ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛДЕМЕЙДІ
Баяндамашы Амантай Айтбаевтың атап өтуінше, тұрғын үй туралы заңдылықтың орындалу барысына үстіміздегі жылы Бас прокуратура жүргізген тексеру нәтижесінде 100 азаматтың ісі сот орындарына берілген. «Бүгінгі таңда тұрғын үй кезегіне қабылдау өтініші Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырыла бастады. Алдағы уақытта бұл үрдіс «Электронды үкімет» веб порталы арқылы жасалатын болады» дейді ол.
Баяндамашы мейілінше дәйектер келтіре сөйлегенімен, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев қалалық әкімдіктегі кезекші бөлім қызметкерлерінің дөрекілігін бетке басты. «Олар халықты әкімдікке оңайлықпен кіргізбейді. Кіре алмаған азаматтар «Нұр Отанға» келеді. Және партия филиалынан жіберілген сұрақтарға қалалық әкімдіктен жауап айлап келмейді» деген ол осы мәселеге мейілінше назар аударуды сұрады.
Азаматтардың тек арнайы белгіленген уақытта ғана қабылданатындығын айтқан баяндамашы Амантай Айтбаев «халықпен кез-келген уақытта тілдесіп отыруға жұмыстың қауырттығы мүмкіндік бермейді» деп түсіндірді.
«Жылыой ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары І. Елтезеровке ағымдағы жылғы 22 сәуірдегі Жылыой аудандық сотының үкімімен лауазымын асыра пайдаланғаны үшін шартты жаза тағайындалып, екі жылға сынақ мерзімі белгіленгенді» деген Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов одан әрі жергілікті билік тарапынан атқарылып жатқан істерге тоқталды. «Мектептерді күрделі жөндеуден өткізу кезінде заңдылықты жете білмейтін директорлар текке күйіп кетіп жатады. Осы орайда мектеп басшыларын мемлекеттік сатып алулардан босатсақ, жөндеу секілді жұмыстарды тікелей құрылыс компанияларына жүктесек» деген ұсыныстарымен бөлісті Жылыой ауданының әкімі.
Мәжілісті қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Сайын Қуанышев Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасовқа Қаржы полициясы тарапынан мемлекеттік сатып алулар, мемлекеттік бағдарламалардың орындалысы бойынша қаржының жұмсалуында заң бұзушылықтар бар деген мәліметтің түскендігін жеткізіп, осы жайтты қаперге алуды тапсырды.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.