Визасыз жүйе не үшін қажет?
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көршілес Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары жоспарланып отырғаны аян. Бұл кездесу іргелес жатқан қос мемлекет арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған көптеген мәселелерді қамтиды. Соның ішінде екі ел азаматтарының бір-бірімен визасыз қатынау жайын да талқыға салады. Бұл ретте мемлекет басшысының ұстанып отырған саясаты дұрыс деп есептеймін.
Мен алты жыл бойы Қытай мемлекетінің жоғарғы оқу орнында оқыдым. Сол алған білімім мен біліктілігіме сай үш жылдан бері осы елдің компаниясында қызмет атқарып келемін. Бүгінгі таңда криптовалюта майнинг саласында. қытайлықтармен бірге жұмыс жасаймын. Ірі инвесторлардың Қазақстандағы өкілімін. Одан бөлек осы Қытай елінен тауарлар тасымалдап, сауда-саттық саласымен де айналысып жүрмін. Сондықтан ол жақтағы өмір мен үшін жақсы таныс.
Әрине, осы жылдар ішінде мен Қытайдан көптеген достар таптым, әріптестерім де аз емес. Ол жақта өмір сүріп жатқан мен танитын қандастарымыз да жетіп артылады. Сондықтан көрші мемлекетпен арадағы сауда-саттықты ғана емес, ондағы адамдардың бір-бірімен емін-еркін араласуы үшін визасыз жүйе қажет деп есептеймін. Өйткені Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс жылдан жылға тереңдеп, дамып келеді. Оны мен секілді көрші мемлекетпен күнделікті қарым-қатынас орнатып жүрген қазақ жастары жақсы түсінеді.
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты тереңдету – еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына даңғыл жол ашады.
Берекет Амандықов,
«Canaan Inc» компаниясының өкілі