Жарнама
СаясатҚоғам

Зайырлы мемлекеттің негізгі қағидалары

Ұлттық рухпен қанаттанып, ұлттық сезімді ту етіп, ұлттық идеяны бетке ұстап жаһантөрден орын алған келешегі кемел, болашағы жарқын Қазақ елі – Мәңгілік елдің жалғасы. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан – ширек ғасырда экономикалық ахуалының «жыртығын жамап, тыртығын түзеп», ендігі жерде достық, бірлік , ынтымақ ұрандарын басты ұстанымына айналдырған, даму сатысындағы, әлемнің 2 0 0 — ге жуық мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып отырған зайырлы мемлекет. «Зайырлылық» ұғымының ауқымы кең. Зайырлылық аясына гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін пайдалануы кіреді. Яғни, зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы көптүрлілікті мойындау. Қазір әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін қатынасының екі типі кең таралған. Біріншісі – мемлекет пен дін бөлек, екіншісі – мемлекетте белгілі бір дінге (дәлірек айтқанда, конфессияға немесе діни ұйымға) басымдылық немесе мемлекеттік мәртебе беріледі. Зайырлы мемлекеттің сипаттарын кеңінен тарқатсақ, зайырлы мемлекет азаматтармен қарым-қатынастарда олардың діни көзқарастарына емес, азаматтық-құқықтық жағдайына сүйенеді. Осылайша, азаматтық қағидатты бәрінен де жоғары қояды. Іс жүзінде барлық діндер мен азаматтардың құқықтық теңдігін жүзеге асыруға ұмтылады. Мемлекеттік және діни құқықтар бір-бірінен ажыратылады. Қоғамдыққұқықтық және азаматтық мәселелерді шешуде мемлекеттің үстемдігі жарияланады. Діни құқықтың әрекет ету аясы діни институтпен шектеледі. Діннің мемлекеттен бөлектігіне байланысты мемлекет дін істеріне араласпайды. Зайырлы мемлекеттегі барлық діндер тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне (заң бұзылмаса) араласпайды, сондайақ, діни бірлестіктер мемлекеттік міндеттерді атқармайды . Мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге конфессиялық ерекшеліктер негіз болмайды. Зайырлы мемлекеттің маңызды сипаттарының бірі – діни сенімдері мен көзқарастары әр түрлі азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруі. Яғни зайырлы мемлекет рухани саладағы көптүрлі қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. Бүгінде Қазақстан үшін дәстүрлі саналатын екі діннің бірі – ханафи бағытындағы сунниттік ислам діні. Бұл діннің қағидаттары мемлекеттің зайырлылық қағидаттарымен көптеген мәселелер бойынша үйлеседі. Оған ислам дінінің адам құқықтарына құрмет көрсету мен қорғау, діни сенім бостандығын бағалау, өзгелердің ұстанымдарына мәмілегерлікпен қарау үндеулерін мысал ретінде келтіруге болады. Біздің де яғни, Атырау облысы Дін істері басқармасының бірден бір қызметінің мақсаты деструктивті  діни ағым жолдарына  түскен тұлғалардың діни ұстанымын анықтау, оңалту және қоғамға бейімдеу. Мемлекеттің міндеті – дінді халық мүддесіне дұрыс пайдалана білу. Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлек болғанымен, халықтың болмысынан, тұрмыстіршілігімен біте қайнасып жатыр. Мемлекет пен діннің арасында зайырлы әрі рухани құндылықтарға сүйенген жанды байланыстар орнаған. Сонымен «Отанды сүю иманнан» дегендей рухани сауаттылықты жоғалтпасақ, қазақы қалыппен толерантты ұстанымдарды нықтап , зайырлылықтың ережелерін бұлжытпай, осынау ұлағатты ұғым, салауатты сананың қасиетін сақтап қаламыз.

Мұхтар ІЗҒАЛИЕВ, Атырау облысы Дін істері басқармасының бөлім басшысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button