ТАТУЛЫҚТЫҢ ТАПТЫРМАС ҮЛГІСІ

«Ассамблея осы жылдар ішінде байсалды жолдан өтіп, байыпты тәжірибе жинақтады. Ол еліміздегі этносаралық қарым-қатынасты дамытудың іргелі институтына, татулық пен сыйластықтың берекелі бекетіне айналды».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

Ассамблея – еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы. Құрылғанына жиырма жыл толып отырған бұл қоғамдық институт мемлекет өміріндегі өзекті мәселелер талқыланып, келелі шешімдер қабылданатын үлкен сұхбат алаңына айналды. Қоғамдық тұрақтылық, келісім мәселелері әлемдік күн тәртібіне көтеріліп отырған шақта бұл құрылымның мазмұнын одан әрі арттыру маңызды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжановпен арадағы әңгіме де осы мәселелерге, үстіміздегі атаулы жылдың маңызы мен мәніне арналды. 

 Бейбітшілік пен келісімнің жылы

– Атаулы датаны жариялау кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «бұл той тойлайтын емес, ой ойлайтын жыл» деген еді. Осы орайда, биылғы жылдың Ассамблеяға арналу себебіне, маңызына тоқталсаңыз…

 – Ассамблея жылы қатардағы көп мерейтойлардың бірі емес. Неге дейсіз ғой? Себебі, бейбітшілік пен келісімді, тұрақтылық пен татулықты сақтай отырып, елді дамытудың бірегей тетігіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы – елдігіміздің өшпес құндылығы болған бірлігіміздің басты тұтқасы. Рас, түрлі мәртебесі бар қоғамдық институттардың мерейтойларын мемлекеттік деңгейде атап өту дәстүрі елімізде жоқ. Бірақ, бірлік пен бейбітшілік, келісім болмаған жерде елімізді өркендету жолындағы үлкен қажыр-қайратпен жасалып жатқан еңбектің бәрі де бекер. Яғни, бұл – Ассамблея институты дегеннен бұрын, ел бірлігінің, бейбітшілік пен келісімнің, Назарбаев моделінің жылы.

Осы арада өткенге шегініс жасаудың да реті келіп отырған секілді. 1995 жыл – тәуелсіздігін күллі әлемге паш етіп, өзін егемен ел ретінде жариялағанына бірнеше жыл ғана болған Қазақстанның күйреген империядан мұраға қалған құлдыраған экономиканы түзету жолындағы арпалыспен қатар, шекарасын шегендеп, мемлекеттілігін нығайтып, алдағы даму жолын айқындау мақсатында әлемдік үрдістердің беталысын байыптап, ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын бірегей мемлекет жолын салуға кіріскен кезі болатын. Сол жылы көктемнің алғашқы күнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Араға бірнеше апта салып, өзінің тікелей бастамасымен шақырылған Ассамблеяның бірінші сессиясында тарихи баяндамасын жасады. «Мен елімнің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қалаймын» деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздері сол кездегі ең өзекті, ең маңызды мәселе ретінде әрбір қазақстандықтың жүрегінің төрінен орын алған еді. Міне, сол уақыттан бері арада 20 жыл өтсе де Елбасының бұл сөздері өзектілігін жойған жоқ. 

Ашық сұхбат алаңы

– Жиырма жыл аз уақыт емес. Жиырма жыл ішінде тәуелсіздіктің тұтас бір буыны өсіп, жетілді. Еліміздің жиырма жылдық тарихы өткен күннің еншісінде қалды. Өз-өзімізге есеп беріп, ойланатын да, алға жоспар құратын да кез жетті. Сіздіңше, осы бір уақыт ішінде Ассамблея негізгі мақсатына жете алды ма? Жалпы, бұл институт біздің елдігімізге не берді?

– Ассамблеяның тарихы – соңғы жиырма жылдағы Қазақстанның тарихы. Тиісінше, дербес институт ретінде Ассамблеяның жүрген жолы, оның жеткен жетістіктері мен шыққан биіктері еліміздің даму даңғылындағы айтулы оқиғалармен тығыз астасып жатыр. Өткен жиырма жылда Қазақстан қоғамының ішкі ықпалдасуының, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтудың біртұтас мемлекеттік және қоғамдық жүйесі толығымен қалыптасты. Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттің этностық саясатын қоғамдық келісім саясаты деңгейіне көтерген бүкілхалықтық институтқа айналды. Этносаралық қатынастарды реттеудің толық заңнамалық базасы құрылды. Ассамблеяға конституциялық орган мәртебесі беріліп, ол Парламент Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығын иеленді. Мұның барлығы егемен еліміздің дамуы жолында, оның қоғамдық өміріндегі әр маңызды қадамында Ассамблеяның тығыз байланыста жүргенін көрсетеді.

Бастысы, Ассамблея институты азаматтық қоғамның ең дамыған салаларының біріне және қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттің өзара әрекеттестігіне қажетті негізгі сұхбаттастық алаңына айналды. Қазақстанда 820 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ассамблея мен этномәдени бірлестіктердің активі 67 мыңнан астам адамды қамтиды. Елбасының тапсырмасы бойынша аймақтық әкімдіктердің жанынан ақылдастық-кеңестік орган ретінде құрылған Қоғамдық келісім кеңестері Ассамблеяның жалпыхалықтық институт мәртебесін айшықтай түседі.

– Ақпарат айдынында жүріп жатқан мылтықсыз майдан көп жағдайда шынайы дәлелі жоқ дерексіз мәліметтердің қоғам тарапынан белгілі бір деңгейде айтыс, тіпті кейде тартыстың тууына себеп болып жатады. Осы тұрғыда, яғни бұқараға тиісті жол сілтеудегі Ассам-блеяның алатын орны қаншалықты деп ойлайсыз?

– Медальдің екі жағы болатыны секілді, ақпараттық тасқын заманының да өзіндік тұстары бар. Біз жақсылыққа сене білуіміз және сол игіліктен үміттене білуіміз керек. Сол себепті де, біздің қоғамдық институтта ел бірлігі саясатын насихаттау тұрғысынан жүйелі ақпараттық жұмыс жолға қойылды. Ассамблея қабырғасында еліміздегі маңызды оқиғалар мен іс-шараларға байланысты 40-тан астам медиажоспар жасалып, жүзеге асырылды. Ассамблеяның ақпараттық әлеуеті де өте маңызды. Әлемнің 47 мемлекетіне таралатын «Достық – Дружба» журналы, төрт телеарнада тұрақты түрде шығатын бес телебағдарлама мен сегіз радиолық бағдарлама, тоғыз республикалық басылымдағы 22 тұрақты айдар, Қазақстандағы түрлі этностардың тілінде жарық көретін 37 мерзімді баспасөз – осының барлығы қоғамдық келісім мен бейбітшілікті насихаттаудың қуатты құралы деп ойлаймын. Жалпы, Ассамблея қызметін халыққа таратуға 100-ден астам республикалық басылым мен электронды ақпарат құралы жұмылдырылған. Дизайны жақсартылып, техникалық мүмкіндіктері барынша жаңғыртылған веб-портал да өз жұмысын бастады. Ассамблея жанынан құрылған этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі журналистер мен сарапшылар клубы да ортақ іске өз үлесін қосуда. Бұл тұрғыда ақпарат айдынындағы Ассамблеяның алатын өз орны мен салмағы бар деуге толық негіз бар.

Қазақстандық модель – әлемге үлгі

– «Қоғамдық келісімнің қарапайым формуласы» немесе «Қазақстандық модель» деп жатамыз ғой. Бұл тіркестердің ресми жиындарда сан рет қайталау үшін ғана қолданылатын әдемі сөздер емес екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Сонау «Араб көктемінен» кейін дегбірі қашқан әлем бір тыныштанбай-ақ қойды. Осындайда, қазақстандық келісім формуласын әлемге үлгі ету жаһандық деңгейдегі қажетті нәрсе сияқты көрінеді…

– Айтуыңыз орынды. Жалпы, Ассамблея тарапынан қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін шет мемлекеттерге насихаттау жұмыстарының халықаралық ынтымақтастық саласында жалғасын тауып жатқандығын атап өткім келеді. Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында, Біріккен Ұлттар Ұйымында жасалған бейбітшіліктің Қазақстандық моделінің арнайы таныстырылымдары халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Қоғамдық келісімнің Қазақстандық моделін зерттеу үшін Ассамблеяға әлемнің 15 мемлекетінен, атап айтқанда, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Франция, Испания, Италия, Қытай, Малайзия, АҚШ, Ресей, Түркия, Украина және Армения елдерінен шетелдік сарапшылар мен ғалымдар, дипломаттар, журналистер, сондай-ақ үкіметтік емес ұйым өкілдері 60-тан астам өтініш білдірді. Бұл шетелдік әріптестеріміздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алысты көздеген салмақты да, салиқалы саясатын мойындап қана қоймай, Қазақстан басшысы өз қолымен құрған Бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін толеранттылықтың ең таңдаулы үлгісі ретінде зерттеп, зерделеуге және оны өз елдерінде қолданысқа енгізуге ынталы екендерін көрсетеді. Ассамблея ел бірлігінің жарқын жетістіктерін әлемге паш етудің тағы бір тамаша алаңы ретінде ЕХРО-2017 көрмесін пайдалануды көздейді. Ол үшін ЕХРО көрмесін өткізу шараларының аясында Қазақстандағы этномәдени бірлестіктердің жетістіктерін көрсетудің арнайы тұжырымдамасы да дайындалды.

– Мемлекет – тілімен мәңгілік. Ендеше, сұхбатымызды мемлекеттік тілді меңгеру мәселесіне байланысты ресми орган өкілі ретіндегі ойыңызбен қорытындыласақ…

– Мемлекеттік тілді меңгеру Қазақстанның әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы керек. Сонымен қатар, қазақ тiлiн білу бәсекеге түсе алатындықты және қоғамдық өмiрде белсендiлікті анықтайтын басты шарт болуы қажет. Бұл мемлекеттік тілдің Қазақстан халқының рухани ұлттық ынтымағының маңызды басымдығы, басты факторына айналуына жол ашады.

 Әңгімелескен

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

ТҮЙІН СӨЗ

Тәуелсіз Қазақ елі тарихи жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына аяқ басты. Бұл институт – еліміздегі тұрақтылық пен келісімге сына қағып, сызат түсіруге және адамдардың тілі мен дініне, ұлты мен әлеуметтік санатына қарай кемсітуге жол бермейді. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бейбітшілік пен келісімнің іргетасы. Бұл – барлық азаматтардың қалауы ескерілетін жалпыхалықтық сипаттағы инновациялық модель. Ол дербес қоғамдық институт ретінде өзінің міндеті мен мақсатын мүлтіксіз атқарып отыр.

(Арнайы «Атырау» газеті үшін).

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз