Жарнама
Саясат

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛДЕМЕЙДІ

 

Болашақтың бағдары

Жиынды аудан басшысы Мақсым Ізбасов ашып Елбасының қазіргі уақытта мемлекеттік қызметкерлерге үлкен сенім артып, оларға тың міндеттер жүктеп отырғанын баса айтты. Одан әрі Ұлт Көшбасшысының бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» аясында кәсіби мемлекеттік аппарат құру – болашақтың бағдары екендігі әңгіме арқауына айналды.

– Елдің дамуында мемлекеттік қызметкерлер – басты тұлға. Ендігі жерде оларға жүктелер міндет те, жауапкершілік те зор болмақ. Ал, ол міндеттер қалай, қандай сипатта жүзеге аспақ? Міне, осыдан келіп уақыт талабына жауап беретін кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесі туындады. Бұл – мемлекеттік қызметтің мәйегі, қозғаушы күші мен тетігі болатын іргелі жүйе. Егер кәсіби мемлекеттік аппарат болмаса, Заңда белгіленген тиісті тармақтардың жүзеге асуы да неғайбыл,–деді Марат Ахметжанов.

«Бұл ретте кәсіби мемлекеттік аппарат жағдайында іс-қимыл бағдары қандай болмақ?» деген заңды сауал туындайтыны сөзсіз. Ендігі жерде мемлекеттік қызметке үш сатылы іріктеу жүйесі енгізіледі. Мемлекеттік қызметке келгендер өз қызметін төменгі лауазымдардан бастауы тиіс, одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге аспақ.

Мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар міндетті түрде сынақ мерзімі, яғни тиісінше үш айдан кейін және алты айдан кейін сәйкестілікті межелік бақылаудан өтеді. Алты ай ауқымында өзін көрсете алмаса, онда ол бұл қызметке сай емес деген сөз.

Сынақ мерзімінде оларды сырттай және іштей бақылау сипаты барын да айтқан жөн. Сонымен қатар, ішкі конкурс, одан өтпесе сыртқы конкурс тағы бар.

Мамандарды тестілеуден өткізудің маңызы зор. Бұл тұлғаның қызметке қабілетін анықтайды. Сынақты жүз пайыз тапсырды делік, ал, оның халықпен жұмыс істеу қабілеті, ұйымдастырушылық деңгейі оған сай келе ме? Бұл да ескеріледі.

Түйіндей келгенде, мемлекеттік қызметке тұру үшін үміткер барлық талаптарға жан-жақты сайма-сай болуы тиіс. 

Жемқорлыққа – жез ноқта

Департамент басшысының саралап айтуынан, үстіміздегі жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау мақсатында атқарылған жүйелі жұмыстардың сипатын да көруге болады.

Ағымдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қатысты 86 құқық бұзушылық анықталса, оның 23-і аса ауыр қылмыс болып табылады.     

– Алдағы уақытта Құлсары қаласында өз саламыз бойынша бір-екі бөлім ашпақ ойымыз бар.  Этикалық кодекс деген бар, ол заңды сақтауға, таза жұмыс істеуге үндейді, бәрі соған сай болуы керек, — деді департамент басшысы Марат Мұратұлы. – Қылмыстық іс болмағанмен де, қоғам алдындағы жауапкершілікті көтеруге жұмыстанамыз. Біздің міндетіміз – қылмысқа тарту емес, оның түп-төркінін зерттеу, қайдан тамыр тартып жатқанын айқындап, шара алу.

Белгілі болған жай, енді өңірлерге арнайы жасақталған комиссия шығарылып, мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілік ахуалын қарау, бағамдау жұмыстары жүретін болады.

Әрине, бұл – көптің қолдауы мен қырағылығы, бірлесе іс-қимыл жасау арқылы бітетін шаруа. Қазіргі уақытта департаментпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда нәтижелі жетістікке жету үшін өңірдегі белсенді азаматтық ұстанымдары бар мемлекеттік органдармен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, үкіметтік емес ұйымдармен, этномәдени бірлестіктермен жиырма үш келісім жасалып отыр.

 

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button