Жарнама
Саясат

Жас буынға жол ашылды

Мемлекеттік қызмет – жастарға білім-білігін танытуға, елге адал қызмет етуге, мемлекет дамуына өзіндік үлесін қосуға мүмкіндік береді. Жуырда руспублика бойынша Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталғаны белгілі. Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Айнұр ЕҢСЕГЕНОВАМЕН бүгінгі сұхбатымыз талантты жастарды анықтау мақсатындағы іріктеудің талаптары туралы турасында болды.

Айнұр Аманжолқызы, 2019 жылы Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадрлық резервін құру қажеттігін, оның жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтқан еді. Жүзеге асқанына осымен үшінші жыл болатын бұл жобаға кімдер қатыса алады?

– Мемлекет басшысы «Президенттік жастар кадр резервінің негізгі көздеген мақсаты – мемлекеттік аппаратты жетілдіру және басшылардың жаңа буынына жол ашу. Бүгінгі жастар – мемлекеттік басқару жүйесінің болашағы» деп атап көрсетті. Расында, резервті ұйымдастырудың негізгі мақсаты талантты жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт құру еді.

Енді үміткерлерге қойылатын негізгі талаптарды атап өтейін.  Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.

Қазір жастарды ақпараттандыру және жобаны кеңінен насихаттау мақсатында облыс, қала және аудан деңгейінде мобильдік топтар құрылды. Аталған топ өнеркәсіп, телекоммуникация, медицина, мәдениет, білім салаларында және мемлекеттік секторларда ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырып жатыр

– Қазақстанның болашағын білімді де білікті мамандар қалыптастырады десек, осы жобаға қатысқысы келетін жастарды іріктеу кезеңіндегі жаңашылдықтармен таныстырсаңыз…

– Биылғы ерекшелік – мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескеріп, нақты мақсатты іріктеу өткізу. Атап айтқанда, инфрақұрылым, өнеркәсіпті дамыту, сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен, қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат пен инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам бағыттары бойынша маңыз берілмек. Сондай-ақ, міндетті түрде үміткерлермен әңгімелесу өткізіледі.

– Жобаға қатысушылар қандай сынақтардан өтеді? Іріктеу кезеңіне кеңірек тоқталсаңыз…

– Іріктеу Президент Жарлығымен бекітілген ережелерге сәйкес 6 кезеңнен тұрады  және қыркүйек-желтоқсан айларында өткізіледі.

Біріншіден, кандидаттардың құжаттарын қабылдау 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы сайтында онлайн режимде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Яғни, бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады. Кандидат қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда іріктеу кезеңдеріне жіберіледі.

Екіншіден, үміткердің мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Бұл кезең үміткерлердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған екі бөлек тестілеу блогынан тұрады.

Әрбір тестілеудің ұзақтығы – 25 минуттан аспайды (мәтіндік және сандық тесттер бойынша 25 сұрақтан), оның нәтижесі үміткердің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Тестілеу процесі аудио-бейне фиксациямен өтеді. Өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланатын болады.

Үшіншіден, ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңі. Үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасы бағаланады.

Аталған кезең онлайн-режимде эссе жазу форматында жүргізіледі. Тапсырманың қаншалықты орындалғанын бір уақытта үш салалық сарапшы бағалайды. Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді қамтиды.

Төртінші – құзыреттерді бағалау. Бұл кезең ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбаттан тұрады.

Бесінші кезеңнен үміткерлер сарапшылық комиссиясында әңгімелесу түрінде өтеді. Бұл кезеңде ассессмент-орталықтың сарапшысы комиссия мүшелеріне қатысушылардың жеке нәтижелерін ұсынады және оларға түсініктеме береді.

Комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылатын болады. Олардың шешімі бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады.

Алтыншыдан, Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады. Ол осы жылдың 25 желтоқсанына дейін өткізіледі деп жоспарланып отыр.

–Білім мен білігіне сеніп қатысқан жас мамандар іріктеуден сәтті өтті делік… Енді резервке алынғандарға қандай қызметтер ұсынылады?

– Ережеге сәйкес, резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық лауазымдарына және «Б» корпусының А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.

Жалпы, үміткер резервте 3 жыл болуы керек.

– Президенттік жастар кадрлық резервінде үміткерлер үшін қандай да бір шектеулер бар ма?

– Өте орынды сауал. Іріктеуге қатысуға Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар қатыса алмайды.

– Президенттік Жастар кадр резервіне іріктеу осыған дейін екі мәрте өткізілді. Резервке алынған тұлғалардың қанша пайызы лауазымды қызметке орналастырылды?

– 2019 жылы өткізілген іріктеу бойынша резервке 300 адам, 2021 жылы – 50 адам алынды. Резервке алынған 350 адамның 264-ы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді, яғни жалпы санының 75%-ы қызметке орналастырылды. Олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға,  6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервист Парламент Мәжілісі және 2 резервист мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда.

Жалпы, бүгінге дейін  әртүрлі деңгейдегі лауазымдар барлық резервшілерге ұсынылып отыр. Олардың әлеуетін пайдалану мәселесі өзектілігін жоғалтпайды. Бұл бағытта Агенттік тиісті шараларды іске асыруда.

– Мазмұнды әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button