
Үкімет өкілдеріне біліктілік пен білім қажет
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент бірқатар өзекті мәселеге тоқталды. Кейбір проблема бойынша министрлер атқарған жұмысқа оң баға берсе, бірнешеуі сынға алынды. Жалпы Президент саясаты қабылданған тұжырымдамалардың аясында (Әділетті Қазақстан, Халық үніне құлақ асатын мемлекет) іске асып келе жатқанын және бұл бағыттан ауытқымайтынын айтты.
Экономика мәселелеріне басымдылық берілді, себебі елдің тұрақты және қарқынды дамуы барлық азаматтың өмір сапасына тікелей әсер ететіні белгілі. Соның ішінде үкіметке экономиканы әртараптандыру, көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру және іске асыру, ауыл шаруашылығы саласын әрі қарай дамыту, көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшу сияқты міндеттер жүктелді. Экономиканы және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, жасанды интеллекті пайдалану арқылы осы салалардың тиімділігін арттырып, сыбайлас-жемқорлық пен бюрократиялық кедергілерге тосқауыл қою жөнінде де айтты.
Мемлекеттің тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау, және құрылыс саласында жоспарлаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті цифрлық форматқа толық көшіру қажет екендігі айтылды. Жалпы Президенттің үкіметке қояр талабы жоғары. Енді бұл жүктелген міндеттердің орындалуы үкімет өкілдерінің еліне деген шынайы жанашырлығын, біліктілігі мен білімін қажет етеді.
Жанерке ҚАЙРАТҚЫЗЫ, саясаттанушы
Астана қаласынан арнайы «Атырау» газеті үшін