Жалпы республикамыздың өнеркәсіп көлемінің 24%-ы Атырау облысына тиесілі – өңір әкімі
Биылғы І жартыжылдықта облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 315 млрд теңгеге өсіп, 6,7 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған өңір әкімі Серік Шәпкенов айтты.
«Макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 14% өсті. Тау-кен өндірісі 14%, өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында да көрсеткіштер артқан», — деді спикер.
2023 жылдың қаңтар-қазан айларында өңірдегі өнеркәсiп өнiмiнің көлемi өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,1%-ға өсіп, 9,1 трлн теңгені құрап отыр. Оның ішінде 8,4 трлн теңгесі тау-кен өндіру өнеркәсiбiне тиесілі. Ал өңдеу өнеркәсібінде 563,8 млрд теңгеге өнім өндірілді.
Биылғы 10 айда 43,9 млн тонна мұнай, 22,7 млрд текше метр ілеспе мұнай газы өндiрілді. Жалпы республикамыздың өнеркәсіп көлемінің 24%-ы Атырау облысына тиесілі.