Саясат
Тәуелсіздік жылдарында Атырау мұнай өңдеу зауыты дамудың жаңа жолына түсті
Жергілікті мұнай өңдеу зауытындағы ауқымды өзгерістер туралы Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты іс-шара барысында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтты, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Елбасы мұнай өңдеу зауыттарын, оның ішінде АМӨЗ-ді қайта құру, шикізатты терең өңдеуге, салаға жаңа заманауи технологияларды тартуға бағытталған міндет қойды. Бұл мұнай өнімдеріне деген ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге және Еуро 4, Еуро 5 еуропалық экологиялық стандарттарына сәйкес келетін отын өндіруге мүмкіндік берді, — деді Махамбет Досмұхамбетов.
Елбасы саясатын дәйекті жүзеге асыру Қазақстан экономикасын шетелдік капитал үшін ең тартымды экономикаға айналдырды.
- Атырау облысындағы ірі өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобалар Елбасының бастамасымен және тікелей қатысуымен жүзеге асырылды. Нәтижесінде, тәуелсіздік жылдары жалпы өңірлік өнім көлемі 13 мың есе өсіп, 7,7 трлн теңгені құрады. Облысқа 31 трлн теңге инвестиция тартылды. 687 млн тоннадан астам мұнай және 308 млрд текше метр ілеспе газ өндірілді, — деді өңір басшысы.