ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН БІРЕГЕЙ ЖОБА
Аталған жоба жаңа заман талаптарына жауап беретін білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік жасап отыр. Өткен жылы облысымыздан бірнеше жас аталған жобаға белсене қатысып, өздерінің стратегиялық көзқарастарын айқын дәлелдеп, біліктіліктерін көрсеткен болатын. Бір қуанарлығы, уақыт өткен сайын жобаға қызығушылық танытатындардың саны артып келеді.
Жобаға қатысқысы келетін жастар алдымен арнайы сайттың (www.rezerv.kz) тиісті бөліміндегі сауалнаманы бекітілген тәртіпке сай толтыруы қажет. Ең бастысы талапкердің жасы 29-дан аспаған, ұйымдастырушылық дағдылар мен көшбасшылық қасиеттерге ие белсенді болуы шарт. Ал, жобаның негізгі мақсаты оқу орындарын бітірген жас мамандар арасынан басқарушы кадрларды анықтау, іріктеу, тәрбиелеу және даярлау болып табылады.
Осыдан екі жыл бұрын жобаға үміткер 345 жастың қатарында мен де болып, олардың арасынан іріктелген 65 қатысушының ішінен табылдым. Онда бірінші білім беру модулі бағдарламасының аясында Ақмола облысында қатысушыларды ынталандыру, жетістікке жету жолдарын басқару және ой-өрісті дамыту салаларына арналған семинар өткен болатын. Өмірдегі түрлі жағдайларды стратегиялық жоспарлауға бағытталған аталмыш семинарды Ресей Федерациясындағы ынталандыру және мақсаттарды жоспарлау саласындағы жетекші мамандардың бірі, жаттықтырушы Татьяна Погосова жүргізгенін ерекше атап өткім келеді. Қатысушылар IQ тест сынағынан өтіп, ел игілігі мақсатында мәні бар жеке жобаларын арнайы сарапшы мамандарға таныстырып, қорғады. Нәтижесінде 32 адам сыннан сүрінбей өтіп, еліміздің бас қаласы – Астанаға жол тарттық.
Ал, жобаның екінші оқу модулі аясында қатысушылар «Әлеуметтік-саяси үдерістерді тиімді басқарудың негіздері» атты семинар-тренинг бағдарламасы бойынша көшбасшылық және басқару дағдыларын арттырып, жеке қасиеттерін дамыту мақсатында, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және «Нұр Отан» партиясының саяси менеджмент мектебінде оқу курсынан өтті. Сонымен қатар, екінші оқу модулінің қатысушылары ретінде де саясаттанушылармен, бизнес-құрылымдардың басшыларымен, қоғам қайраткерлерімен кездесу мүмкіндігіне ие болдық.
Жоба нәтижесінде қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етіліп, резервке енгізілді. Финалистер жетекшілердің қадағалауымен Астана қаласында мемлекеттік органдар және ұлттық компанияларда тағылымдамадан өтті.
Аталған жобалар қорытындысы бойынша, елдігімізді әлемге танытып, жаһандық үрдістерге жауап бере алатын заманауи мамандарды қалыптастыра алатындығымызды уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Бүгінгі замандастарымызға, түрлі бағытта қызмет ететін жастарға тек бірізділік емес, үнемі ізденіс, серпіліс керек және бойында қуат-жігері барда алға ұмтылу қажеттігін айтқымыз келеді.
Қатима ТУСАЕВА,
«Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары.