ЖАҢА НАРЫҚҚА АШЫЛҒАН ЖОЛ
Сол себептен, енді біздің кәсіпкерлерге жаңа экономикалық одақтың талаптарына бейімделіп, сыртқы нарықта бәсекеге төтеп беретіндей сапалы тауарлар өндіруге қадам жасау қажет болып отыр. Осы орайда, сыртқы сауда айналымын жолға қоюдың басты шарттары, соның ішінде, мәселен, біріншіден, Еуразиялық экономикалық одақ мүшелерінің бірдей құқықтары болуға тиіс. Яғни, одақ мүшелері үшін ортақ ереже және сол ереженің бұзылмауы басты қадағалауда болуы керек. Ресей және Беларусь елдері қазақстандық тауарларға шектеулер қоймаулары тиіс.
Бүгінгі күні интеграциялану, аймақтық бірігу кез келген мемлекет үшін үлкен маңызға ие. Сол себепті де, бұл одақтың қажеттілігін халық жақсы түсініп отыр.
Қандай да бір істің бастамасында, әрине, қиыншылықтар мен кедергілердің кездесері анық. Бірақ, ұтымды ойластырылған іс қашанда өз нәтижесін береді. Біздің одақтан ұтарымыз да сол, отандық кәсіпорындар үшін нарық кеңейеді, басқаша айтқанда, қазақстандық сапалы тауарлар үшін жаңа нарыққа жол ашылғалы отыр. Яғни, Ресей, Беларусь елдеріне өнімдерімізді еркін шығара аламыз. Демек, біздің өнімдер үшін сол елдерден сұраныс та көбейеді. Осы орайда, біз қазірдің өзінде өз тауарларымызды Ресей аумағына шығарып отырмыз. Ал, шарт күшіне енгеннен кейін, сол елдермен тәжірибе алмасуға қол жетіп және Қазақстанда жоқ қажетті құрал-жабдықтарды, шикізаттарды алу мүмкіндігіне оң қадам жасалғалы отырғаны даусыз. Өзім жұмыс жасайтын «Шевронмұнайгаз» компаниясына тиесілі Атырау полиэтилен құбырлар зауыты жоғары сапалы полиэтилен құбырлар шығару ісінде көшбасшылық етіп келеді. Қазақстанда осындай 70-ке жуық зауыт бар. Зауыт ұжымы Мемлекеттік техникалық басқару комитетімен және Құрылыс жөніндегі комитетпен бірлесіп полиэтилен құбыр өндіру стандартын және сынақ әдістерін дайындап, бекітті. Біз қазір 20-дан астам қазақстандық стандарттарды дайындаушы және бастамашы ұйым ретінде танылғанбыз.
Зауыттың өндірістік жетістіктерге қол жеткізуінде оның қызметкерлерінің еңбектері айтуға тұрарлық. Зауыт қызметкерлерінің барлығы – Қазақстан азаматтары. Компания үшін ең маңызды мәселе – өндірістегі еңбек қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау. Таяуда зауыт жұмыс уақытын үнемдеп, жарақатсыз 1 млн. адам/сағатқа қол жеткізді. Бұл іске қосылған сәттен бастап, зауыт бірде-бір апатсыз жұмыс істеп келе жатқанын білдіреді. Зауытта Қазақстан бойынша жалғыз салалық зертхана жұмыс жасайды. Ондағы қызметкерлер өндірілген өнім сапасын үздіксіз бақылап, әр сатып алушыға қажетті құжаттарды дайындап береді. Шығарылған құбырлар сапасының жоғарылығының арқасында Атырау зауыты өз өнімі бойынша тұтынушыдан ешбір наразылық алған емес. Өндірген өнімінің жоғары сапасы және бизнестегі үздік көрсеткіштері үшін «Еуропалық сапа» халықаралық сыйлығына ие болдық. Бұл – біздің осы саладағы тынымсыз әрі жемісті еңбегіміздің нәтижесі. Бұған қоса, 2013 жылы ашылған Атырау құбырлар арматурасы зауыты Қазақстан және ТМД елдері арасында ең сапалы құбыр арматурасын шығара бастады. Зауыт жұмыскерлері Даниядағы ең үздік мамандардың мектебінде оқытылып, тәжірибе алмасты. Осының бәрін біздің басты жетістіктеріміз деп санаймыз.
Біз бүгінгі жетістігімізді алда да жетілдіре түскіміз келеді. Сөйтіп, зауыт өнімдерінің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Ресей және Беларусь мемлекеттеріндегі сатылымын көбейту, өнімдердің сатылу деңгейін жақсарту, шығарылатын өнім түрлерін арттыру, сырттан әкелінетін тауарларды өз зауыттарымызда шығару қабілетін зерттеп, технологиялық мүмкіндіктерімізді барынша қолдану сияқты басты-басты жоспарларымызды пысықтап отырмыз. Бұларға қоса, жергілікті мамандарды оқытып, олардың біліктілігін арттыру және жақсы тәжірибе жинақтауға мүмкіндіктер туғызу, шетелдік технологияларды өз елімізге әкеліп, өндірісте кеңінен қолдануды іске асырсақ деген ойымыз бар.
Үш мемлекеттің президенттері өз елдерінің ортақ мүдделері үшін бір келісімге келді. Демек, еуразиялық ықпалдастықтан ұтылмасымыз анық. Оның үстіне Елбасы шағын және орта бизнестің дамуына кең жол ашып, зор мүмкіндіктер жасап отыр. Мұндай қолдау басқа мемлекеттерде кездесе бермейді. Сондықтан, бұл жаңа құрылым жанды істің тың бастауы болады және бизнес саласындағы тұрақтылыққа қол жеткізеді деп есептеймін. Ал, отандық өнімдеріміз Еуразиялық одақ аясындағы елдердің сауда сөрелерінен лайықты орнын иеленіп, тұтынушылар көңілінен шығуымен қатар, жоғары сұранысқа ие болары сөзсіз. Демек, еуразиялық интеграциялық ықпалдастықтан күтеріміз көп, тың құрылымның ел үшін берері де мол болмақ.
Меңдіғали САППАЕВ,
«Шевронмұнайгаз ИНК» компаниясының
Атырау аймағы бойынша
бас директоры.
Атырау қаласы.