ҒЫЛЫМҒА БАСТАР ЖОЛ

Елбасы Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруде басты бағыттардың бірі ғылымды өркендету, оның әлеуетін және қаржыландыруды 3 пайызға арттырудың қажеттігін атап айтты.
Ғылымды қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бойынша заңнамаларды әлі де болса жетілдіруге баса назар аударып, Парламент қарауына беруді ұсынды. Технопарк жұмысын жандандыру қажеттігіне де көңіл бөлді. Технопарк деген не? Ол жоғары оқу орындары, ғылыми институттар және өндіріс орындарының біріккен жұмысы деп түсінемін. Бұл ретте Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті 2010-2012 жылдарға арналған Дүниежүзілік Банктің қаржыландыруымен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Ауыл шаруашылығы өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» жобасының үйлестіру орталығының ұйымдастыруымен конкурстық гранттар жүйесі бойынша осы соңғы жылдары үш Халықаралық Грантты жеңіп алды. Олар: “Ұлттық шұбат және «Софмайя» сусынын дайындау технологиясын жасақтау”, “Сапалы балық шұжығын жаңа технологиямен дайындаудың микробиологиялық негізі, оны жасақтау”, «Мал сүрлемін дайындауда микроорганизмдердің жаңа штамдарын қолдану технологиясын жасақтау». Осы жобалар бойынша бірнеше мақалалар шығып, зияткерлік инновациялық патенттерге ие болдық.

Университет бенефициарлығымен білім тарату бойынша ет өніміне байланысты “Мақаш” өндірістік кооперативі, «Сапалы ет шұжығының жаңа түрлерін дайындайтын жүйені өндіріске енгізу және оны тарату» жобасы бойынша жұмыс жасаса, «Жасыл экономикаға» байланысты «Алаша-Атырау» ЖШС «Қызанақ, қияр және басқа көкөністерді тамшылатып суарудың жаңа технологиясын жасақтау» арқылы суды үнемдеу технологиясы бойынша жұмыс жүргізді. «Ракуша» өндірістік кооперативі директоры С.Қожамұрат «Балық және балық филесін тұрақтандырудың микробиологиялық жаңа технологиясын жасақтау» бойынша білім тарату семинарларын өткізді.
Міне, осы жоба жұмыстарының өзі технопаркті қажетсінеді. Технологияның өзі фундаментальды ғылым негізінде зерттеледі. Сөйтіп, неғұрлым заман талабына сай жаңа технология мен ғылымды ұштастыру нәтижесінде өндірісті дамытуға болады. Ол үшін жоғары оқу орындарын, ғалымдарды қатыстыру қажет. Бұл арада сол саладағы екі жақ та тығыз байланыста болуы керек. Сонымен бірге, ғылыми жоба әзірлемелері коммерцияландыруды қажет етеді. Жолдау қарсаңында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті “Түйе сүтінен жаңа сүт қышқылы сусынын дайындау тәсілі” бойынша зияткерлік инновациялық патентке ие болғанын атап кеткен жөн деп ойлаймын. Бұған дейін зияткерлік меншіктегі инновациялық патенттер жеке ғалымдарға тиесілі болған еді. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай.
Тағы бір айта кететін жайт, үлгерімі жақсы жастарды қолдаудың тиімді жүйесін жасау студенттерді ынталандыратыны сөзсіз. Магистранттарды белгілі бір тақырыптар бойынша ғылыми жобаларға қатыстыру, елдің дамуына қажетті ғылым үшін алдына мақсат қойып, нәтижеге жетуде өздерін қамшылау жас ұрпақтың негізгі міндеттерінің бірі екені анық.

София САҒЫНДЫҚОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университетінің
профессоры,
«Биотехнология ғылыми-зерттеу» орталығының директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз