ТАТУЛЫҚТЫҢ ҮЛГІСІН БІЗДЕН КӨРСІН!..

Төңкеріс пен алапат аштықты, одан қалса жаппай қуғын–сүргін мен Ұлы Отан соғысы жылдарында талай тағдыр теперіші мен әділетсіз саясатты бастан өткерген Қазақстан,  аңсаған азаттықтың алғашқы жылдарында-ақ, толғағы жеткен мәселелермен бетпе-бет қалды. Мемлекетіміздің сындарлы саясатының арқасында халық­ара­лық нормаларға сәйкес Қазақстан шекарасын айқындау, оны көр­ші­лер тарапынан мойындату және нығайту бағытында орасан зор мін­деттер жүзеге асырылды. 

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басты мақсаты – қоғамдағы барлық этностардың толықтай құқығы мен бостандығын сақтай отырып, жергілікті, байырғы ұлтқа негізделген  жоғары әлеуетті қоғам құру болды.  Осылайша өмірге Қазақстан Халқы Ассамблеясы дүниеге келді. Бұл тәжірибенің бүгінде өз тиімділігін көрсетіп отырғанына куәміз. Сөйтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы – еліміздегі этносаралық қатынастар саласын реттеп отыратын жүйені қалыптастырды. Ал, ағымдағы жылдың қоғамдық институтқа арналуы – Ассамблеяға берілген нақты баға. Мемлекетті қалыптастыру­да­ғы барлық әрекеттерді зердеге сал­ғанда, Елбасы ауызбіршілікке арқа сүйеп, ынтымаққа иек артуды бірінші кезекке қойды.  Елдi ынтымаққа шақырып, мемлекетiмiздегi жарасымды тiрлiктi паш еткен осынау оқиға – «Бір ел, бір мемлекет, бір тағдыр» екенімізді тағы бір дәлелдеп отыр. 

Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекетіміздегі тұрақтылық пен халықтар арасындағы  ынтымақтастықты сақтаудағы ролі ерекше. Біздің дініміз басқа болғанымен, мақсатымыз, намысымыз – бір, Отанымыз – кең байтақ Қазақстан. Мемлекетіміздің тәуелсіздігін құрметтеп, тұғырымыздың беріктігіне тәу етуіміз қажет. Еліміз тыныштығымен, темірдей беріктігімен өзге елдерге үлгі-өнеге бола білді. Жеріміз кең, гүлдену бар, білек сыбанып еңбек етуіміз қажет. Тұңғыш Президентіміз айтқандай, «саусақ бірікпей, ине қолға ілікпейді».

Қоғамдық бірлікті ту етіп ұстау арқылы біз алдымызға болашағы күшті, өркендеп, дамыған ел болу туралы ұлы мақсаттар қоя аламыз. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанға ұйғырлар мен дүнгендер, Столыпин реформасы кезінде орыс переселендері, отызыншы жылдары кәрістер, ал Ұлы Отан соғысы жылдарында Солтүстік Кавказ халықтары, Ресей немістері мен қалмақтар қоныс тепті. Оларды қазақ халқы жатсынбай қарсы алды. Қазақ жерінде ортақ тарихи тағдыры тоқайласқан барлық этнос азаматтарын   ауызбіршілік біріктірді. Бүгінгі күні Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан, тату ел. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», жасампаздыққа жұмыла білген еліміз дамудың даңғыл жолында келеді.

Светлана ХАН,

«Тхоньил» кәріс этномәдени бірлестігі

ардагерлер алқасының төрайымы. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз