, бітімгершілік келісімді бекіту туралы өтінішпен сотқа жүгінуге болады.
Ал, борышкер жұмыс орнының, тұрғылықты және орналасқан жерінің өзгергені, сондай-ақ, жаңа табыс көздерінің және мүлкінің пайда болғаны туралы көрсетілген мән-жайлар туындаған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде сот орындаушысына жазбаша хабарлауға міндетті болып саналады.
Борышкер атқарушылық іс жүргізу аяқталғанға дейін айына бір рет, сондай-ақ, шақырылған жағдайларда сот орындаушысына келуге міндетті. Егер, бұл міндет орындалмаса, жауапқа тартылады.
– Жеке сот орындаушысы боламын деген азаматтар мен азаматшаларға не айтар едіңіз?
– Ұлт жоспарында айтылғандай, жеке сот орындаушысына қойылған талап зор. Жиырма бес жасқа толған, жоғары заңгерлік білімі бар, жеке сот орындаушысында үзіліссіз тағылымдамадан өткен, біліктілік емтиханын тапсырған, жеке сот орындаушысы лицензиясын алған және конкурстан өткен азамат жеке сот орындаушысы бола алады.
Жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына мемлекеттік лицензия алуы үшін Атырау облысы жеке сот орындаушылар өңірлік палатасына тағылымдамадан өтуге рұқсат алуы үшін арыз беруі қажет. Арызға қоса жеке куәлік көшірмесі, заңгерлік білімі туралы диплом көшірмесі, өмірбаян, 2-дана суреті, еңбек кітапшасының көшірмесі, наркологиялық және психиатриялық диспансерден анықтамалар, соттылығы жоқтығы туралы анықтамалар ұсынылуы қажет.
Сұхбатты жүргізген Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.