Тұрғындарға-тегін кеңес
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында әділет органдарымен бірлескен «Әділет кеңес береді» акциясы өтті. Бұл шара аясында мемлекеттік мекемелердің заңгерлері, адвокаттар, нотариустер тұрғындарға тегін кеңес берді. Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігін алимент өндіруге қатысты сұрақтар мазалайды. Соның бірі Атырау қаласының тұрғыны Ольга Пустовалованың бұрынғы жұбайы Германияда тұрады. Ажырасқаннан бері баласына алимент өндіре алмаған. Заңгерлердің айтуынша, ең алдымен, облыстық сот арқылы Жоғарғы сотқа шағымдануы тиіс. Одан әрі Венск конвенциясымен іс-құжаттарын Германияға жібереді. Бұл қызметтерді жүргізуге екі ай уақыт кетеді. Ал, Махамбет ауданы, Алмалы селосының тұрғыны Бақтылы Аманиязованың тұрғын үйінің жер телімінің біраз бөлігін көршісі заңсыз түрде қоршап алған. Ол сотқа шағымданғанымен, мәселені өз пайдасына шеше алмай дал. Ендігі іс-әрекеті туралы кеңес берген мамандар аудандық әкімдік жанындағы комиссияға жер теліміне қатысты құжаттарды қайта тексертуге мүмкіндігі барын айтты. Сондай-ақ, банктердің бірінен несиеге көлік алып, төлемақысын бірнеше ай өтемеген Ардақ Қамбарованың да сауалы назардан тыс қалмады. Оған банк тарапынан көлікті кері қайтару жөнінде талап түскен. Ал, азаматша істі екіжақты тиімді үйлестірудің заңдылығын сұрайды. Облыстық қорғаушылар алқасының адвокаты Жанар Молдашева бұл мәселені ұтымды шешу үшін құзырлы органға жазбаша түрде арыздану қажеттігін жеткізді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.