Жарнама
Саясат

Тәуелсіздік туындысы

Еліміз, соның ішінде ұлтымыз үшін татулық ұғымы бәрінен құнды. Қазақстан тағдыр талайымен жер ауып келген жүздеген ұлтқа құшақ ашып, пана болды. Өзіне жетпесе де өзгеге бір үзім нанын бөліп берді. Осы даналығының арқасында талай ұлттың ұрпағын аман сақтап қалды. Сол ұлттарды бір шаңырақ астына біріктірген Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына да 30 жылға жуықтады. Ширек ғасыр толған институтты бүкіл әлем елдері мойындады. Оның дәлелі – біздің елдің тәжірибесіне сүйеніп, Ассамблея секілді құрылым құрған мемлекеттер бар.

Тәубе, өзгелердің іргесі сөгіліп жатқанда, жалпыұлттық келісімнің арқасында еліміз талай соқпақтардан сүрінбей өтіп келеді. Сондықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясын тәуелсіздіктің бірегей туындысы деп білеміз.

Ел бірлігі – ел теңдігі

Ассамблеяның жұмысы көзге көрінбейді, қолға білінбейді. Оның қиындығы да осында. Ассамблея өмірге келген алғашқы жылдары оның болашағына күмән келтіріп, сынап қараушылар көп болған. Жылдар өте келе  өзінің өміршеңдігін дәлелдеген құрылым белді институтқа айналып, елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауда үлкен роль атқарды. Оған ешкімнің таласы жоқ.

1995 жылы 1 наурызда құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарған жұмыстардың нәтижесінде тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, елдің абыройы артып, асқақ армандарға қол соза білдік. Халқымыз «Ел бірлігі – ел теңдігі» деп бекер айтпаса керек. Соңғы жылдары бірлігі жоқ кейбір елдерде орын алған дүрбелеңдер мен этносаралық қақтығыстар, жалпы геосаяси ахуал ауызбірліктің басты байлық екенін көрсетеді. Мұны о бастан-ақ халқымыз «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі мықты ел озады» деп бір ауыз сөзге сыйғызған. Қазақ халқы қашанда өткеннен өнеге ала отырып, болашаққа бағдар жасаған. Біздегі бейбітшілік формуласының сыры да осында болса керек.

«Иверия», «Довира»…

ҚХА құрылуына куә болғандардың бірі – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Халит Джамалетдинов.

– 1995 жылы наурызда Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясының тұңғыш сессиясы өтті. Ол кезде Атырау облысының әкімі Равиль Шырдабаев болатын. Мен Ассамблеяның құрылуына куә болып, татар-башқұрт мәдени орталығының басшылығына кірдім. Ұйымдастыру комитетінің алғашқы отырысында бұл жаңа, ерекше, әрі өте қажет қозғалыс екенін түсіндім. Көптеген бастамалар қарастырылып, түрлі сипаттағы мәселелер көтерілді. Тарихи, мәдениет, дәстүрлер, мерекелер туралы көп айтылды. Татар мен башқұрт ұлттарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдар жинақталып, ауқымды шаралар ұйымдастырылды, — деді ол.

«Ассамблеяның миссиясы ХХІ ғасырда кеңейе түседі» деген сол кездегі мемлекет басшысының сөзі бар. Осы ретте, тәуелсіздік жылдарында Ассамблея құрылымының жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен жөн. Бірегей институттың қолтаңбасын елдің заң шығару, рухани, мәдени өмірінен, әлеуметтік саласынан да көруге болады. Мысалы, бір ғана Атыраудағы «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Зураб Бобохидзенің бастамасымен бүгінде жас балалар грузин биімен үлкен сахналарда өнер көрсетіп, елдің атын танытып жүр. Олардың арасында қазақтың да, орыстың да балалары бар. Бұл бірлестікпен біз ғана емес, бүгінде бүкіл ел мақтанады.

«Довира» ұлттық-мәдени украин орталығының «Память» деп аталатын ерекше акциясы да жыл сайын жалғасын тауып келеді. Акцияның мақсаты – Ұлы Отан соғысы кезінде Украина жерінде қаза болған қазақстандықтарды анықтау болатын. Мұндай жүздеген мысалдарды келтіре беруге болады. Бастысы, Қазақстан халқы Ассамблеясы тәуелсіздікті ту етіп, елдегі бірлік пен берекені нығайту жолындағы игі істерде үлгі болуда.

Алғашқы қадам

Кез-келген елдің тұрақты дамып, жаһандық бәсекелестік алаңында жоғары деңгейден көрінуі – мемлекет ішіндегі береке-бірлікке, қоғамдық тұтастыққа, халықтың ынтымағына байланысты екені сөзсіз. Осы тұрғыдан қарасақ, ҚХА шын мәнінде еліміздің өшпес құндылығы – тәуелсіздігіміздің тірегі.

Ел бірлігін еселеп, тәуелсіздігін тұғырлы етуге Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің де қосқан үлесі зор. Олар қоғамның белсенді мүшесі ретінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениет пен өнердің, ұлттық салт-дәстүрдің өркен жаюына атсалысып келеді. Әсіресе, алғашқы жылдары Ассамблеяны аяққа тұрғызып, оның дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегі зор. Олар ешбір қиындыққа қарамай, түрлі ұлт өкілдерін жинап, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің басын қосты. Олардың өз ортасын қалыптастыруына, мәдениетін дамытып, сақтауына айтарлықтай атсалысты. Солардың бірі – Ассамблеяның Атырау өңіріндегі жұмысына бірнеше жыл жетекшілік еткен Жаннат Асабаева. Ассамблея ардагері тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елден өзге ұлт өкілдерінің көптеп кетуі себепті, бейбітшілік пен келісімді сақтап, қазақстандық қоғамды шоғырландыру қажеттілігі туындағанын, сол себепті ҚХА құрылғанын айтады.

«Дос жүрегін шекара бөле алмайды!»

– Алғашында облыста Ассамблеяның атқарушы хатшылығы бөлім мәртебесін иеленіп, құрамына үш қызметкер енді. Оның басшысы облыс әкімінің кеңесшісі Мәжит Сәрсекенов пен кеңесшісі Алевтина Воронцова ұлттық-мәдени орталықтардың жұмысын үйлестірушісі болды. Одан соң хатшылықты өңірге белгілі азаматтар Қатимолла Ризуанов, Софья Сейітқалиевалар басқарды. Мен бұл жұмысқа 2000 жылы келдім. Осы кезең менің ең елеулі жылдарым болып, Ассамблеяның қалыптасу тарихына қоян-қолтық араластым. Осы уақыт аралығында Атыраудың этномәдени бірлестіктері өңірдегі халық бірлігін, татулығын сақтауды өз қызметтерінің маңызды тетігіне айналдыра білді. Сонымен қатар, бірлестіктер мемлекеттер арасындағы достық көпіріне айналды. 2009 жылдан бастап  «Дос жүрегін шекара бөле алмайды!» атты халықаралық фестиваль де мемлекетаралық  байланыстарды орнатуға оң ықпал ете отырып, өңірдегі міндетті іс-шаралар күнтізбесінде  орнықты. Ал бүгінде этномәдени бірлестіктердің қызметі әлдеқайда кеңірек. Олар тек өз міндеттерімен шектелмейді, ізгілікті істердің ұйытқысы бола біліп, ҚХА кафедраларын, қоғамдық келісім Кеңестерін, басқа да құрылымдарды неғұрлым белсенді түрде жұмысқа тартуда, — деді Жаннат Уахитқызы.

Мәлике Қуанышева

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button