ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ ЖАСАМПАЗ ЖОЛЫ
Еліміздің Тәуелсіздігі – біздің басты құндылығымыз. Президент өзінің Жолдауын Тәуелсіздік сарайында жариялауы да ерекше.
Өсіп-өркендеп келе жатқан еліміз үшін 30 дамыған мемлекеттің қатарына қосылу – ең басты міндет. Дамыған мемлекет үнемі өзгеріп отыратын категория екендігі белгілі. Сондықтан, Елбасы «Дамыған елдерде халықтың мүлде жаңа өмір сапасы пайда болуда» деп атап өтті.
Өмірдің сапасын, алдымен, ғылыми экономиканы дамыту арқылы көтеруге болады. Осыған байланысты Президент «Экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің үш пайызынан кем емес деңгейге дейін арттыруды талап етеді» деп көрсетті.
«Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыру барысында озық және бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін құру ісі жүзеге аспақ. Жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру отбасынан, балабақшадан және орта мектептен бастау алады. Аталмыш мәселеге, Президенттің тапсырмасы бойынша Білім және ғылым министрлігі ерекше назар аударуда. Бұл жоғары оқу орны оқытушыларын да қуантады. Осы мәселелердің оң шешілуі қоғамдағы сенімділікті нығайтады. Себебі, қоғамның аса маңызды құндылықтарының бірі – білім. «Нұр Отан» партиясының саяси Доктринасында да бұл мәселелер айқын көрініс тапқан болатын.
Биылғы Жолдаудың тағы бір ерекшелігі — Елбасы инновациялық индустрия, агроөнеркәсіп, инфрақұрылымдық үштаған: агломерация, көлік, энергетика, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелерін қозғағанда, олардың дамыған ғылымсыз іске аспайтындығын айрықша атап көрсетті. Бүгінге дейін ғылымға бөлінген қаражат ішкі жалпы өнімнің 0,4 пайызы көлемінде ғана болса, енді оны алдағы жылдарда үш пайызға дейін көтеру қажеттігі баса айтылды. Осыған байланысты өңіріміздегі жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының потенциалын біріктіріп, олардың лабораториялық базасын ғылыми-зерттеулерге және маман даярлауға ортақ пайдалану үрдісін енгізуіміз қажет. Сондықтан, жаңаша ойлау сапасы және бизнеспен қарым-қатынас – уақыт күттірмейтін міндет.
Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. Атап айтқанда, Елбасының Жолдауда көрсеткеніндей, үш және алты жас аралығындағы балаларды біліммен жүз пайыз қамту, орта білім беру жүйесіндегі мектептерді Назарбаев зияткерлік мектебінің деңгейіне көтеру, үш жыл ішінде екі ауысымдық оқуға көшу, алдағы жылдары дуальдық, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыруымыз керек. «Осыған сәйкес үкімет пен әкімдер бұл міндеттерді орындау үшін бюджет қаражатын қарастырғаны жөн», – деп ескертті Президент. Өздеріңізге белгілі, өңіріміздегі орта мектептер толықтай екі ауысымға көшті.
Еліміздегі жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу қажеттігіне Елбасы тапсырма берді.
Сонымен бірге, Үкіметке стипендиялар мөлшерінің 25 пайызға өсірілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл шара сапалы білімді меңгеруге талаптанған студенттерді әлеуметтік қолдау болып табылады.
Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік пакеттерін қайта қарастыру керектігі айтылды. Елбасы осы Жолдауында олардың айлықтарын көтерудің жаңа моделін жасауды ұсынды. Үкіметке тапсырма беріп, денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысын 28 пайызға, білім саласында 29 пайызға, еңбекті қорғау, әлеуметтік салада 40 пайызға көтеру сапалы өмір сүруге мүмкіндік береді.
Президент Жолдауындағы гуманизмнің және әлеуметтендірудің ерекше бір көрінісі — мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу. Елбасы олардың мақсат-мүдделерін, ойлап, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қамқорлық білдіріп, жұмысқа қабылдауды тапсырса, ал біз, білім беру мекемелері, инклюзивті білім мен тәрбие беруді жандандыруымыз керек.
Президент Жолдауында мәдениетті дамытуға да жаңаша серпін берді. Мәдени саясаттың ұзақ мерзімді концепциясын әзірлеуді тапсырды.
«Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды… Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды» деп мақтанышпен мәлімдеді Президент.
Тағы бір айта кетерлігі, Елбасы биылғы Жолдауында жастарға үлкен сенім білдірді. Білім беру мекемелері маман даярлаумен қатар, сегіз қырлы, бір сырлы, ерік-жігері мығым, елін, жерін қастерлейтін, алда тұрған асуларды қиналмай алуға қабілетті адам тәрбиелеуге міндетті. Осыған орай, Жолдауда көрсетілгендей, «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі әзірленеді.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын Атырау мемлекеттік университеті ұжымы, студенттер қауымы білім, ғылым және тәрбие салаларына жасалған үлкен қамқорлық ретінде қарсы алды. Қазір бізде Жолдаудың әрбір тарауы терең түсіндірілуде. Ендігі міндетіміз – Президент алға қойған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыру болып табылады.
Бейбіт МАМРАЕВ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің
ректоры, профессор.