Жарнама
Саясат

ЖАҢА НЫСАНДАР – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ!

Алдымен, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймақ басшылығымен жүздескен жұмысшы тобы бұл бағыттағы жұмыстарды саралады. Қазір мұнда келіп, өз ісін бастауға тілек білдіргендер бар. Кәсіпкерлерді арнайы экономикалық аймақтағы кедендік және салықтық жеңілдіктер, жұмыс күшін тартудағы оралымдылықтар, заңдық кепілдіктер қызықтырады. Оның үстіне, барлық қажетті инфрақұрылымды жергілікті атқарушы билік өзі жүргізіп бермек. Оған керекті қаржы облыстық бюджетте қарастырылған. Бизнес иелеріне келіп, қызметін жалғастыра беруге болады.
Атырауда тұрғызылып жатқан көрме залы – бұған дейін осы өңірде болмаған нысан. Ол пайдалануға берілгенде, сөз жоқ, баршаның қызыға келетін қолжетімді орнына айналмақ.
Бүгінде Атырау мұнай өңдеу зауытында да шетелдік инвестицияның қатысуымен ірі жоба қолға алынған. Хош иісті көмірсутегін алу, шикі мұнайды тереңдете өңдеу – байырғы өндіріс орнына жаңа тыныс беретін жобалар.
Біз осы жерде еліміздің Мұнай және газ министрінің орынбасары Мағзом Мырзағалиевті әңгімеге тартқан едік.
— Атырауда Индустрияландыру картасына енгізілген жобалар жүйелі жүріп жатыр, — деді ол. — Осы орайда біздің мақсатымыз – олармен іс басында танысып, жағдайды жан-жақты таразылау. Сонымен қатар, әрине, туындап отырған проблемаларын да шешуге көмектесу. Үкімет тарапынан нендей көмек керектігін анықтаймыз. Сондықтан, жұмысшы тобы құрамында Мұнай және газ, Индустрия және жаңа технологиялар мен Өңірлік даму министрліктерінің, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өкілдері бар.
Қазір Атырау мұнай өңдеу зауытындағы іс барысымен таныстық. Жұмыс белгіленген кестеге сәйкес жүріп жатыр. Биылғы қыркүйекте хош иісті көмірсутегі шикізатын алу жобасы орындалып, жаңа нысан пайдалануға беріледі. Ал, 2016 жылы шикі мұнайды тереңдете өңдеу жобасы мәреге жетеді. Бұл жобалардың бәрі ел экономикасына үлкен үлес қосады. Ең бастысы – жанармай мен дизель отынына деген сұраныс толық қанағаттандырылады. Біз оларды тыстан тасымалдау мәжбүрлігінен құтыламыз.
Сонымен қатар, осы өндіріс ошағы химия өнеркәсібі болады. Мұнда бензол мен параксилол даярланады. Биылғы жыл соңында осы өнімдерді де ала бастамақпыз.
Астаналық министрліктер өкілдері Солтүстік Каспий экологиялық әсер ету базасында, «Казтурборемонт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жөндеу және сервистік қызмет көрсету зауытында, «Атыраунефтемаш» кәсіпорнында және басқа да нысандарда болды.

Меңдібай ЕЛЕМЕСҰЛЫ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button