ЖАСТАР КӨТЕРЕР ЖҮК АУЫР

Қазіргі уақытта «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының негізгі миссиясы – жастардың, соның ішінде ауыл жастарының әлеуметтік сұранысын қанағаттандыру, жастарға арналып жасақталған мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, түсіндіру болып табылады.

Елбасы, партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың жетекшілігімен өткен «Нұр Отан» партиясының XV съезіне қатысқан атыраулық жастар үлкен әсермен оралды. Партияның 2050 жылға дейінгі бағыт-бағдарын айқындаған Доктринада ұлттық құндылықтарымыздың, төл мәдениетіміздің, қазақы отбасы мен ғасырлардан үзілмей келетін дәстүріміздің басым бағыттары айтылды.
Сондай-ақ, Елбасы жастарға арнайы көңіл бөліп, олардың ерінбей, жалықпай еңбек етуін, жоғары білім алып, оны ел игілігіне жаратуға тиіс екендігін айтып, сенім артты. Отбасылық тәрбие қазіргі уақытта басты назарда тұруы тиіс екендігін де назардан тыс қалдырмады.
Расында, қазіргі қазақ отбасындағы әке мен ананың міндеті, ұлттық тәрбиенің айтылуы мен насихатталуы төмен деңгейде екені анық. Күнделікті кешкі асты бірге отырып ішіп, отбасылық жағдайларды талқылап, ата-аналар балаларының жағдайын сұрап отыру секілді әдетке айналуы тиіс жағдайлар көп отбасыларда жоғалып кеткен. Сондықтан да, көптеген ата-аналар балаларының бос уақытта немен шұғылданып жүргенін білмейді, соның салдарынан жастар арасында көптеген күрмеулі мәселелер туындап отыр.
Осы мәселелерді негізге алған Доктринадағы отбасылық құндылықтарды насихаттау негізіндегі басым бағыттар – қазақ жастарының тәлім-тәрбиесіне арқау болады деген сенімдемін.
Бізді қуантқаны, Доктринаның басты құндылығы – төл мәдениет пен ұлттық рух, халықтың жақсы өмір сүруі үшін жағдай жасау мәселелері екені.
Бүгінгі күні «Жас Отан» Жастар қанаты тікелей жастар шоғырланған орындарда жұмысты күшейтіп, ауыл жастарымен байланысты мейлінше нығайтуда. Мақсатымыз – жастарға, әсіресе, ауыл жастарына мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, жеткілікті түрде насихаттау. Осы бағытта Атырау қаласындағы «Көктем» базарында арнайы «Кеңес орталығы» ашылды. Бұл жерде жастарға жұмысқа орналасу, мамандық таңдау, жеке кәсіп ашу, тұрғын үй мәселелері бойынша тегін кеңестер беріліп келеді.
Осындай орталықты ендігі кезекте жұмыссыз ауыл жастары көп шоғырланатын «Дина» базарынан ашуды жоспарлап отырмыз. Облыс әкімі Бақытқожа Ізмұхамбетов бұл мәселенің маңыздылығын атап айтып, бірден қолдау білдірді.
Аудандар мен ауылдық жерлерден де арнайы мобильдік топтар құрылып, ауыл жастарына арналған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру – ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Белсенді, білімді жастар арасында «Жастар кадрлық резерві» жобасы 2009 жылдан бері республика көлемінде жоғары қарқынмен жүргізіліп келеді. Биыл бұл жобаның сайтына Атырау облысынан 57 жас тіркеліп, оның екеуі келесі айналымға өтіп, осы жылдың 1- 4 қарашасы аралығында Астана қаласында арнайы семинар-тренигке қатысып, өз жобаларын қорғайтын болады. Әрі қарай өз білімдерін, белсенділіктерін көрсеткендері ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік істер академиясында, ҚР Білім және ғылым министрлігінде, «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорында жұмыс тәжірибесінен өтпек.
Республика көлемінде «Сәтті қадам» жобасы да өз жұмысын қараша айынан бастайды. Жоба аясында өңірдегі ірі-ірі мұнай, кәсіпкерлік, мемлекеттік мекемелермен арнайы меморандумға отырып, жастардың дипломмен жұмысқа орналасуына мүмкіндік туады.
Облысымызда жасотандықтардың саны сегіз мыңнан асса, бастауыш бөлімшелерінің саны – 21. Олардың бәрі де елде болып жатқан оң өзгерістерге өздерінің көзқарастарын білдіре алады. Өңірімізде жастарға арналған игілікті шаралар да көп.
Соның бірі – облыс әкімінің қолдауымен студент жастар осы жылдың басынан бастап қалаішілік жолақының жартысын ғана төлейтін болса, жас отбасыларға арналып арнайы «Жас Отау» бағдарламасы іске асырылуда. Облыстағы жастар саясатына бөлінетін қаражаттың көлемі өсіп, жастар ұйымдарының қаражаттан қысылмай жұмыс жасауына толық мүмкіндік туғызылды. Атырау қаласында жастардың спортпен айналысуына, бос уақытын тиімді пайдалануына бағытталған футбол ойыны алаңдары салынып жатыр.
«Жас Отан» Жастар қанатының ІІ съезінде Елбасы, Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, облыс әкімі Б.Ізмұхамбетовтің қолдауымен Атырау қаласында «Жастар ресурстық орталығы» ашылып, орталық жастармен діни сауаттылық, салауатты өмір салтын насихаттау, таза қала, патриоттық тәрбие және басқа да өзекті мәселелер бойынша жоғары деңгейде жұмыстар атқарып келеді.

Асқар БОПЫЛДЫҚОВ,
«Жас Отан» Жастар қанаты облыстық
филиалының атқарушы хатшысы, Атырау қалалық
мәслихатының депутаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз